Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев: "Бірінші кезекте сапа керек"
Қала әкімі Н.Нәлібаев шаһарда жөндеуден өтіп жатқан білім ошақтарын аралады. Ең алдымен Ж.Қизатов атындағы №23 мектептегі күрделі жөндеу жұмысын көрді. Білім ордасының сыртқы әрлеу жұмыстары, ауыз су, кәріз жүйесі мен жылу жүйесі құбырлары тозып, есік-терезесі ескірген. Нысанды аралап көрген қала әкімі құрылыс сапасына сын көзбен қарап, мемлекеттен бөлінген әр тиынның сұрауы болатынын ескертті. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталып, білім ордасы жаңа оқу жылына дейін сақадай сай болуын тапсырды. Мұнда жөндеу жұмыстары маусым айында басталған. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында 100 адам еңбек етуде. Мердігер мекеме «Иман» ЖШС директоры Баубек Сәдіковтың айтуынша, мектеп түгелдей жаңартылып, жаңа оқу жылына дейін дайын болмақ.
Мұнан соң шаһар басшысы бір ғасыр тарихы бар Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясында болды. Мұндағы жөндеу жұмыстары халықаралық жобалар арқылы жүріп жатыр. Мердігер мекеме «Спортмастер СБ» ЖШС директоры Ғалымжан Әбдіқайымов жөндеу жұмысын уақытылы аяқтайтынын, бүгінде жұмыс қарқынды жүріп жатқанын айтты.
Шаһар әкімі Н.Нәлібаев мектеп басшылығының мемлекет қаржысына иек артып отырмай, жаңғырту жұмыстарына «Халықаралық қорлардан қаржы тарту – жақсы жұмыстың нәтижесі», – деп баға берді.
Биыл аймақ орталығында 8 мектеп және 2 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 4 мектеп яғни №23, 43, 112, 173 және 2 балабақшасы күрделі жөндеуден өтсе, республикалық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы негізінде Ақсуат ауылдық округінде орналасқан №143 орта мектебі жаңғыртылуда. Сонымен қатар қаладағы №1, 4, 176 мектептердің есік-терезелері мен шатырын жаңалауға халықаралық жобалар арқылы қаражат бөлінген.
Келесі нысан «Титов» мөлтек ауданында орналасқан Ә.Молдағұлова атындағы №173 мектепке келдік. Білім ошағы 44 жылдан бері жөндеуден өтпеген. Ғимараттың салынған уақыты мен жағдайын сараптай келе, күрделі жөндеуге «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қаржы бөлінген. Мердігер мекеме басшысы құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталып, оқу маусымына толық дайын болатынын жеткізді.
– Ел ертеңі – білімді жастар. Осы орайда Елбасының «Еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың қолында, жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында» деген даналық сөзі біздің басты қағидамыз. Алға қойған мақсатымыз көп. Балаларға жаңа оқу жылында қуаныш сыйлауымыз керек. Жөндеу жұмыстарына мән беріп, қала көркіне бірге үлес қосуымыз қажет, – деді қала әкімі.
Онан соң «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп жатқан келесі ғимарат Н.Ахмадеева атындағы №112 орта мектепке аяңдадық. Ондағы құрылыс жұмыстарын аралап көрген қала әкімі металды сайдинг жабындысының дұрыс қойылмағанын айтып, мердігерге бұл олқылықты тез арада дұрыстап, жұмысқа атүсті қарамауды тапсырды. Өз кезегінде шаһар басшысы жөндеу жұмыстары қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы топтың бақылауында болып, өз назарында болатынын ескертті. Ал, мектеп директорларына жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін түсініспеушілік орын алмас үшін білім ошақтарының құрылысын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Жаяудың өз жолы бар
Шаһар басшысы ендігі кезекте қала орталықтарындағы жаяу жүргінші жолдарының құрылысымен танысты. И.Журба көшесінде бүгінде қызу жұмыстар жүруде. Қала орталығында көлік ең көп жүретін көшенің сапасы жоғары болуы керек. Мұнда жаяу жүргіншілер жолын жасап жатқан мердігер мекеме «Қасиет LTD» ЖШС. Мекеме директоры Асылбек Бертілеуовтың айтуынша, жұмыс уақытында бітеді.
– Өздеріңізге белгілі, И.Журба көшесі – қала орталығында көлік жүрісі үзілмейтін көшелердің бірі. Мұнда жаяу жүргіншіге арналған жол керек. Бүгінде біз соны қолға алып, жұмыс жасап жатырмыз. Жаяу жүргінші жолының ұзындығы 2072 метр, ені 1,5 метр болады, – деді жобаны жүзеге асырушы мекеменің директоры.
«Титов» мөлтек ауданының тұрғындары кездесуде жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі – жаяу жүргіншілерге арналған жол салу. Аталмыш мәселе бүгінде өз шешімін табуда. Қазіргі таңда М.Көкенов көшесіне ұзындығы 3100 метр, ені 1,5 метр болатын жаяу жүргінші жолы салынуда. Қала әкімі мұнда да мердігер мекеменің директорына бірнеше ескерту жасады.
– Сіздер жасап жатқан жұмыс – халықтың біраз жылдан бері күткен мәселесі. Біз осыны ойлануымыз керек. «Жасап кеттім, болды» деген болмайды. Сіздер жасап жатқан жұмысты арнайы комиссия қабылдап алады. Ергеңгі күні екі жұмыс болып жүрмесін. Сондықтан сапалы, әрі тиянақты жұмыс істеу керек. Пайдаланып жатқан заттарыңыздың да сапасына мән беріңіздер. Сапа әрқашан бірінші орында, – деді қала әкімі Н.Нәлібаев.
Жаңаның жөні бөлек
М.Көкенов көшесіне «Ақпарат-Қызылорда» ЖШС жаяу жүргінші жолын төсеуде. Бүгінде мұнда жұмыс қарқынды жүруде. Жаңа оқу жылында балалар осы жаяу жүргінші жолымен оқуға барады деп сенеміз.
Қала әкімі бастаған топ А.Тоқмағамбетов көшесіне бұрылды. Бұл көше бойында кварталаралық жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Мұндағы жылу құбырлары 25 жылдан бері ауыстырылмаған. Бүгінде жаңғырту жұмыстарына жылу шығыны аз, заман талабына сай отандық өнімдер қолданылуда. Шаһар басшысы мұндағы жұмыстың баяу жүргізіліп жатқанын айтып, мердігерге және жауапты сала басшыларына «мейлінше тез әрі сапалы жұмыс істеу керек», – деп тапсырма жүктеді.
– Орталық көшелердің бірі болғасын бұл жерде қанша шағын кәсіпкер жұмыс істеп отыр. Бәрінің жұмысына қолбайлау болып, кедергі келтіріп жатсыздар. Жұмыс қарқынын үдету керек. Қауіпсіздік шарасы тағы бар. Сондықтан қазан айына дейін уақыт бар деп жүре бермей, абыроймен жұмыс істеп, тездетіп бітіру керек. Күнделікті өзім қадағалап, бақылауда ұстаймын. Материал да жұмыс та сапалы болсын, – деді қала әкімі.
Айта кетейік, биыл қала бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында тозығы жеткен 7 шақырым жылу құбырларын ауыстыру жоспарлануда. Аталған жоба негізінде 200-ге жуық азамат жұмыспен қамтылды.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