Үшқоңыр ұшырған үміт
Бұл мақала бұдан бірнеше жыл бұрын жазылған. Журналистің Елбасының туған жері, өскен ортасын көзбен көру үшін туған жеріне арнайылап барып дайындаған мақаласы. «Тұңғыш Президент туып-өскен жерге табаным тиіп, достарымен, ұстазымен әңгімелесудің сәті түсті» дейді автор.
Елорда күніне орай жылдар өтсе де мәнін жоймаған осы мақаланы жаңа оқырмандар үшін Елбасы жолын үлгі ету мақсатында ықшамдап жариялағанды жөн көрдік. Себебі, Елбасы жолы – кейінгі буынға үлгі.
Елбасы туып-өскен жер
Бұл Қаскелең қазір Қарасай атында. Ол Қарасай батырдың құрметіне қойылған. Біз тарихтың тереңінен тағылым алып, ауданның арғы шежіресін айшықтап көрдік. ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде Қалдан Серен бастаған жоңғар басқыншылары жүз мың қолмен бейқам отырған елді астан-кестең етіп, шауып, тонап, халықтың бейбіт өмірін быт-шыт қылды. Екі жүз жылға жуық соққы беріп, қазақтарды әбден ызаға булықтырып, кек қайтаруға итермеледі. Қазақ батырлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Қарасай қол бастап, қазақ жерін жоңғардан азат етті. Ер жүрек Наурызбай алдымен қалмақтың ханы Қасгэлэнді, сосын Шамал ханды жекпе-жекте өлтірді.
1851 жылы жергілікті қазақтардың көмегімен подполковник Карбышевтың отряды Қаскелеңді жаудан тазартты. Қоқан хандығы Қаскелең орнындағы Таушүбек деген елді мекенде әскери бекініс жасап отырды. Алайда Жетісу генерал-губернаторы Г.Х.Гасфордтың ықпалымен Таушүбек жаудан тазартылып, ол Любовинское деп аталды. Алғашқы жылдары сауат ашу мектебі ашылып, ол орыс тілінде жүрді.
1901 жылы Любовинское станциясы Қаскелең атауын иеленді. Сол кездерде бастауыш мектеп болып ашылған балаларды оқыту мекемесі бүгінгі Белинский атындағы мектеп-гимназиясына айналды.
1928 жылдың қазан айында Қаскелең ауданы құрылды. Оның құрамына тек орыс ауылдары еніп, қазақтар тұрған қоныстар Іле ауданы қарамағына кірді. Аудан орталығы Әштәшкен, кейіннен Елтай ауылы деп аталды. Жалпы, аудан ресми түрде 1929 жылы Қаскелең болып бекітілді және 1963 жылы қала мәртебесін алды.
1998 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығы бойынша Қаскелең ауданы Қарасай ауданы болып қайта аталды.
Қазір республикаға белгілі ән «Үшқоңырды» «Мұзарт» триосы нақышына келтіре орындайды. Осы әннің сөзін Нұрсұлтан Назарбаев жазған. Әнді тыңдаған сайын кіндік кескен туған жердің қасиеті мен құдіреті көңілге ұялап, ерекше сезімге баурай бастайды. Сөзі мен сазы үйлескен және оны орындау шеберлігі жарасқан ән шын мәнінде керемет. Оған ешкім талас тудыра алмайды. Сол әннің мән-мазмұны өскен өңірдің ыстық сезімдеріне, сүйіспеншілік иірімдеріне жетелеп, алыстан мен мұндалаған ауылдың дархан көңілін елестетеді. Елбасы өзі өскен Үшқоңыр жайлауын осындай шабытпен шебер суреттеп, перзенттік пейілі мен сағынышын өлеңмен өрген. Қай адам болсын, оны ықыласпен қабылдайды. Сол сезімнің сыйы бізді Үшқоңырдың етегіне апарды. Көктемгі көкмайса табиғаты, аспанмен таласқан заңғар биігі, беймәлім тылсымға толы жартастар, қар суынан қомақты көлге айналған айдындар Үшқоңырдың мәртебесіне мерей қосып тұр. Сұлулық десе осыны айт, көз тоймайтын керемет көп. «Құдайдың құдіретін көрем десең, тауға бар» дейтін теңеудің шындығын осы жерден анық аңғардық.
