ЗОБАЛАҢ ЖЫЛДАРДЫҢ ЗАРДАБЫ
Бала кезімізде марқұм Ибагүл анам өз әулетінің басынан өткен өмір қиындықтарын жиі айтып отыратын. «Е, Алла, осы жақсы күнді көрсеткеніңе мың қайтара шүкір!» деп көп қайталап, ауыр күрсінетін. Жанарына жас алушы еді. Біраз демін алғаннан кейін «Балаларым, біз не көрмедік дейсің?» деп ашаршылық жылдардағы басынан өткенін, көзі көргенін жайлап тілге тиек ететін.
– Сонау бір кезеңде ауыл арасын қарабатбақ деген жайлап кетті. Оны біреулер жабайы адамдар деп айтып жүрді. Сол қарабатбақты біз де көрдік. Шұбаған жолдың бойында кездесіп қалса, қолдағы барыңа жабысып, наныңды тартып жейді. Талғажау етермін деген дүиеңді тартып алады. Сөйтсек, олар өзіміздің аш-жалаңаш жүрген адамдар екен ғой. Жан бағып, аман қалу үшін осындай қадамдарға барады. Ол жайында ел ішінен естідік.
1922 жылы аштық басталғанда, мен он сегіз жасар қыз едім. Әкем дәулетті болды. Кеңес үкіметі құрылған тұста бай-манаптың қатарында жатқызылды. Барлық малын үкімет кәмпескеледі. Мен ол кезде Ташкендегі кіші мұғалімдік курсты бітіргенмін. Әжептеуір сауатым бар. Елді сауаттандырып ликбезде сабақ беріп жүрдім. Әкем Қожахметтен он бес ұл-қыз болдық. Алдымдағы екі апайым Рыскүл мен Жұмакүл де Ташкентте оқыды. Дәулетінен айырылған әкем қырдан Сырға қарай ауа көшті. Түркістанда біраз жыл тұрақтады. Ұмытпасам, 1928 жылы көктемде елді шегіртке жайлады. Мал жайылымы мен егінге зор шығын әкелді. Ол аз дегендей мал мен адамдар арасында белгісіз ауру түрлері көбейді. Соның әсерінен мал қырылып, адамдар бұрын-соңды болмаған аурудан өле бастады. «Жұт жеті ағайынды» демекші, сол жылы қыс та қатты болды. Біздің үй қолдағы тал-қажау етіп отырған малдан түгел айырылды, – деді Ибагүл анам.
Ашаршылықта анамның әкесінің ата-анасы, ержеткен үйелмелі-сүйелмелі он бір ұл-қызы осы белгісіз аурулардан қайтыс болды. Қайғыдан зар жұтқан әкесі басын көтере алмады. Қолында бір ұл, үш қыз ғана қалды. Ағайындары дем беруге тырысты. Дегенмен көңілі баяғыдай болмай бірден шау тартып кетті. Өзі де көп ұзамай сол сары уайым, ала қайғыдан көз жұмды.
– Өздерінің ауыр тірлігінің түзелмесін білген әкемнің ет жақын немере інілері Есмахан мен Досмахан ақылдаса келе, ағадан қалған жалғыз бала Қасымбекті, бізді жандарына алып, осы Ақмешітке қарай бет бұрады. Есмахан аға өте зерек, алғыр адам болатын. Кейіннен ол кісі Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылында ауылнай болып тұрғанда, 1937 жылы «халық жауы» атанып, атылып кетті – деп анам әңгімесін жалғап.
– Осы жолда келе жатқанда аштықтан ісіп-кеуіп өлген қаншама адамның денесін көзбен көрдім. Ағаларым қаншама өлі денені ағаларым жобалап жерлеген болды. Біздің де тұрмыс жағдайымыз болмай, тұрақтап тұрар, тірлік ететін жер таба алмай келе жатқанымызды зар заманның зобалаңын көрген бейбақтар қайдан түсінсін? Қарабатбақтар жол бойы кездесе қалса, бірден көш-керуенге ойбайлап жабыса кетеді. Біраз жерге дейін жабысқан күйі сүйретіліп қалмайды. Сонда білдім, аш адамның құлағы естімей, меңіреу болып қалатынын. Сенің айтқаныңды естіп тұр ма, жоқ па, білмейсің. Олардың ыммен сұрайтыны су мен бір үзім нан. Аштықтан көзі қарауытқан жандарға қол ұшын созатын дәрмен бізде де жоқ.
Біз анамаыщдың әңгімесін ұйып тыңдап отырмыз. Айтуынша, әкесінің туған інісі Серікбай бар малды үкімет тартып алғанда, оған шыдамай жоғары жаққа қарай бет алады. Қолындағы малдарын алдына салып айдап әктеді. Сол кеткеннен ол оралмады. Бала-шағасы бар еді. 1922 жылы ел асқан ағамызбен дидарласудың содан кейін ешбір сәті түскен жоқ. Сол кісіні бір көрсем, арманым болмас еді. Оның бала-шағасы қайда жүр екен, кім білсін? – деп анам байғұс көзінің жасын бір сығып алатын.
«УҺ» деп алып сонау 1936-1938 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған Рыскүл мен Жұмакүл апалары жайлы сағыныш сырын ағытатын. «Екеуі де өте алғыр, зерек еді. Олар елден оқуға 1931 жылы Ташкентке кетті. Қандай оқу екенін білмеймін, әйтеуір жұмысшы жастарды қабылдайтын жоғарғы оқу орны еді. Сол кеткеннен оларда орадған жоқ. Бірде Сырдың сол кездегі жалынды жастары Аспандияр Жанкин мен Н. Өткелбаев Ташкенге жиынға барғанда «Сенің Жұмакүл апаңды көрдім. Арқа жақта тұрады екен. Сондағы үкімет белсенділерімен бірге осы жиынға келіпті. Негізі қызметі Тоқаш Бокинмен бірге секілді. Сол кісілердің жанында жүрді. Рыскүл апаңды білмедім» деп еді. Содан еш басқа еш хабар жоқ» деп өткен күндерге салауат айтып, келер күннен бауырларын күтіп жүретін.
Ия. Дүрбелең заманның зобалаңы анамның жүрегінде осылай шемен шер болып қалғаны белгілі. Нәубетті жылдарды басынан өткеріп, қуғын-сүргіннің куәсі болған қайран анам, бауырларын сағынумен, оларды бір көрсем деген аңсаумен мына фәниден де өтіп кеткеніне біраз жылдың бедері болды.
Біз ондай зұлматтың ащы дәмін татқан жоқпыз. Десе де сол зар заманның ауыртпалығын арқалап, өмірдің қилы-қилы қиындығын көрген жандардың әңгімесіне құлақ түрдік. Запыранды жылдардың жүрегімізге өксігін алып келетіні де сондықтан.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