"Орамалды қыздар темекі шегіп тұрады": Түркияда оқып жатқан қазақ қызы шетелден алған әсерімен бөлісті
Түркия еліне оқуға кеткен қазақ қызы ол жақтағы түрік бауырлардың қазақтар туралы ойын айтты. Қаны бір түркі елі өз туғанымыз болғанымен екі ел арасындағы айырмашылық та жер мен көктей дейді. Stan.kz тілшісі Лаура Болатовамен байланысып, түрік елі қазақ қызын қалай қабылдағаны туралы сұрап білді.
Түркияда оқу арманым болған соң, қиындықтарға мойымадым
Мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінің үшінші курс студентімін. Қазіргі таңда академиялық ұтқырлықпен Түркияның Анкара университетінде білім алудамын. Осы елде оқуға мүмкіндігім бар екенін естігенде қуанышымда шек болмады. Дереу дайындықты бастап кеттік. Оның үстіне түрік тілін меңгеріп жатқандықтан, Түркияға келу біраздан бергі арманым еді.
Ең алдымен шетелге шығу үшін қажетті барлық құжаттар мен анықтамаларды жинадым. Олардың бәрін сәтті тапсырғаннан кейін ұшаққа билет алып, керекті заттарымды жиыстырып жолға дайындық жасадым. Әрине, айтып отырғанымдай барлығы тез әрі оңай болмады, бірақ шетелге барып оқу менің ең басты армандарымның бірі болған соң қиындыққа еш мойымадым.
Бұл күнге жете алмағандар бар
Менің оқу уақытым карантинге тура келгенмен, мұнда оқып жатқаныма еш өкініш жоқ. Себебі бір жарым ай уақыт болсын Анкара университетінде білім алдым, өте керемет профессорлармен таныстым, тіпті жаңа достарым да пайда болды. Дегенмен де, сонша жерден атарылтып келген соң, онлайн оқитынымызды білгенде көңіл-күйім түскені рас. Алланың қалауы болар, бір қайырлысы бар шығар деп өзімді сабырға шақырдым. Аз да болсын оқып көргенім үшін өте қуаныштымын, себебі бұл күндерге жете алмағандар да бар.
Студенттер балл үшін емес, өздері үшін оқиды
Түрік елінің білім беру методикасы менің көңілімнен шықты. 100 баллдың 30%-ы аралық емтихан қалған 70%-ын соңғы емтихан баллы құрайды, сол себепті студенттердің дәрістерге қатысып-қатыспауы қадағаланбайды, үй тапсырмалары берілмейді, демек студенттер балл үшін емес өздері үшін оқуға талпынады. Тағы бір ұнаған тұсы - әр оқытушының өзінің жеке кабинетінің болуы. Карантинге байланысты бұл жақтағы студенттер де өз қалаларына қайтты. Кей студенттер қашықтан дәрістерге уақытылы қатысып және онлайн түрінде сынақтарға қатысуға мүмкіндіктері шектеулі болғандығы үшін, университет оқытушылары емтихан орынына белгілі бір мерзім аралығында тапсырылуы керек тапсырмалар беріп отырды. Мен де емтихан тапсырмаларын жіберіп, бұл оқу жылымды ойдағыдай аяқтадым.
Сүтті шәй дегенді білмейді екен
Түркия - өзіне келген әрбір адамның жандүниесін өзіндік атмосферасымен жаулап алатын ел. Сондай-ақ біздің қазақ елі сияқты өте қонақжай халық. Түрік халқы таңғы асқа өте қатты мән береді екен. Жалпы Қазақстанда таңғы ас мен үшін апамның сары майы мен наны, сосын сүтті шәйі болатын. Бұл жақтың таңғы асы өте ерекше және ас түрі көп. Ең қызығы, олар сүтті шәй дегенді білмейді екен, кейбір түрік қыздары қызығушылық танытып жасап беруімді сұрап жатты. Алайда қазақтың қою сүті болмаған соң, нағыз қазақтың шәйіндей болмады.
Орамалды қыздар темекі шегіп тұрады
Жаман мен жақсы бірге жүреді ғой, ең қатты таңғалдырғаны және ұнамаған жағы орамалды (хиджаб) қыз-келіншектердің шылым шегіп тұратындығы. Бұл елде үйреншікті жағдай болып қалыптасып кеткен. Бірақ біздің елге жат қылық болған соң, ең алғаш көрген сәттегі күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Тіпті, ерсі көрінді. Дегенмен, түркі халқы өзінің қонақжайлылығымен көбірек есте қалды. Өте мейірімді, көмек беру үшін қол ұшын созуға дайын тұратын, бауырмал халық.