Бұл тау – Елбасының ата қонысы. Жаз жайлау отырып, бие сауып, қымыз ішіп, қылқұйрық, қамысқұлақ жануардың қасиетін сезінген саялы орын. Жарықтық, жанға шипа ауасы, нәрлі әрі құйқалы жайылымы жылқының да, адамның да аңсарын дөп басып, рахатқа бөлейді. Соны сезініп тұрып, Елбасының биігі тектен тек еместігін ұқтық. Өйткені «тау баласы тауға қарап өседі» деген өсиет өздігінен айқындала түсті.
Таудың бергі беті Шамалған ауылы. Осында оқып, осында замандастарымен тай-құлындай тебісіп өскен орта. Бір үйдің баласындай берекесін берік ұстап, уақыттың көшінен кем түспей еңбек еткен ауыл адамдары Елбасымен мақтанады.
Шамалған 1918 жылы құрылыпты. Ауыл аумағы 25951 гектар құрайды. Осы жердің 22216 гектары ауыл шаруашылығына тиесілі, қалған бөлігі жайылым. Құрамына Еңбекші, Құмарал, Айқым, Үштерек, Сауыншы ауылдары мен саяжай кіретін Шамалған ауылдық округі ірі елді мекен.
Елбасы оқыған мектеп
Әлемдегі ең беделді, ірі саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағын кім болса да білгісі келетіні анық. Біз бұл барғанымызда Абай атындағы мектепті аралап көргенбіз. Бір қабат болса да бес жұлдызды қонақ үйлер секілді әсем, ауласы көкпен көмкерілген сұлу, ескі ғимарат демесең нағыз антиквар дүние. Қазір тарихи-өлкетану мұражайына айналған. Мұражай директоры Мәрия Қожанова өзі бас болып, бізге түгелдей таныстырды. Шағын болса да шынайы, аз болса да саз мұражай. Оның қорында 1856 экспонат сақталған. Президент қоры 233, Елбасы өз қолымен 9 экспонат қосқан. Құндылығы мен қазыналық қырынан алғанда, тұтастай тарих. Осы мұражайда Елбасының балалығынан ел басшылығына басталған бүкіл өмірі бар. Көрген адам Елбасымен тілдескендей әсер алады. Оның ата-анасы, бауырлары, сыныптастары бәрі де рет-ретімен көрсетілген. Енді оның сыныптастары туралы ой толғай өткеннің артықтығы жоқ-ау деп түйдім. Бір сыныпта 42 оқушы бітірді.
Сыныптастардың ең үлкені Наурызбаева Фарзина 1936 жылғы болыпты. Мұнан кейін екеуі 1937 жылғы. Олар: Жақаева Зейнеш, Жексенбаева Келке. Ал, Сексенбаев Жомарт, Искакова Зина, Өтешова Ұлдана, Құрманбаев Нұрғали болса 1938 жылғылар. Қаражанов Андаштан бастап Еркебаева Рая, Төлешова Күләйша, Тастеміров Сабыр, Байғұлова Бәтес, Ағыбева Райханға дейінгілер 1939 жылы туылғандар.
Қалған тобы түгелдей 1940 жылы дүниеге келгендер еді. Оларды туған айлары мен күндері бойынша келтіргенде реттілігі Сайлаубек Қыдырәлиев, Кеңес Байбосынов, Әуесхан Әжібаев, Рая Сиразиддинова, Қыдырғали Байбеков, Рысбала Қоңырбаева, Сәдуақас Есенбаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Күләш Әмірова, Аршанкүл Темірқұлова, Едіген Жүнісбеков, Алмакүл Шалданбаева, Сара Баймұқанова, Гүлсара Төтебаева, Мэлс Нәлібаев, Дөненбай Шөпбаев, Болатдан Мұстафаев болып тізбек тартылады.
Нұрағаң мектепті Шамалғанда, өзінің туған ауылында бастаған. Аралас мектептің тоғызыншы сыныбында қазақ тілінде оқыту үлкен мәселе болды. Сондықтан 6 бала тоғызыншы сыныптың жартысында Қаскелеңдегі Абай атындағы мектепте оқуын жалғастыруға тура келді. Қысқа уақытта-ақ ол өзгелерді баса озып, мектептің комсомол комитетін басқаруға сайланды. Елбасы оқыған мектепте мұражай бар. Мұнда Нұрсұлтан Әбішұлының мектепті үздік оқығанын дәлелдейтін класс журналы сақталған.
