"Той жоқ": Карантинге дейін той басқарған асаба қазіргі кезде автобус жүргізіп жүр
Алматы қаласында карантинге дейін той басқарған асаба Жанат Жүнісов қазіргі кезде қоғамдық көлік жүргізеді. Ол отбасын асырау үшін осындай қадамға барғанын жасырмады деп хабарлайды Азаттық Радиосы.
"Карантин кезінде осы жұмысқа ауысып кеттім. Қазір індетке байланысты мейрамханалардың барлығы уақытша жұмыс істемей тұр", - деп сөзін бастады Жанат Жүнісов.
Асабаның қоғамдық көлік рөліне отырғанына үш айға жуық уақыт болған.
Ол карантин енгізілгеннен бастап той өткізуге тыйым салынған соң, босқа жата алмағанын айтады. Сөзінше, жалақысы жаман емес.
"Қазіргі таңда мен асаба екенмін, қазір той жоқ" деп шалқаңнан түсіп жатсаң, сені кім бағады? Кім асырайды? Сол үшін қандай жұмыс болса да істеу керек", - дейді Жанат Жүнісов.
Алматылық азамат тойда бірге жұмыс істеген музыкант баланы да осы жұмысқа шақырғанын айтады. Алайда ол жігіт әріптесінің бұл ұсынысына келіспеген.
"Аға, үйде бос жатыр едім, бізге лайық жұмыс бар ма" деген соң, кел, қасымда істе кондуктор бол дедім. "Ой, кондуктор болу қиын ғой" дейді. Сосын оңай жұмыстың ақшасы да жеңіл болатынын айттым", - дейді асаба.
Басылым таратқан ақпаратқа сенсек, Жанат Жүнісов 20 жыл той басқарған өнерпаз. Ол ән шырқап, өлең жазады. Сонымен қатар сазгерлігі де бар.
Жан-жақты алматылық азамат той маусымы тоқтап тұрған уақытта өзге әріптестерінің қол қусырып отырғанын құптамайтынын ашық айтты.
Асаба әрі автобус жүргізуші коронавирусқа байланысты карантин режимі "бізге той-думан қуып жүре бермеу керегін үйретті" деген пікірде.
"Бірінші жағын алып қарасақ, халыққа қиындау болды. Халықтың өмір сүруіне, жағдайына кедергі болды. Екіншіден, екінші көзқараспен қарағанда бізге үлкен тәрбие болды ма деп ойлаймын. Бір жағынан халықты еңбекқорлыққа үйретті деп ойлаймын", - дейді Жанат Жүнісов.
Ол тойханалардың жұмысын тоқтатып, олардың бәрін зауыттарға, цехтарға, қайта өңдеуші шаруашылықтарға айналдыру елдің ертеңі үшін дұрыс шешім болып табылатынын жеткізді.