Ата тілі ма, ана тілі ма?
Осыдан біршама жыл бұрын жол жүру қамымен теміржол бекетіне барғаным есімде. Содан касса алдында кезек күтіп тұрғанмын. Кенет екі әйел арасында талас шықты. Бірі – қазақ, екіншісі – түрік ұлтының өкілі. Өзіміздің апамыз дес берер емес. Сонда әлгі апай: «Сен орысша былдырламай, әуелі өзіңнің ана тіліңде сөйлеуді үйрен. Содан соң өзгеге ақыл айтарсың. Ұлтқа тұтқа болатын ұл-қыз тәрбиелейтін ақжаулықты аналар өз тілінен безінсе басқаға не жорық» дегені әлі күнге көңілімнен кетер емес.
Тіл туралы сөз қозғалса осы жағдай ойыма оралады. Тіл терең тақырып. Ол қылыштай өткір, қылдай нәзік. Оған ұлт болып ұйысып, жұмыла қызмет жасауымыз қажет. Тіл – тәуелсіздік тірегі. Адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы. Қазақ тілінің қолданыс ауқымы әлде де кемшін түсіп жатқаны жасырын емес. Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын бекітіп, қанатын қатайтты. Тілдің беделін көтеру, арын арлап, жоғын жоқтау, олқысын толтыру өз қолымызда.
Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жойылуына да себеп болатын ең қуаттысы тіл. Тіл тазалығы дегеніміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау,» деп меңзеген болатын. «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» деген Елбасы сөзін есте ұстанған абзал. Қазақ тілі – сөздік қоры өте бай, орамды, көркем тіл. Халық ғасырлар бойы жасаған асыл мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа ана тілі арқылы табыстады. Сондықтан ана тілін білмей, ұлттық мәдениетті жете меңгеру әсте мүмкін емес.
Қазіргі жаңартылған бағдарлама талабына орай үш тілділікті меңгеру заман талабы екені айтылуда. Жеті елдің тілін біл, жеті түрлі ілім біл. Жерде қалмайсың, жаман болмайсың. Кезінде Шыңғыс хан қол астындағы нөкерлеріне «Ешкімді менің тілімде сөйлеуге мәжбүрлемеймін. Өйткені ол әркімнің өз еншсінде. Мысалы көктегі ұшқан қаншама құс бөлек-бөлек сайрайды. Ол жаратушының құдіреті» деген сөзі бар. Қандай парасатты пайым. Біздің мемлекетімізде де барша ұлт пен ұлыс өкілі өз тілдерінде сөйлеуге еркіндік берілген. Бұл да біздің елдің демократиялығының дәлелі.
Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының көрінісі. Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдіретті. Қазақ тілі қазақ халқының ана тілі. Төл тілінде сөйлеуден безу – ана сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей.
Тілі – сау, жүрегі – аман қазақ қайда?! Тілі таязданған елдің ертеңі бұлыңғыр емес пе? Сондықтан, елдігіміздің мәні, тәуелсіздігіміздің мұраты саналатын тілімізді тұғырынан тайдырмау керек. Бұл жерде бізге ұлтжандылық керек. Бұл жерде ғана емес-ау, кез келген қоғамдық орында ол дүкенде ма, базарда да, шаштаразда да қайда барсақ сол жердің бәрінде өз тілімізді талап ететін нағыз азаматтық көзқарас қалыптастыру керекпіз.
Тілсіз ұлттық тәрбие берілуі мүмкін емес. Тіл бар жерде ғана тәрбие де, дәстүр де болмақ. Қорқыттың қобызына, Дәулет-керейдің домбырасына үн қосқан тілімнің тілім-тілімі шықпауы керек. Қазіргі таңда, әдебиет те, мәдениет те, баспасөз, радио, теледидарымыз да қазақша сайрап тұр. Бұл тіл мәртебесінің асқақтағаны. Тіл саясатының нәтижесі.
Ана тілі әрбір азаматқа ананың сүтімен, атаның қанымен берілетін қасиет. Сәбиде өз тілінде іңгәләп жылайды. Міне, нағыз құдірет деп осыны айт. Ана сүтімен бойға сіңген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталады. Айналада адамдарға, өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарас туған тіліңді танудан басталады. Тіл – халықтың рухани, мәдени құралы. Баға жетпес асыл мұрамыз. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды.
Адамзат қолындағы барлық асыл зат тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат құндылық. Мағжан Жұмабаев “Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады” дегені бар. Әркімнің өз ана тілін құрметтеуі ана сүтін өтеуі ғана емес, қоғам алдындағы азаматтық парызын ақтау, сол арқылы елдің елдігін сақтау болып саналады.
Мені көптен толғандырып жүрген бір сауал ана тілі ма, ата тілі ма? Біз тіл турасындағы толғамдарда ана тілі деуден әріге аспаймыз. Атаның жолы да, жөні де жоғары. Анығында «Ата дәстүр», «Ата салт», «Атадан мұра», «Ата заң» деген тіркесті сөздер тарихтан тін тарқатады. Мұны уақыт еншісіне қалдырып, ұрпақ межесіне қалдырдық. Біздікі ой салу. Жазылған ойдан жаңаша серпін алып, ой қорыту оқырманның өз еншісінде.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