Аталмыш журнал көнеріп қалса да 1958-1959 жылдар аралығындағы оқу барысын анық аңғартып тұр. Жалпы, Абай атындағы орта мектептің алғашқы қазығы 1937-38 жылдары қағылған. Бүгінде ең көне, әрі ең үздік мектеп қатарында тұр. Содан бері 21 алтын және күміспен бітірген түлектер болған. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Ол – күміс медаль иегері. Тек орыс тілінен ғана төрт болды. Бірақ, Елбасы күміс медаль деп күйінбеді, оның нәтижесін ақыл-парасатымен дәлелдеді, теңдессіз еңбегімен танытты.
Мектептің комсомол комитетінің хатшысы бола тұрып, комсомолдық жолдамаға өзі бастама жасап, Теміртау металлургия комбинатына жұмысқа барды. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған еді. Күміс медаль алған адам алдымен жоғары оқу орнының есігін қағуы дағдылы тұғын. Нұрағаң олай істемеді. Батырлыққа барды, еңбекпен ер атанғысы келді. Сол мақсаты міне орындалып отыр.
Бірге оқығандар
Сайлаубек Қыдырәлиев, кластасы:
– Нұрекеңмен Қаскелеңнің Абай мектебінде 10-шы сыныпта бірге оқыдық. Бірақ біздің таныстығымыз одан сәл ертерек басталып еді. Ол кезде балалықпен шекісіп қалатын болсақ, бүгінгідей бас жару жоқ, жұдырықтан мұрын қанағанның өзі жеткілікті. Шамалғанда ауыл шаруашылығы техникумы болды. Менің ауылдас досым сонда оқыды да би кешіне шақырды. Жаяулап-жалпылап жеттік. Би бітісімен қыздарды жатақханасына жеткізіп, кері қайтып келе жатқанбыз. Алдымыздан бес бала шықты. Бір шатақтың болатыны белгілі, өйткені жолымызды торуылдап тұрған сыңайлы.
– Жігіттер тоқтаңдар,–деді қоңыр дауысты, орташа бойлы бірі, – сіздермен әңгіме бар.
Біз үшеуміз кідіріп, оларға жақындадық. Ішіндегі ересектеу бірі ашуға мініп, «менің қызыма қайсың барып жүрсіңдер» деп күш көрсеткісі келді.
– Тоқтат, ақылға келейік, бәлкім, сенікі дұрыс емес шығар, – деп ересек жігітке жекіп тастады әлгі орта бойлы. Сөйтті де «екеуің қызға барып, анық-қанығын сұраңдар, ол кімді сүйсе, соған мүмкіндік бересіңдер» деп келісім жасады. Олар жатақханаға жылжығанда қалған тобымыз бір-бірімізбен бұрыннан таныс адамдай шүйіркелесе кеттік.
Бәрімізді артық-ауыс әрекет жасатпай табыстырып тұрған Нұрсұлтан екен. Сегізінші сыныпта оқитын болып шықты. Жас болса да үлкендерге де сөзі өтімді, бейберекетке бой бермей тоқтата білетін ұстамды бала екен. Өзі шымыр, спортшы. Ішімнен тектілігін таныдым.
Әлгі екеуі оралып, қыз менің досыма ғашық екенін жеткізді. Сол жерде Нұрсұлтан екеуін қол алыстырып, ұрыс-жанжалсыз мәселені әділімен шешіп берді.
Күзде Нұрекең екеуміз Абай мектебінде ескі таныстарша кездестік. Әзіліміз де, ойынымыз да жарасып, араласып, мектеп бітіргенше бірге жүрдік. Оның адамды үйіріп алар қасиеттері біздің мектепте тіпті ерекшеленіп көріне бастады. Сол кездің балаларында білімге, өмірге құштарлық мол еді. Ал, Нұрекең мүлдем ерекше еді. Ауылынан 9 жыл бойы беске оқып келген екен, мынау соңғы жыл. Мақсаты – алтын медаль алу. Сол мақсатқа жету үшін он шақты күн интернатта бізбен бірге жатқаннан кейін сабақ оқуға мүмкіндік болсын деп пәтерге шығып кетті.
Бірақ күнделікті біргеміз. Бір жарым айдың ішінде Нұрекең өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, сабаққа деген ынтасымен, көркем әдебиетті көп оқитындығымен бәрімізді үйіріп алды. Қазан айында комсомол ұйымының жиналысында Нұрсұлтан Назарбаевты мектептің комсомол комитетінің хатшысы етіп сайладық. Келе сала, біржарым айда ондай құрмет тегін адамға көрсетілмейді. Нұрекең осы аз уақытта өзінің кім екенін танытты. Ол кезде комсомол комитетінің хатшысы мұғалімнен кем емес. Бүкіл тәлім-тәрбие, сабақтан тыс жұмыстар түгелдей соның мойнында. Нұрекең осы жауапты жұмысты дөңгелетіп алып кетті.
Бұрын мектеп бітіруші сыныптардың мемлекеттік емтиханға дайындығы төртінші тоқсанда басталатын. Нұрсұлтан болса бізді екінші тоқсанның басында комсомол комитетінің отырысына жинап алып: “Қане, біз дұрыс білім алып шығамыз десек, емтиханға дайындықты қазірден бастауымыз керек” деді. Сонымен, дайындықты бастадық. Нұрекеңнің ұсынысымен жақсы оқитындар нашар үлгеретіндерге көмектесті. Күндіз бос сынып болмайды. Ылғи кешкі тамақтан кейін барып дайындаламыз. Жақсы оқитын балалар дайындалып келеді де, қалғандарына түсіндіреді. Үшінші тоқсанда Нұрекең енді орташа оқитындарды тартып, оларға тақырыптар бойынша дайындалуға тапсырма беретін болды. Төртінші тоқсанда нашар оқитын балалар шама-шарқынша икемделіп қалды. Бұл біздің мектепте үлкен жаңалық болды. Мұғалімнің көмегінсіз, емтиханға өзіміз дайындаламыз. Бұл Нұрекеңнің сол кездегі жаңашылдығы, жаңалыққа құштарлығы еді. Сөйтіп, екі сыныптың 42 оқушысы мамырдың 25-і күні емтиханға сақадай-сай келдік.
Ол кездегі дәстүр бойынша 7 қараша мен 1 мамырда аудан орталығының бас көшелерінде сап түзеп, ту ұстап, ән айтып шерулетіп жүреміз. Сол 1957 жылғы ең бірінші, 7 қарашадағы шеруде туды Нұрсұлтан ұстады. Сонда мектепке келгеніне екі-ақ ай болған. Менде сол кезден қалған ескі сурет бар еді, ауданның музейіне бердім. Музейде тұр. Нұрсұлтан ту көтеріп, шеруді бастап барады. Шеру басындағы жас Нұрсұлтан сол туды әлі де қолынан түсірмей нық ұстап келе жатқан жоқ па! Жұлдызды болашақты бастап берген қадірлі бала шақ осы емес пе!
Біз мектеп бітіретін 1958 жылы Қазақстан магниткасы ашылып жатты. Нұрекең бастаған комсомол комитеті бас болып мектеп бітірушілер магниткаға барамыз деп үндеу тастадық. Көпшілігіміз болат қорытушы боламыз деп Оралға, Свердловскіге жолдамамен бардық та. Бірақ әртүрлі кедергілер кездесті. Мақсатқа жетуде болаттай берік мінез танытқан жалғыз Нұрсұлтан болды.
Нұрекеңнің мектеп бітіргенде алтын медаль ала алмай қалғанына бәріміз өкіндік. Күміс медаль алды. Орыс тілінен жазылған диктантта бір үтір артық қойылды, әлде кем қойылды деді ме, әйтеуір жоғарғы жақта, облыста бір бұрмалаушылық болған сияқты. Бірақ Нұрекеңнің білімі толық алтын медальдікі болғанына әлі күнге дейін кепілдік етіп, қол қоя аламын.
