Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

Замандас


Адамда екі бесік бар: бірі жердің үстінде, бірі жердің астында. Осы екі дүниенің арасында ғаламат ғалам бар. Қысқа ғұмыр дейміз, бірақ адам осы өлшеулі өмірде өлшеусіз өнеге қалдыруға толық үлгереді.
2008 жыл. Жаз айы. Газеттен шығып, екі айдай бос жатқанмын. Сау етіп Алматыдан ұстазым Сапарбай Парманқұл келе қалды. Тау тұлғалы ағаның жүрегі кең ғой, менің жұмыссыз жағдайыма кәдімгідей көңілі құлазыды. Тізе бүкпестен сол күні-ақ облыстық мәслихаттың хатшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасы Нұрлан Құдайбергеновке бардық. Ол: «партия филиалында бір орын бос тұр, қалай қа-райсың?» деп маған қарады. Басымды изеп мен тұрмын. Нұрекең сол жерден телефонмен Өлмесхан Мәтенұлымен хабарласып, мән-жайды жеткізді.
Қызықтың көкесі ертеңіне басталды. Филиал төрағасы қоғамдық негізде, ал, оның бірінші орынбасары штаттық қызметкер. Сондықтан партия жұмысын ұдайы жүргізетін бірінші орынбасары. Сол бойынша оның алдында отырмын. Жұмысқа қабылдаудың соңғы нүктесі соның қолында.
– Аш блокнотыңды, тапсырманы жаз, – деді өктемдеу.
Тізіп жатырмын, тізім таусылар емес. Бас-аяғы қырық болды.
– Енді осыған кіріс, – деді сосын.
– Мұның қайсысы өзекті, неден бастап, неден аяқтауым керек.
– Мұның бәрі актуалды!
Байқап отырмын, қырық тапсырмаға мен түгілі, бір тәуліктің де шамасы жетпейді. Мен ләм-мим демей кабинеттен шығып кеттім. Ішімнен ойланып келемін. «Бұл жер қызмет орны емес, немістің тұтқыны секілді. Шаш ал десе, бас алатындай мекеме ғой» деймін. Шындығы сол, шығармашылық адамына ауыр тиетін тұсқа тірелгендей болдым.
Жоқ, жұмыстың сапалы жүруі жүрегін жібітті ме, ертесіне-ақ Өмекең жылы жүзбен қарсы алды. Осылай біз бір-бірімізді түсіністікпен қызметті бастадық.
Оның бір жақсы қасиеті тың идеяны құптай кетеді. Тіпті құбылтып, құлпыртып жібереді. Бірде «Сырға толы Сырдария» шарасын ұйымдастыратын болдық. Аты айтып тұрғандай, өңірдің өмірі өзенмен өзектес, сумен сабақтас. Соны сипаттаудың жаңаша формасы таңдалды. Кешкілік, күн қас қарая өзен жағасында орындық қойылып, оған аймақтың айтулы азаматтары шақырылды. Ортаға от жағылып, терең толғаныспен сыр ақтарылды. Елді дамыту туралы, араағайындық қатынас жайлы, достық тұрғысында толымды ой, тағылымды тәмсілдер нәр болып төгілді.
«Үш ұрпақтың ұясы» деген шараның да шынайылығы ел ішіндегі ерекшелікке сай өрбіген еді. Аға ұрпақ ақылын айтты. Орта буын оған ойланды. Кіші буын үлкендер үмітін аманат етіп қабылдады. Міне, Өмекеңнің өміршең істері осындай еді.
Филиалдың мәжіліс залы бос тұрмайды. Күніне кейде үш, кейде бір шара атқарылып жатады. Бұл Орталық партия аппаратын таңдандыратын, тақырып пен талғамның үйлесімдігіне ыстық ықылас танытатын. Соның ықпалы болар, облыстық филиалдар арасында үздік үштікті еншілеп, үнемі мақтаулы ұжым аталдық.
Бір жағынан Өмекеңнің кадр таңдаудағы шеберлігі де шығар, сол жылдары филиалға кәсіби мамандар жинақталды. Әр жылдары қызмет еткен ақылман апай Алмагүл Божанова, заңгер Аманкелді Алдоңғаров, Абзал Мұхимов, Мақсұт Баекеев, Шәріп Әбдірахманов, Тілеуберген Шаутай, Күміскүл Әбдірахманова, Гаухар Дәулетбаева, Гүлзина Скакова, Сәбит Алшынбеков, Мақсат Еспембетов секілді азаматтар партияның нағыз жанашырлары болды. Мұнан бөлек әрбір аудан және ірі құрылымдардағы аумақтық филиалдарда білікті басшылар іріктелді.
Рас, «Нұр Отан» партиясы жаңғыру идеясы мен құндылықтардың жаршысы болды. Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ауқымды стратегиялық міндеттер жүктеді. Соны «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» әрекет еттік. Бұл тапсырмаларды табысты жүзеге асырдық, партияның қызметін жаңа сапаға көтере білдік. Әрине, оны Өлмесхан Болатбеков бастап жүрді.
