АУЛАНҒАН БАЛЫҚТЫҢ 50 ПАЙЫЗЫ ЭКСПОРТТАЛУДА
Балықтар ауланып, өңделіп, экспортқа шығарылып жатыр. Мұнан басқа, Сыр салысы, сиыр еті, бақша өнімдері де сұранысқа сай. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Жаханов мәлімдеді.
Биыл экспортқа 100 тонна сиыр және 25 тонна қой еті шығарылмақ. Көкөніс, бақша өнімдерін экспорттау бағытында 2000 тоннасы шетелге шығарылды. Сондай-ақ, Ресейде сұранысы жоғары қауын сорттары мен гибридтері егіліп, экспортталды.
Облыстың экспорттық әлеуетін арттыру бағытында 2017-2020 жылдар аралығында 30 млрд. теңге көлеміндегі 99 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Айта кету керек, біздің өңірде ет комбинаты жоқ. Бұған дейін Қазалы ауданынан ашу жоспарланған. Алайда, ирандықтармен кездесуден соң, ет комбинатын Қызылорда қаласында ашуға шешім шығарылды.
Жалпы, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде биыл аграрлық секторға 9,3 млрд. теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда 2,3% артты.
Осы жылы барлығы 181,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Негізгі дақыл – күріш көлемі 90,9 мың га. Ал, 97544 гектар дәнді дақылдар ораққа түсіп, одан 514,9 мың тонна астық өнімі алынды. Негізгі дақыл күріштен 502,5 мың тонна күріш салысы жиналды. Сондай-ақ, күріштің әр гектарынан 55,3 центнерден өнім алынды. Өткен жылмен салыстырғанда күріштің жалпы өнімінің көлемі 62,8 мың тоннаға артты.