Нүсіпхан Нұрмағанбетұлы, кластасы:
– Біз Шамалғанда “Колхозная” деп аталатын бір көшенің бойында өстік. Әбіш ағаның үйі, менің әкемнің Тұзақ, Жұмақан деген бауырларының үйі – бәрі қатар орналасты. Біздің және ол үйдің арасында Әбет деген кісінің шаңырағы болды. Қазақы ұғымға салсақ, бәріміз бір атаның баласымыз. Сонда да болса Әбіш аға менің кіші әкем Жұмақанды сондай жақсы көретін. Екеуінің көңілдері жарасымды, қатынасы өте жақсы болды. Дос. Құрдас. Бір-бірін туған бауырдан артық сыйлайтын. Бір-бірін көрмесе, “қайда жүр?” деп сағынып іздейтін. Бастары қосылса, әңгімені соғып, таңға дейін отыратын. Елуінші жылдардың басында ғой деймін, қыс айрықша қатты болып, колхоздың малы түгелдей тауда қыстап шықты, етекке түсірмеді. Тау бір жағынан пана, екінші жағынан ық бетінде опалап шөп табуға болады. Содан “Фурманов” колхозының бастығы Ивакин: “Сол жерде өзің бас-көз болып басқарғын” деп Әбіш ағаны отбасымен тауға жібереді. Есімде, Әбіш аға шешеме келіп: “Әй, Зағипа жеңеше, анау басқарма Федор Ивакин бізді тауға жіберіп жатыр. Мына Сұлтан мен Нүсіпхан бірге болсын”, – деді. Содан Нұрсұлтан біздің үйде қалды. Екеуміз бір қыс бір үйде, бір төсекте жатып оқыдық. Мектепке бірге барамыз, бірге келеміз. Бірге ойнаймыз, бірге сабақ қараймыз. Әйтеуір Сұлтан екеуміздің жұбымыз жазылмайтын. Үйде не бар екеумізге тиесілі, бір жапырақ нан болса екеумізге қылдай бөледі. Шешем Зағипа колхозда сауыншы. Фермадан сүт ала келіп, екеумізге пісіріп беруші еді, жарықтық. Бетінің қаймағын сыпырып, табаның түбіндегі қаспағына дейін қырып бөліп беретін. Қызығы мен мұңы аралас сол жылдардың, қимас балалық шағымыздың бір үзік суреті осындай.
Ұстаз бен шәкірт
Сейтхан Ахметұлы Исаев, ұстазы:
Нұрсұлтан Шамалғандағы екі тілде оқытатын орта мектептің қазақ сыныбында оқыды. Қазақ сыныбы жабылатын болған соң, Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектебіне 1957 жылы 7 оқушы келіп оқуға түсті. Жаңадан келген 7 оқушының үшеуі – Нұрсұлтанмен бірінші сыныптан бірге оқып келе жатқан көрші қонған туыс адамдардың балалары. Олар: Сәдуақас Есенбаев, Қыдырғали Байбеков, Сағымбек Көшекбаев. Бұлардың ата-аналары – Нұрсұлтанның ата-анасымен араласқан көрші, бірге жұмыстас болған адамдар. Қарапайым, еңбекқор, көпшіл, ақ жарқын әкесі Әбіш пен анасы Әлжанды ауыл адамдары құрметтеп, сыйлайтын, ауыл әйелдері арасынан Әлжан апай сирек кездесетін суырып салма ақындығымен ерекшеленетін, кейде ақындар айтысына қатысып қалатын кездері болатын.
Бақташы Әбіштің отбасы қарапайым тұрмыс кешкен, таусылмайтын тіршілік қарекетімен балаларын асырап, өсіру қамымен айналысқан отбасылардың бірі болатын.
Әкесі отбасындағы үлкен ұлы Сұлтанды (Нұрсұлтанды) өзіне көмекші ретінде жас кезінен еңбекке баулап, оны ұқыптылыққа, төзімділікке үйретіп шынықтырады. Еңбекке тәрбиелеу арқылы оның келешекте еңбекқор азамат болып шығуына күш салады. Сондықтан Сұлтан қаршадайынан малды күту, жерді баптаудың не екенін біліп, нанның дәмін татып, қасиетін сезініп, шынығып өскен бала. Әкесі Әбіш ақсақалдың Сұлтанның бойындағы табиғат дарытқан талантын сезіп, ерте бастан аңғарғаны мені таңқалдырады. Тұрмыстың жетімсіздігі мен ауыртпалығына қарамастан, қымбат та болса кішкентай гармон сатып әперіп, домбыра жасатып беріп, музыкалық аспаптарда ойнап, ән салуды да үйреткен. Сондықтан Нұрсұлтанның мектеп жасында гармон, домбырамен ән айтатынын білетінмін.
Менің тағы бір есімде сақталғаны – Әбіш ақсақалдың көреген, көзі ашық адам екендігі. Шамалғаннан келген 7 балаға Абай атындағы орта мектептің жанындағы интернаттан мемлекет есебінен жататын орын, ішетін тамақ берілетін болып шешіліп, оларды қарсы алды. Бірақ Нұрсұлтан интернат жатағына жатпай, бір туысының үйіне ақы төлеп жатуға бел буғанын естіп, Әбіш ақсақалдан «Сіз жасалған жеңілдіктен қашқаныңыз қалай, үйіңізде басқа да балаларыңыз бар, тұрмыстарыңызға ауыртпалық түседі ғой» деген ақылымызға, ол кісі «интернатта жатса көпшіліктің арасында ойынға айналып, оқуын нашарлатып алады ғой» деп Нұрсұлтанның келешегіне, білім алуына жағдай жасап, қанша қиыншылық болса да баласын өмір талабынан қалдырмауға ұмтылуы нағыз әкелік қамқорлық еді.