Адам өле-өлгенше бес нәрсеге талпынып кетеді: ойлау, оқу, қиялдау, іздену және жасау. Осы бесеудің бәрі Өмекеңде бар. Елдің қамын ойлайтын ер болғысы келді, оған жетті. Жоғары білім алды, журналист болды. Қиялдың қанатына отырып, қалам тербегенді сүйді. «Ел-жұрт һәм Елбасы», «Жусанды даланың жұпар иісі», «Елбасы партиясы – елдігіміз, кемелдігіміз» секілді кітаптары жарыққа шықты. Ал, ізденісі – өмір жолымен өзектес. «Коммунизм жолы» газетінде директор-редактор, атқару, кеңес, комсомол, мәдениет саласында жауапты қызмет атқарды. Облыстық ішкі саясат бөлімінде басшы, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары лауазымында болды, халықтың ортасында жүрді. Елдің сөзін сөйледі, мем¬лекеттің мүддесін ойлады. Әрине, жарты ауыз сөзбен сылап-сипай салсақ оңай шығар. Бірақ бір күндік өмірдің бір жылдық әрекеті бар.
Халық даналығында «Ақын – ұлттың жүрегі, шешен – көптің тірегі, батыр – елдің білегі» деген қастерлі сөз бар. Осы сөздің тереңдігін партияда сезіндік. Оны Өмекең үйретті. Шабыттанып ақын келеді, шығармашылығына сәттілік тілеп, арқасынан қағады. Аузы дуалы шешен келеді, құр қол қайтармайды. Илья Ильин секілді батыр келеді. Басынан биік көтеріп, бағын аспандатады. Міне, мықтылық. Әрине, өткен күн қайтып оралмайды. Бүгінгі күн ертең жоқ. Ол – анық. Ал, ортаға оралатыны — Өмекеңнің сол өнегесі.
Саяси ұйым ретінде халықты алаңдатқан мәселелерді дер кезінде анықтап, жедел әрекет етіп, кейін оны партиялық деңгейде шешудің жолдарын Өмекең Сыбайлас жем¬қорлықпен күрес жөніндегі облыстық кеңес төрағасы кезінде сан мәрте дәлелдеді. Сол кезде саннан сапаға көшу саясаты мықты қолға алынды. Ол үнемі: «Елдің жай-күйін, оларды не ойландырып, толғандыратынын жетік білуге, өз міндетімізді қашанда талапқа сай орындап отыруға тиіспіз. Қай жерде болсын жұмыста жаңашылдық, қандай істе де жанашырлық керек» дейтін.
Бастауыш партия ұйымы – партияның іргетасы, ядросы болып саналады. Кез келген партия өз жұмысында алдымен жергілікті жерлердегі, түрлі ұжымдардағы бастауыш ұйымдарға сенім артады. Өйткені, бастауыш ұйым әрдайым халықтың бел ортасында жүретіндіктен, көпшіліктің мұң-мұқтажын жете біліп, жанынан табылып, дер кезінде ақыл-кеңесін айтып, қол ұшын бере алады. Соған сай қоғамдық қабылдау жүргізуді жаңаша жолға қойғанның бірі Өмекең болатын. Жолда қабылдау, еңбек ұжымдарына барып, жұмысшымен бетпе-бет жүздесу көп мәселенің тиегін ағытып, соған өзі ұйытқы болды.
Қазір ойлап қарасам, ол қызмет еткен 2006-2015 жылдар аралығында Бақытжан Жұмағұлов, Әділбек Жақсыбеков, Нұрлан Нығматулин, Дархан Кәлетаев, Бақытжан Сағынтаев, Бауыржан Байбек секілді алты партия басшылығымен қоян-қолтық қызметтес болыпты. Олардың берген биік бағасы қашанда мәртебелі. Соның айғағы – «Құрмет» орденін төсіне тақты, партия құрметін көрсетті.
Бақыт құсы бар болса: қойшының таяғына, ақынның қаламына, ғалымның басына, жұмысшының алақанына, сауда¬гердің бар¬мағына, шебердің саусағына қонуы анық. Оның бақыт құсы тегінде бар қасиет еді.
Елбасының «Ұлылардың мұрасы да, мұраты да, атақ-даңқы да, мерейтойы да кейінге үлгі. Ал үлгіге қарап, ұрпақ өседі» деп айтқанындай, Өлмесхан Мәтенұлы алпыс жасқа толды. Біз оның үлгісін ой сүзгісінен өткіздік. Төрт көзі түгел топқа төрелігі бір төбе, қайраткер белесінде де қоғам өміріне белсене атсалып жүр. Әлі де сол ширақ, тың, белсенді, бекзат болмысынан бір мысқал ауытқыған жоқ. Иә, ол сондай ел ағасы.
Қазақта жақсы сөз бар: «Бәйтерек бұтағымен, адам ұрпағымен мың жасайды» деген. Жеңгеміз Мәншүк Серікқалиқызы екеуі үш перзент өсіріп, немере сүйіп отыр. Олар ұрпағының жарқын болашағына тілеулес ата-әже.
Заман айнасы – замандас ғой, дүниеде дидар ғайыпқа не жетсін! Қасымызда қанша қағылез жан жүр, оларды барында бағаламаған соң бәрі бекер. Жақсының қадіріне жетпей тұрамыз. Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылған жайсаң нағыз азаматтар қашанда аман болсын. Парыз бен қарыздың өтеуі өмірлік ұстанымы болған ақыл-парасаттың иесі ел жадында жүреді. Өлмесхан Мәтенұлы туралы толғанғанда осындай ойлар орала берді.

Қаныбек ӘБДУОВ
13 маусым 2020 ж. 712 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 431 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам