СЕНІМ АРТЫЛҒАН ЖАҢА ДЕПУТАТТАР
Өңірлік коммуникациялар қызметінде «2018 жылғы 25 наурыздағы облыс аумағындағы мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына өткізілгенсайлаудың қорытындысы жайлы» баспасөз мәслихаты өтті. Онда облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Қожамжар Наурызбаев хабарлама жасады.
Комиссия мүшесінің айтуынша, сайлау облыстың Арал, Сырдария, Шиелі аудандарында және Қызылорда қаласында өткізілген. Саяси шараға тізімге енген сайлаушылардың 76,2 пайызы белсенділік танытты. Онда төрт сайлау округі бойынша барлығы 12 үміткер дауысқа түскен. Сайлау қорытындысы бойынша №11 «Мақатаев» сайлау округінен Талғат Қанатов, №8 «Шіркейліден» Сейіткамал Сұлтанов, №2 «Жөлек» сайлау округі бойынша Мұханбетжан Салқынбаев және №5 «әл-Фараби» сайлау округінен Мұса Әбдуқалықов депутат болып сайланды. – Мәслихат депутаттарын сайлауда облыс бойынша 51 байқаушы қатысты. Олардың ішінде саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден, ақпарат құралдарынан және депутаттыққа кандидаттардың сенім білдірген өкілдері бар. Дауыс беру кезінде және оны санау кезінде ешқандай арыз-шағым түскен жоқ, – дейді сайлау комиссиясының мүшесі.
«Ақмешіт-ақпарат».