Ең жоғары балл кімде?
Жыл басынан бергі елдегі ахуал баршаға белгілі. Бастысы – адам денсаулығы, оның өмірі десек те, қалыпты бұзған дүниелерге тосырқағанымыз бар. Басқа басқа, бұл жағдай биылғы бітіруші түлектер үшін де оңайға соқпады. Соңғы тоқсанды қашықтан оқып, қоштасу сәтін ойдағыдай өткізе алмаған оларға басты сынақ – ҰБТ-ның да қалай өтетіні уайым болған. Иә, несін айтайық, «Қалай болар екен?» деумен сол маңызды күнге де жеттік емес пе?
Білімнің басты сынағы өңірде 22 маусымнан басталды. Сынаққа алғашқы болып Шиелі ауданының түлектері қатысты. Ұлттық бірыңғай тестілеу барысын облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова өзі қадағалады. Алғашқы лекте тыйым салынған зат алып кірмек болғаны үшін 2 оқушы тестілеуден шеттетілді, 1 түлек белгілі себеппен кейін тапсыратын болды. Сөйтіп, талап пен тәртіпке бағынған 174 оқушы сынақ тапсырды. Кешкілік сынақтың қорытындысы шықты. Өз біліміне сеніп, бабын келістірген аудандағы №41 мектептің түлегі Д.Қиянбекұлы ең жоғарғы 130 балл жинады.
Тестілеудің екінші кезеңі Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі ауданында жалғасты. Онда 683 түлек бақ сынап, білімін саралады. Бұл кезеңде де сақтық шарасына баса мән берілді. Тест тапсырушылар кіре берісте толық тексерістен өткізілді. Бұл жолы тағы да 2 оқушы байланыс құралын алып кірмек болғаны үшін тестке жіберілген жоқ. Ал, 2 оқушы тыйым салынған зат қолданғандықтан аудиториядан шығарылды.
«Бақ шаба, бап шаба ма?» деген. Дегенмен, тестке қосымша көмек құралдарын алып кіру бұған дейін де болған. Оған тыйым бұрыннан бар. Тек биыл талап күшейтілді. Орындалуы да қатаң бақылауда. Алдыңғы екі кезеңдегі жағдай әсер етті ме, әйтеуір кейінгі екі кезеңде олқылықтар орын алмапты. Оқушылардың барлығы дерлік өз біліміне сеніп, бақ сынаған. Нәтижесі де жаман емес. Жоғары балл жинаған оқушылардың мерейі үстем. Оған қоса 100-ден жоғары ұпай алған түлектердің де үлесі басым.
Өткен аптаның жұмасында ұлттық бірыңғай тестілеу кешенінің бесінші кезеңі Жалағаш, Жаңақорған ауданы мен қалада өтті. Қала бойынша жылдағыдай екі ғимаратта тестілеу сынағы ұйымдастырылды. Бұған дейін аталған пункттерде дезинфекциялық тоннельдер, кілемше, кварц сынды құралдар толық жабдықталғанын айтқан едік. Оқушылардан бетперде кию, антисептик құралын пайдалану талап етілген. Мұның барлығы орындалған. Тек тыйым салған зат табылған 4 оқушы ұлттық сынаққа қатысу құқығынан айырылды. Сонымен бұл кезеңде Сырдария ауданын қоса есептегенде 469 оқушы білімін сарапқа салды. Тоғыз бала өз еркімен ҰБТ-ға қатыспауға өтініш білдірген.
Осылайша көзді ашып жұмғанша Ұлттық бірыңғай тестілеу кешенінің бірнеше кезеңі артта қалды. Сол аралықта қаншама оқушы бағын сынап, білімін таразылады. Он бір жылғы алған білімнің нәтижесіне көз жеткізді. Бағы мен бабы қатар жанған түлектердің қуанышында шек жоқ. Ұстаздардың еңбегі жемісін беріп, үміті ақталды. Ата-ананың да қобалжыған жүрегі тыным тауып, уайымы басылды. Сындарлы сәтте Сыр түлектері сыр бермеді. Білім айдынында еркін жүзіп, көгінде қалықтай алатындықтарын дәлелдеді. Қалаға қарасты Тасбөгет кентіндегі №257 мектептің түлегі Қазыбай Мұрат бесінші кезеңде ең жоғарғы 128 баллды еншіледі. Ал, 27 маусымдағы көрсеткіште «Мұрагер» мектебінің түлегі Шаңбай Ұлжан 130 баллмен озық шықты. Әзірге шаһар бойынша білім бәсекесінде осы түлектер озық тұр. Алда әлі бірнеше кезең бар.
Өңірдегі білім деңгейінің жоғары екенін биылғы түлектер тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұны аймақтағы білім саласына деген ерекше қолдау мен ұстаздардың сапалы білімінің айғағы деуге негіз бар.
А.СЕЙІЛ