Аптаның соңғы екі күні үйден шығуға болмайды
Түркияда пандемияға баланысты аптаның соңғы екі күні үйден шығуға шектеу қойған болатын. Қала арасындағы жолдары, ойын- сауық орталықтары, сауда орындары, кафелер толығымен жабылды. Бұл жақта карантин шектеулері толығымен сақталды. Қазіргі таңда вирус жұқтырғандар саны азайуына байланысты барлық шектеулер алынып, Анкара көшелері қайтадан адамдарға тола бастады.
Өзімізді адам етін жейтін каннибал сезіндік
Көшеге шыққанда немесе басқа қалаларға қыдырып барған кезде түріктер бізді азиаттық деп аларып қарап, қашатын. Тіпті, бір ыңғайсыз жағдайда орын алды. Сабақ болып жатқанда бес қазақ қыз бірге отырдық, қалғандары - түрік. Ағайымыз бізден түрік тіліндегі сөздердің орысшасын, қазақшасын сұрап сабақ жүргізіп жатқан. Бір уақытта сөзден сөз шығып, жылқы туралы әңгіме қозғалып кетті. Мына қазақтар жылқы етін жейді деп бізді көрсеткенде, барлық студент жаман көзбен қарады. Біз өзімізді адам жейтін каннибал сезініп қалдық. Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Осындай ыңғайсыз жағдайлар болды.
Түрік қызымен жаға жыртысып қала жаздадым
Дәл вирустың өршіп жатқан кезінде көпшілігі бізді қытай деп ойлап, қашып, ренжіткен кездері болды. Мысалы, метрода жанымызда отырған ағай, түрімізге қарап, басқа бір алысырақ орынға ауысып кететін. Тіпті, осы үшін бір қызбен жаға жыртысып қала жаздадық. Аулада демалып отырсақ "вирус жапондардан келген, осылардан жұғады" деп бізді нұсқап жатқанын көріп, шыдамай сөзге келіп қалдым. Қасымыздағы қыздар басу айтып, алып кетпегенде арты жаман болар ма еді?! Дүкенге шықсақ та сондай шеттетулерді бастан кештік. Осындай қысымдар маған қатты ауыр тиді.
Вирустан бұрын, адамдардан өзімізді сақтауды ойладық
Қытай халқымен шатастырып, қашқақтап жатқанда қазақ екенімізді айтсақ, "бауырым, біз бірміз" деп өздерінің жанына тартып, бірден өзгеріп шығатын. Бізден қашқақтап, шеттете берген соң жылаған да кездер болды. Жағдай ушыққан сайын бізге ауыр тиді. Адамдардың біз туралы көзқарасы жанымызға бататын. Тамақтанатын орында отырсақта "қытай, өз елдеріңе кетіңдер" деген сияқты сөйлеп кететін. Сол үшін карантин кезінде жалғыз өзіміз болсын, қыздармен болсын далаға шықпадық. Тек дүкенге ғана шығып, керек затымызды ғана алып отырдық. Жалпы вирустан бұрын, адамдардан өзімізді сақтау үшін қорғанып жүрдік. Бірақ қазір барлығы басылды.
Қазақ қызы болған соң өзге елдің жігіттеріне қарамадық
Көшеде түрік жігіттеріне көзіңіз түсіп кетсе болды, айналшықтап, жаныңыздан кетпей қояды. Артыңнан қалмай, сөзге тартып мазалайды. Түркияда қыздарға қарағанда ерлер көп. Сондықтан олар мүмкіндіктерін жіберіп алмауға тырысады. Түрік жігіттері біздің де көңілімізді тауып, сөйлескісі келіп, артымыздан жүгірді. Бірақ біз қазақтың қыздары болған соң, өзге елдің жігіттеріне қарамадық. Біз тіпті түрік жігіттерімен дос ретінде болсын сөйлеспедік, жанымызға жолатпадық. Бірдеңе сұрағансып, әңгімені жалғастырып алып кеткісі келді. Ал біз бірден әңгімені тоқтатып кетіп қалуға тырысамыз. Осы уақыт аралығында тек түрік қыздарымен ғана достық қарым-қатынас орнаттық.
Дайындаған: Жанна МӘЛІК
Дереккөз: Stan.kz