Қамыстың пайдасын немістер біледі
Сыр өңірінің өнімдері қай кезде де әлемдік аренада зор сұранысқа ие. Бір ғана балығының өзі талай елдің таңдайын қақтырса күріші күллі әлемге аян. Одан бөлек бақша дақылдары да экспортталуда. Енді міне Сырдың сары қамысы да шетелге шығарылуда.
Қамыс қызылордалықтар үшін жай ғана мал азығы мен тұрғын үй құрылысына қажетті тауар ретінде танылады. Оның басқаша игілігін біздің елде біле бермейді. Осы өнімді өзге ел аттай қалап алдыратындай оның қандай орасан пайдасы бар? Оны болашақта біле жатамыз.
Бұл өнім биыл алғаш рет Германияға экспортқа шығарылып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметінше, Германияда қамыс үйлердің шатырына арналған тоқыма себетін жасауға пайдаланылатын көрінеді. Осы өнімнің күні бүгінге дейін 122,1 тоннасы Германия жеріне жеткізілген. Астық тұқымдасына жататын шөптесін өсімдік жер шарында кеңінен таралған. Тек Арктика мен Антарктидада кездеспейді екен.
Қазақстанда жерасты суы жақын жатқан шалғынды, құмды, сортаң жерлерде өсетін 2 түрі бар. Ең жиі кездесетіні – кәдімгі қамыс немесе құрақ. Қамыстан себет тоқылады, құрылыста қолданылады. Одан химиялық өңдеу жолымен шайыр, метил спирті, сірке қышқылы, қағаз алынады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда, аймағымызда жыл басынан бері 13,9 млн долларды құрайтын 38,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталған. Ол былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 116,7% артып отыр.
Шетелден балық, күріш, бидай қалдығы, қамыс өнімдеріне сұраныс жасалған. Облысымызда өндірілетін өнімдер Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Әзербайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Украина, Түрікменстан, Өзбекстан, Грузия, Қытай, Польша, Германия, Литва және Ирак мемлекеттеріне жөнелтілуде.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