МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ЖАЙЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ
Мемлекеттік тілді дамыту, оны насихаттау мақсатында Жалағаш ауданында «Тіл – ұлттың төлқұжаты» атты облыстық семинар-кеңес өтті.
Семинар-кеңеске аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы С.Аңсат, аудандардың тіл жанашырлары қатысты. Семинар-кеңеске аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов модераторлық жасап, аудандағы мемлекеттік тіл саясатының кезең-кезеңімен жүзеге асырылуына тоқталып өтті. Семинар-кеңесте Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы С.Аңсат сөз алса, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Жалағаш аудандық филиалының төрайымы Д.Мейірман «Ұлтымыздың болашағы қазақ тілінде» тақырыбында хабарлама жасады. Ал Жалағаш аудандық кітапхана редакторы Ұ.Нұрымбетова өз хабарламасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі маңызды роліне тоқталса, аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері К.Иманғалиева «Ана тілі – ұлт тірегі» тақырыбында баяндама жасады. Семинар барысында кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Көштаев, №123 Т.Жүргенов атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі С.Қосжанова, №31 мектеп гимназиясының 8 сынып оқушысы Ж.Хамиева пікір айтып, тіл барлық кезеңде ұлттық идеяның басты діңгегі және мемлекеттік идеологияның негізгі іргетасы екендігін айта келе, тіліміздің қолданылу аясын кеңейту баршамызға ортақ іс екендігін тілге тиек етті. Семинар-кеңесте мемлекеттік тілдің тұғырлы болуына, қолданыс аясының кеңеюіне, мемлекеттік тіл мәртебесінің мерейі үшін өз үлесін қосып жүрген бірқатар тіл жанашырлары Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Қызылорда облыстық филиалы төрағасының Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.