Басыңда болсын баспана
«Өз үйің, кең сарайдай боз үйің» демекші, кімде-кім болса да басында баспанасы болғанды қалайды. Яғни, бүгінде тұрғын үйге қол жеткізу өзекті мәселеге айналды. Баспана сұрап, базынасын айтатындар көбейген. Осы орайда, көпшіліктің көкейінде жүрген сауалға жауап іздеу мақсатында газетіміздің редакциясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы мамандарымен қоғамдық қабылдау өткізген болатынбыз. Олардың бірқатары газеттің өткен нөмерінде жарияланды. Алайда, тікелей желіде қойылған сұрақ көп болды. Оқырмандар сұрауына орай тағы да тұрғын үйге қол жеткізуге қатысты сұрақтарға жауап беруді жөн көрдік.
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Айжан Аралбайқызы әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде қойылған сауалдарға нақты жауабын берді.
– «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспана қаланың қай аумағынан беріледі. Жоғарғы және төменгі қабаттың айырмашылығы бар ма?
– «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қазіргі уақытта тек Сол жағалаудан үй беріліп жатыр. 1 шаршы метрі 160 мың теңгеден. Халықтың сұранысы бойынша бесінші қабат пен төменгі қабаттың айырмашылығын қойсақ деген ұсыныс жазылған болатын. Алайда, атқарушы органдар тарапынан барлық пәтерлерге бірдей шығын жұмсалатындығы жөнінде жауап алдық.
Сол себептен, барлық пәтерді бірдей бағамен сатып жатқан жәйіміз бар.
– Тұрғын үй алу барысында конкурска түсу үшін қанша процент қаржы болу керек?
– «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үйдің құнының 20% жинау керек. Несие 5 пайызбен рәсімделеді. Бағдарлама талабы бойынша өтініштер қабылдау басталған уақытта алдымен ЖАО кезекте тұрған азаматтар қатысады. Конкурс нәтижесі шыққаннан кейін, қалған пәтерлерге «Тікелей сатылым» арқылы Банктің кез-келген салымшысы baspana.kz порталына кіріп ұнатқан пәтерлеріне онлайн брондау жасай алады. Тікелей сатылымға өтініш берушінің ҚР аумағында жеке меншігінде тіркелген баспанасы болмауы қажет деген талап қойылған. Сондай-ақ, 5 жұмыс күн ішінде банк бөлімшесіне келіп құжаттарын тапсыруы қажет.
– «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пәтер кімдерге беріледі және де жас шектеуі бар ма?
–«Бақытты отбасы» бағдарламасына үш категориядағы отбасылар қатыса алады. Бірінші, төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Екінші, толық емес отбасылар, яғни жолдасының бірі дұниеден өткен немесе некесі бұзылған отбасылар. Осы тұста ашып айту қажет, егер де, некенің заңды түрде бұзылғанына үш жыл толмаса ол азамат немесе азаматша бұл категорияға кірмейді. Үшінші, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Аталған отбасылардың барлығында міндетті түрде табыс көзі болуы қажет. Отбасыға мемлекет тарапынан бөлінетін жәрдемақы, зейнетақы, жөргекпұл сияқты қаражаттар табыс көзі болып есептелмейді. Осы үш категория бойынша міндетті түрде кезекке тұру қажет. Тұрғындар арасында түсініспеушілік көп болады. Мәселен, мемлекеттік қызметте тіркеуде болғанын және төрт баласы бар екенін айтады. Мұндай жағдайда екі бағдарламаның біреуін өзі таңдауы қажет. Ол үшін мемлекеттік қызметте тұрған кезектен шығып, көпбалалы ана «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша кезекке тұруға болады. Бағдарлама талабына сәйкес, отбасылық табысты отбасы мүшелерінің санына бөлгенде 62 366 теңгеден асып кетпеуі шарт.
– Мемлекеттік қызметте жұмыс жасамайтындар үшін қай бағдарлама тиімді?
– Жеке мекемеде қызмет ететіндер үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы тиімді. Яғни, мемлекеттік қызметшілерге арналған конкурстан кейін, алғашқы жарнаны төлеген салымшылар үй алуға мүмкіндігі бар. Бұл кезде қайда қызмет ететіні маңызды емес. Мәселен 2 бөлмелі пәтер 8 млн. 200 мың теңгеге бағаланса, алғашқы жарна 1млн.600 мың болу керек. Айына жоғары есеппен –71000 теңгеден, төменгі есеппен – 45600 теңгеден төлейді.
– Мәселен, банкте әлі есепшотым жоқ. Бірден есепшотты ашып, алғашқы жарнаны төлеу арқылы баспанаға қол жеткізуге бола ма?
– Әрине, алғашқы жарнаны салу нәтижесінде бірден үй алу үшін конкурсқа қатысуға мүмкіндік бар. Осы жерде ескеретін жәйт, «Нұрлы жер» және «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша конкурсқа түсетіндер есепшотты өзі алып, салымды өзі жинауы тиіс. Өзге адамның есепшотын сатып алу арқылы аталған екі бағдарламаға қатыса алмайды. Себебі, дайын есепшотты сатып алып, баспанаға тез арада қол жеткізсе әділетсіз болар еді. Әркім өз үйіне қаржыны «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы өзі жинауы қажет. Осылай қол жеткізу әділетті.
– «Әйелдер» ипотекасы жайында қандай жаңалық бар?
– «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» 2020 жылы жаңадан екі бағдарлама қосылды. Оның бірі – «Әйелдер» ипотекасы 12% беріледі. Тек әйел азаматтар ғана қатыса алады. Алғашқы жарнаны жинап немесе бірден салып үй алуға болады. Бұл бағдарламада айлық табысқа ерекше мән беріледі. Егер салымшы кісінің айлығы 200 мыңнан төмен болса, үйдің құнының 15 %, ал одан жоғары болса 20% салу арқылы баспанаға қол жеткізеді. Екіншісі – балаларға арналған «Арнау» бағдарламасы. Осының негізінде балаңыздың атынан есепшот ашасыз. Және оны 18 жасқа толғанға дейін пайдалануға рұқсат жоқ.
Осылайша, тікелей желідегі қоғамдық қабылдауда «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Айжан Аралбайқызы бірқатар сұраққа жауап берді. Тұрғындар өзіне қажетті ақпарат алды деген сенімдеміз.
Айта кететіні, осы баспанаға қатысты көкейдегі сауалға өзіміз де тиісті жауап алдық. Яғни, білетінімізден білмейтініміз көп екен. Банк қызметкерімен тілдесу нәтижесінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы есепшот ашып қою кез келген жанға тиімді нұсқа екенін түсіндік.
Құрметті оқырман! Сіз де тұрғын үй алу үшін есепшот ашпаған болсаңыз, қазірден «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» мамандарын өзіңіздің жұмыс орныңызға немесе үйіңізге шақыртып, есепшот аштыруға әбден болады. Қанша дегенмен, баспана жылжымайтын мүлік қой. Әр адамның өз баспанасы болғанға не жетсін. Қолайлы мүмкіндікке қол жеткізу үшін әрекет етейік...
Айтолқын АЙТЖАНОВА