Сколиоздың себебі не?
Қазіргі таңда жеткіншектердің көпшілігінде омыртқа жотасының қисаю (сколиоз) белгісі бар екендігі жиі айтылып жүр. Бұл тұрғыда дәрігерлер де дабыл қағуда. Себебі, бұл – баланың өсуіне, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына кедергі.
Ағзамыздың барлық бөлігі бір-бірімен өзара тығыз байланысқан. Сондықтан бірінің салдары біріне тиюі әбден мүмкін. Біз қозғап отырған сколиоз дерті де солай. Мәселен, омыртқа жотасы шеміршек, бұлшық ет, сіңірмен жүйелескен. Ол арқылы еңкею, шалқаю, бұрылу әрекеті жасалатыны белгілі. Соның арқасында омыртқаның иілімдік қасиетін қалыптасады. Ал, бұл қасиет адамда 18-20 жаста толық жетіледі екен. Сонда омыртқа жотасы не себепті қисаяды?
Мамандар оған баланың дене бітімінің кішкентайынан дұрыс қалыптаспауы себеп екенін айтады. Түзу отырмау, салмақтың бір иыққа көбірек түсуі, денені тік ұстап жүрмеу салдары сколиоз ауруына душар етеді. Сондықтан дене мүсініңізді сымбатты жетілдіру үшін тік жүріп, түзу отыру аса маңызды.
Ата-ананы алаңдатқан дерттің анық-қанығын білу үшін облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травматолог ортопеді Олжас Құрбанбаевпен хабарласқан едік. Сколиоз ауруының белең алып отырғанын жоққа шығармады. Оған келетін науқастардың басым бөлігін қыз балалар құрайды екен.
– Сколиоз деп омыртқа жотасының бүйірге қарай қисаюын айтамыз. Яғни, омыртқа не солға, не оң жаққа қисық қалыптасады. Көбінесе жасөспірімдерде, соның ішінде қыз балаларда басымдық жоғары. Бұдан бөлек ДЦП, рахит сынды науқас балаларда туа бітті пайда болады. Аурудың 80 процент жүре қалыптасады. Сондықтан баланың дене бітімін ерте жастан қадағалау керек. Олар тез өсетіндіктен дерттің дендеуі тез жүреді, – дейді ол.
Бұл дерт туа біткен жағдайда бастапқыда әсте байқалмауы мүмкін екен. Оны тексеру барысында анықтауға болады. Кейде ата-ана өздері байқап жатады-мыс. Ал, түбінде ол оқушылардың бірқалыпта ұзақ отыруы, бір қолымен ауыр жүк көтеріп жүруі сынды факторлардың әсерінен туындайды. Мамандар ауруды ерте бастан анықтау бала денсаулығын қалпына келтіруге септігін тигізетінін айтады.
– Омыртқа жотасы қисаюының төрт сатысы бар. Оның әуелгісі 5-10, кейін 11-25, үшінші дәрежесі 26-50 градус аралығын құраса, соңғы сатысы әрі күрделісі – 50 градустан жоғары болуы. Сондай-ақ оның қисықтығы мойында, кеудеде, белде және кеуде мен белде С, S, Z тәрізді боп келеді. Мұның барлығы рентгенография, КТ, МРТ-ға түсі¬ру арқылы белгілі болады. Ал, емдеу тәсілі дәрежесіне қарай тағайындалады. Мәселен, алғашқы белгісінде суда жүзу, массаж, физиотерапиялық ем, сколиозға қарсы гимнастика жасалады. Екінші және үшінші дәрежесінде арнайы Шено корсетін киюге болады. Егер дерт асқынып үшінші және төртінші дәрежеде болса, онда ота жасауға тура келеді. Сол себепті әрбір ата-ана өсіп келе жатқан баланың денсаулығына, қимыл-қозғалысына ерекше мән бергені абзал. Олардың ауыр зат көтермеуін, партада түзу отыруын, тік жүруін қадағалағаны дұрыс. Одан бөлек жылына бір рет дәрігерге көрсетуді, спортпен шұғылдануын әдетке айналдырса, кез келген аурудың алдын алуына болады, – дейді білікті маман Олжас Ізмұратұлы.
Оқушы кезде үлкендерден «партада түзу отыр, басыңды бұғып жатпа, денеңді тік ұста» деген секілді ескертпелерді естіген боларсыз. Десе де оның денсаулыққа әсері барын білмедік, білсек те мән бермедік. Қазір қарасаң бүкірейіп, еңсесі түсіп, бір жағына сәл қисайып жүрген адамдарды байқау қиын емес. Мұның бәрі сол кездегі дене бітімін дұрыс қалыптастырмаудың кері әсері болса керек.
Соңғы кездері ата-аналар оқушылардың оқу құралдарының тым ауыр екенін айтып жүр. Әсіресе, кітап салмағының басымдығы, сабақ кестесіндегі пәндердің көптігі де өзекті мәселеге айналған-ды. Біраздан бері қозғалып жүрген бұл проблеманың бала денсаулығына зиянды екенін дәрігерлер де растайды. Алайда, білім саласының мамандары көпшіліктің бұл уәжі қазіргі кезде оң шешім тапқанын алға тартуда. Мәселен, бұған дейін кітаптардың көлемі қалың, соған сәйкес салмақты келсе, қазір ондай оқулықтарды екіге бөліп шығарған. Яғни алғашқы екі тоқсанда пәннің бірінші бөлігі оқытылса, қалған уақытта екінші бөлігін пайдаланады. Бұл өз кезегінде оқулықтың салмағын азайту, бала денсаулығына қатер төндірмеу мақсатында қолға алынған. «Бүгінгі күні осы мәселеге сәйкес барлық оқулықтың бала жасы мен салмағына сай стандартты көлемі бекітілген» дейді олар.
Қалай десек те, алдымен бала денсаулығына мән берген жөн. Ал мүсіні сымбатты болсын десеңіз, оған қажетті дүниелерді аямағаныңыз абзал. Бастысы, енді жетіліп келе жатқан баланың жасына сай салмақ көрсеткіші болатынын ескеру. Одан артығы денсаулығына зиян.
Айдана СЕЙІЛ