Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «Жас отбасы» жасқа қарамайды

«Жас отбасы» жасқа қарамайды

«Өз үйім – өлең төсегім» демекші, әркім де басында баспанасы болғанды қалайды. Халықты баспанамен қамтамасыз етуде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» екінші жартыжылдыққа аяқ басқан тұста қандай жаңалық ұсынбақ? Жас отбасыларды елең еткізген  «Жас отбасы» бағдарламасының ерекшелігі қандай? Баспана мәселесіне қатысты көп көкейіндегі сауалдарды банктің облыстағы филиал директорының орынбасары   Ілияс Жұрыновқа қойған едік.
– Шілденің алғашқы күні көпшілікті «Жас отбасы» тарифі елең еткізді. Жағымды жаңалықты айтсаңыз...
– 1 шілдеден бастап «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» жас отбасыларға арналған «Жас отбасы» арнайы тарифі іске қосылды. Шаңырақ көтергендеріне үш жыл толмаған жас отбасы банктен депозит ашады. Кемінде бір жыл ішінде үй құнының 50 процентін жинаса, қалған 50 процентін банк 6 процентпен несиеге береді. Мәселен, 10 млн теңгеге баспана алғысы келген жас отбасы 5 млн теңгені банктегі депозитіне жинаса, қалған 5 млн-ды 6 процентпен несиеге рәсімдейді. Депозитіне қажетті қаржыны жинақтай алған жас отбасы кез-келген қаладан, қалаған баспанасын ала алады. Бұл – жас отбасылар үшін жақсы мүмкіндік.
– «Жас отбасы» бағдарламасына қатысушылардың жасына шектеу бар ма?
– Бағдарлама шаңырақ көтерген­дердің жасына емес, отбасы құру жылына қарайды. Бас қосқандарына үш жыл толмағандар жасына қарамай-ақ осы бағдарлама мүмкіндігін пайдалана алады.
– Балаларға арналған «Арнау» депозиті туралы айтсаңыз...
– «Арнау» депозиті биыл 1 мау­сымнан бастап іске қосылды. Бала­сының атынан депозит ашқысы келген ата-ана, ата-әже немесе жақын туысы өзін заңды өкіл ретінде көрсетіп, бүлдіршіннің атына депозит ашуына болады. Депозиттің минималды жи­нақтау мерзімі – 10 жыл. Осы уақыт ішінде  баспана құнының 50 процентін жинаса, бала 18 жасқа толған кезде өзінің атынан несие ала алады және баспана құнының 50 проценті несиеге 2 процентпен рәсімделеді. «Арнау» депозитінің ерекшелігі осында. Бұл жерде атап айтарлығы, кез-келген ата-ана баласының кішкентай кезінен депозитіне ақша жинаса, ол 18 жасқа келгенде баспана дайын тұрады деген сөз. Бұл депозит халық көңілінен шығуда. Себебі, баласына бір баспана алып беру – әрбір ата-ананың арманы.
– Банк салымшыларына қандай кеңес берер едіңіз?
– Ақша жинауға кеңес берер едім. Алдына мақсат қойған адам шамасына қарай ақша жинай алады. Банктегі түрлі бағдарламаларды сараптай оты­рып, өзінің шама-шарқына келетін бағдарламаны таңдап, депозитке ақша жинап, үй алуға болады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалында 50-ден аса кеңесшілер қызмет көрсетеді. Олар аудан, қала, ауыл тұрғындарына депозит ашу, бағдарламаға қатысу мәселесесі бойынша кеңес береді. Сондай-ақ, облыс орталығында банк филиалынан бөлек, 5 кеңес беру орталығы жұмыс істейді.
– Шынын айтқанда бір баспана алғысы келетіндер көп, алайда жылдар бойы ақша жинауды қиынсынатындар да бар.
– Жалпы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» ашылғандағы мақ­саты – халықты жинақ жүйесіне үй­рету, қаржылық сауаттылығын арт­тыру. Ақша жинау арқылы төмен процентпен несие беру арқылы ха­лықтың қалтасына салмақ түсірмеу жағы қарастырылған. Кейде «неге 50 процентін жинау керек?» деген сұрақ қойылып жатады. Неғұрлым көп жинақтаған сайын соғұрлым төлейтін несие көлемі де аз болады. Жылдар бойы несие төлегеннен, жинақтау тиімді екенін түсіну керек.
– Баспаналы болуды асыға күтіп жүрген салымшыларға тағы қандай жақсы жаңалық бар?
– Шілденің 15-не дейін «Нұрлы жер» 2020-2025 жылдарға дейінгі даму бағдарламасының аясында қаламыздың сол жағалауынан пайдалануға берілуге дайын тұрған үйлерге өтініш қабылдау басталады. Қазіргі таңда 190 пәтерді қолданысқа беруге өтініш қабылдайтын күн жақын. Бағдарлама талабы бойынша алғашқы жарнасы тұрғын үй құнының 20 проценті жинақтау керек және несие 5 процентпен рәсімделеді. Конкурсқа тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады. Айта кетелік, үй бағасының әрбір шаршы метрі 140 мың теңгеден. Екі бөлменің жалпы аумағы  58 шаршы метр болса, екі бөлмелі пәтерге алғашқы жарна – 1млн 624 мың теңге. Депозитінде осындай қаржы жинаған тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар конкурсқа қатысып, баспана алуға мүмкіндік бар. Конкурста депозит ашу мерзімінің ұзақтығы және ай сайын депозитін тұрақты толықтырғандарға басымдық беріледі. Елде орын алған ахуалға байланысты депозитті толықтыру кедергі келтірсе, банкке келмей-ақ ұялы телефонына «Автотөлем» қосымшасын орнатып, төлеуге болады.  Жалпы, банк салымшыларына үйден шықпай-ақ депозитіне ақша жинақтап, банк кеңесшілерінен кеңес алуына барлық жағдай жасалған.
– Оқырмандарға мазмұнды ақ­парат бергеніңіз үшін рахмет!

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
08 шілде 2020 ж. 722 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 431 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам