Үйінде пневмониядан емделіп жатқандар қандай дәрі-дәрмекті тегін ала алады?
Пневмония, ЖРВИ және КВИ-дің жеңіл түрі бойынша үйінде емделіп жатқан қазақстандықтар дәрі-дәрмекті тегін ала алады. Бұл жайлы ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі таңда МӘМС аясында тегін дәрі-дәрмек пен препараттардың тізімі жасалды. Яғни ЖРВИ мен пневмониядан үйінде емделіп жатқандар осы дәріні ала алады. Бұған дейін емхана дәрігерлерімен кеңес өткізген едік. Сол жиында аталған тізім аясында COVID-19 инфекциясына ұқсас және пневмониямен ауырғандарды тегін дәрімен қамти алатынымыз туралы шешімге келдік», – деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-дағы баспасөз мәслихатында тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
Тегін дәрілер тізіміне антибиотиктер мен дене қызуын түсіретін дәрілер кіреді.
«Ол дәрі-дәрмекті емханалардың жанындағы мобильді топтар тегін жеткізіп береді», – деген Айжан Есмағамбетова әкімдіктерге қосымша дәрі-дәрмек алу міндеті жүктелгенін айтып өтті.