АУДАНДЫҚ ПАРТИЯ ФИЛИАЛЫ АКТИВ ЖИЫНЫ ӨТТІ
«Нұр Отан» партиясы Сырдария аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық партия филиалы актив жиыны өтті.
Жиынға облыстық, аудандық мәслихат депуттары, атқарушы билік өкілдері, ардагерлер, бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты. Актив жиынын жетекші партияның аудандық филиал төрағасы, аудан әкімі Ғ.Қазантаев ашып, жүргізіп отырды. "Нұр Отан" партиясының қоғамдағы рөліне кеңінен тоқталған Ғанибек Қонысбекұлы бүгінде партияның пәрмені артқанын атап өтті. Сонымен бірге, алда тұрған мақсат-міндеттерге шолу жасап, атқарылған жұмыстар ауқымды екенін жеткізді. Мұнан кейін «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаев сөз алып, 2007 жылдан бері аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарған М.Омаровтың басқа қызметке ауысуына байланысты облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Қ.Көшербаевтың «Құрмет грамотасын» табыс етті. Сондай-ақ, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне партияның орталық аппаратының келісімімен Еркебұлан Төлепбергенұлы Жақыптың кандидатурасы сай келгенін айтты. Актив жиыны барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов жаңа қызметке кіріскен Е.Жақыпқа қызметте жеміс тіледі. Жиынды жетекші партияның аудандық филиал төрағасы, аудан әкімі Ғ.Қазантаев қорытындылады.