On-line жүйеде кеңес берілді
«Умай» Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйі үкіметтік емес ұйымының ұйымдастыруымен 2020 жылғы 4 маусымда салық төлеу мәселелері жөнінде оn-line режимде консультация ұйымдастырылды. «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ үкіметтік емес ұйымдарына арналған мемлекеттік гранттары арқылы «Қызылорда облысында «бір терезе» қағидаты бойынша үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетуге арналған азаматтық орталықтарды ұйымдастыру мен дамыту» жобасы аясында өткізілген консультацияға аймағымыздың 15 үкіметтік емес ұйымдары өкілдері қатысты. Консультацияны Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Шортанбаева Гүлжамал Сейітбайқызы жүргізді.
Консультация барысында қоғамдық ұйымдар өкілдері шетелдік грант орындаушы үкіметтік емес ұйым әлеуметтік салықтан өзге қосымша қандай салық төлеу керек? Қоғамдық ұйымдарға салық төлеуде жеңілдіктер қарастырылған ба? Тағы өзге де өзекті сұрақтарына жауап алды.
Қазақстан Республикасының аумағында меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығында салық салу объектiсi бар заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер мүлік салығын төлеушілер болып табылады. Салық салудың объектісі болып халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі қаражат, жылжымайтын мүлікке инвестициялар құрамында есепке алынатын, техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген сыныптамаға сәйкес осындайларға жататын ғимараттар, құрылыстар, осындай ғимараттардың бөліктері табылады. Мүлік салығын коммерциялық емес ұйымдар салықтық базаға 0,1 пайыз мөлшерлеме бойынша есептейді. Бухгалтерлiк есептiң деректерi бойынша айқындалатын салық салу объектілерінiң жылдық орташа баланстық құны дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың салық салу объектiлерi бойынша салықтық база болып табылатындығын қоғамдық ұйым өкілдеріне сала маманы жеткізді.
Сонымен қатар, жоба аясында 8 800 080 8809 бірыңғай Call-орталық арқылы да кеңес берілуде.
Азаматтық орталық «Умай» Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйі базасында (Ақмешіт м/а, 36) орналасқан.