Нұрсұлтанның алғыр, мінезі ұстамды, орнықты, білімге құштар, мектептегі қоғамдық істерге белсене қатысатын ұйымдастыру жұмыстарына қабілеті бар оқушы, оның сөзі мен ісі замандастарының арасында ықпалы жеткілікті оқушы екендігін көрсетті, жаңа келген ортасын жатырқамай,бірден араласып кеткені мұғалімдер қауымының ризалығы мен ықыласын өзіне аударды. Оның нәтижесі де шықты. Орта мектепті үздік бітіріп, медальға ұсынылды.
Иә, содан кейін Қазақстанның металлургия зауытын салуға жастарды, оның ішінде 10-сыныпты бітірушілер Нұрсұлтанның бастауымен шешім қабылдады. Осы жылы 10-сыныпты (1958) бітіре салысымен Қарағанды металлургия комбинатының ірі көлемді құрылысы салынып жатқан жері – Теміртауға аттанды. Құрылыста біраз уақыт еңбек еткеннен кейін бір топ қазақстандықпен Украинаның Днепродзержинск қаласына барып, металлург-жұмысшы мамандығын меңгерді. Кешкі училищеде оқып, білімін толықтырып, шыңдала түсті. Еңбекке төзімділігін, мамандығын біліммен байланыстыра игерудегі алғырлығын, сабырлы мінезін, алдағы мақсат-мұратына жетуде ылғи ұмтылыста жүретінін аңғарған мастер-мұғалімі В.И.Погорелов «Нұрсұлтан, сен келешекте республикаңның Министерлер кеңесінің Төрағасы, мемлекеттік басшы, қайраткер боласың», – деп болжам айтуының өзі оған тұлға ретінде берген бағасы болса керек.
Осы уақытта іске қосылған, өнім бере бастаған комбинатқа қайтып келген соң, шойын құюшы, домна пешінің көрікшісі жұмыстарын атқарды, ол кейінірек инженер дәрежесіне көтерілді.
Сол жылдары оның басшылық қасиеттері барынша жарқырап көрінді, іс жүзінде, алдымен, жастардың, содан соң партияның ұйытқысына айналған ол қызмет сатысында тез жоғарылай жүріп, өндірістік, экономикалық және әлеуметтік мәселелерде мол тәжірибе жинақтап, адамдармен жұмыс істей білетін, олардың мұқтаждықтарын терең түсініп, көзқарастары мен сенімдерін қорғап, партиялық қызмет баспалдағының барлық сатысынан сүрінбей өтті. Өзінің металлургиялық комбинатында партком хатшысы, Теміртау қалалық, Қарағанды облыстық және республикалық партия ұйымдарында экономикалық салаға жауап беретін хатшы болды.
Шамасы, сол кезде ол өзінің саяси басшылыққа бейім екендігін анық аңғартса керек. Саяси бағытын теориялық біліммен шыңдауда Республикалық Жоғары партия мектебінің проректоры болып істеген профессор Г.Н.Журавлев бір естелік кітапта былай деп жазыпты: «1976 жылы жоғары мектепті сырттай бітіргендердің ішінен Н.Назарбаев ерекше оқыған тыңдаушы ретінде есімде қалды. Ол сол кезде Қарағанды облысы Теміртау металлургия комбинаты партия комитетінің хатшысы еді. Ұстаздардың айтуы бойынша, Нұрсұлтан Назарбаев білімі өте терең, оқу бағдарламасынан тыс мәселелерді көтерген азамат екен. Мемлекеттік емтихан комиссиясының жұмысына қатыса отырып, бұған өзім де куә болдым».
Біз Қарасай ауданынан Алматыға аттанарда Үшқоңыр сілемдеріне көз тастап едік, көкпен таласқан биіктіктен мұнар-мұнар шыңдарды байқадық. «Тау баласы тауға қарап өседі» деген рас болғаны ғой, мынадай табиғат ерекшелігі биікке самғауға сөз жоқ, жетелейтіні анық. Елбасы өскен ортаның осы үлгілері бізді бей-жай қалдырмаған еді.
...Үшқоңыр жайлауы. Елбасы елі. Қарасай батыр әруағы. Біз осы үшеудің киесін көріп келеміз...
Қаныбек ӘБДУОВ