Ақын Әскербек Рахымбекұлы өмірден озды
Сыр журналистикасы орны толмас қайғыға душар болды. Бүгін ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Әскербек Рахымбекұлы ағамыз 78 жасында фәнидің қақпасын жапты.
Әскербек Рахымбекұлы Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылында 1942 жылғы 22 наурызда туған. 1965 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген.
1965-1969 жылдар аралығында «Сырдария» газетінде қызмет атқарған.1970 жылдан облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде, «Сырдария» газетінде Қызылорда облыстық теларадио комитетінде, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды.
Ә.Рахымбекұлы әр жылдары облыстық «Сыр бойы» (бұрынғы «Ленин жолы») газетінің бас редакторы, осы газетте редактордың орынбасары, кеңесші болды.
Оның «Тұсаукесер», «Сырдария әуендері», «Тұлпар туралы дастан», «Ғашық жүрек», «Айдынынан айырылған Аралым – ай», «Алтын Арай», «Тұлпарлар тағдыры», басқа да жыр кітаптары шықты.
Әскербек Рахымбекұлы – «Сырдария» кітапханасы атты 200 томдық кітаптар сериясы редакторының бірі. Екі мәрте «Жалын» баспасы жариялаған жабық бәйгенің жүлдегері.
Қаламы қуатты қаламгер Ә.Рахымбекұлы руханияттың алып бəйтерегі, айналасына жыр-шуақ шашқан, Сырдың сырбаз мінезіндей сыралғы, ойы терең, сөзі сұңғыла ақын көркем əдебиеттің де көрнекті өкілі еді. Аймақ мəдениетінің дамуына да айрықша атсалысты.
Əсіресе, айтысты дамытуға, əн жанрына қосқан сүбелі үлесі ел жадында сақталатын болады. Бір ғана келіндерге арнап жазған өлеңі өнер əлемінде əлі де шарықтап келеді.
Расында, ол – әділеттің ақ жолынан айнымай, шығармашылық мұратының шыңына шыққан жан.
Әскербек Рахымбекұлы «Сыр медиа» серіктестігінің ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, ізінен ерген рухтас іні-қарындастарының ғана емес, Қызылорда облысындағы ақын-жазушылардың ақылшы ұстазы болды. Амал нешік, ардақты ақын, асыл ағамыз келместің кемесіне мініп кете барды.
Қаламгердің отбасына, жақындарына және Сыр жұртшылығына, руханият жанашырлары мен қаламгерлерге қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Оның жарқын бейнесі, құнды мұрасы ұрпақ жадында мәңгі сақталады.
Ағамыздың алды жарық, иманы жолдас болсын!
«Сыр медиа » ЖШС ұжымы