Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Бұрымда бар қасиет

Бұрымда бар қасиет

Қыздың көркі – шаш. Сүмбілдей төгілген бұрымы арудың көркіне көрік қосады. Дегенмен, бүгінде оны жайып жіберу сәнге айналған. Қай жерге барсаң да шашын жайып алған бойжеткендерді көресің. Белден асатын ұзын шашымен алысып әлек. Әсіресе, қоғамдық көлікке мінгенде басын қозғаса ол желпілдеп, жұрттың мазасын алады.
Қазақта «ең сұлу әйел – жүкті әйел» деген сөз бар. Жақында осындай келіншекті кезіктіріп қалдым. Қолында жетектеген бала­сы бар, өзі жүкті екен, қол ұстасқан жары үшеуі банкке келді. Кезек күтіп тұр­ған едік. Жаңағы келіншектің кішкентай баласы тынымсыз, анасының әбден мазасын қашырды. Келіншек те баланың айтқанын жасаймын деп жайып алған шашынан көп қиындық көрді. Шашының ұзындығы бел­ден асады. Өзі жүкті келіншек, басына бір жапырақ орамал тағып, шашын өріп алса қандай жарасып кетер еді... Сонда өрген бұрымы тал бойына жарасып, нағыз қазақы келіннің бейнесін көрер едік. Қазір 50-60 жасты алқымдаған әйелдің өзі шашын түрлі бояуға бояп, жалаңбас жүреді. Мұндай енеден қандай келін үлгі алары белгісіз. Сондай-ақ, қазіргі уақытта енелердің өзі жас көрінгісі келеді де, келіндеріне жалаң­бас жүруге рұқсат береді екен. 
Ойды ой қозғайды. Осындай көріністі көрген кезде бұрынғы аналар бейнесі көз алдымызға келеді.  Ертеректе жас келін, шашын жаймаған. Басынан орамалын тас­тамаған. Тіпті бойжеткеннің өзі ұзын шашын екіге өріп қойған.
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып, жүрсе
ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай
түрін? –
деп ұлы ақын Абай жырға қосқан.
Расында, шаш – қыз бала үшін сұлу­лықтың белгісі секілді. Оның басты бұйы­мы саналған.  Кезінде бұрым сұлу­лықтың сәні деп бағаланған. Қыздың шашын қырқып, кеспеген екен. Қайта керісінше, оны бойжеткеннің тобығына дейін жеткізе өсіруге айрықша мән берген. Өлеңнен өрнек салған ақындар қос бұрымы тау басынан құлаған бұ­лақтай деп дәріптеген. Сол үшін де оған айрықша көңіл бөлінген. Тілерсегін соққан қос өрім қыздың ажарын аша түскендей көрінетін. «Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деген жыр жолдары да бұрымның қасиетін меңзеп тұрғандай.
Бүгінгі қоғамда ұзын шаштың да қадірі кете бастады. Жастар бұрымға көп мән бере бермейді. Бұрын оны қиса, қиылған шашпен бірге оның биязылығы да, нәзіктігі де қоса кесіледі деп түсін­ген. «Жүкті әйелдерге шаш­ты қимау керек» деген тыйым да осыдан қал­ған. Демек, «шашыңды қиғаның – бағыңды қиғаның», «бұрымды шаш – абыройың» деп тегін айтпаса керек.
Ұзын шашты жайып жүру бүгінгі таңда сәнге айналды. Ертеде әйел адам күйеуі өлгенде шашын жайып, жоқтау айтқан. Жайылған шаш әсіресе, күн батқан уақытта бойына жағымсыз энергияны жинайды екен. Сондықтан әке-шешеміз түнде далаға шық­қанда «басыңды жауып шық», «бас киіміңді киіп шық» деп айтып жатады.
Зерттеулерге сүйенсек, әйелдің шашы магнит секілді екен. Күнделікті шаш тара­ғаннан-ақ оның жоғарыға ұшатынын, энер­­гияға толы екенін аңғарып жүрміз. Демек, оның беріктілігін альюминиймен салыстыруға болады. Бір шаштың өзі 100-ден 200 грамға дейінгі салмақтағы затты ұстап тұруға шамасы келетін көрінеді. Ал бұрымы 20 тонна салмақтағы зат­ты көтеріп тұра алады дейді зерт­теушілер. Міне, осындай күш-қуатқа ие шашты жинап, буып-түйіп жүрген жөн. Өйткені, оны жайып, жел­біретіп жүрудің зияны өте көп. Мәселен, әйелдердің күніне 70 шашы түседі екен. Жер­де жатқан зат аяққа басылады, ал аяққа ба­сылған нәрседе не қадір-қасиет болады.
Шашты жаю, сондай-ақ қыз баланың жеңіл­тектігінен де хабар бе­реді. Жайылған шаш кез келген жерге түсіп, тамақ ішкенде дастарханға тиіп қыздың тазалығына да нұқсан келтіретіні анық. Қызды қырық үйден тыйған қазақ үшін бұл – тәрбиесіздік. Ол тәлім-тәрбие қыздан басталатынын меңзейді. Ең алдымен солар ұятты болуы керек. Биязы аруды көргенде жігіттің өзі сондай тәртіпке келгісі келеді. Көзге көрінбейтін қылық секілді көрінгенмен, бұл жайттың астарында үлкен мән-мағына жатыр.
Осы орайда, ұлттық намысымызды жоғалтып, ұстанымымызға сәйкес келмейтін әрекеттерге назар аудару қажет. Себебі, аяулы арулардың кейбір қылығын көргенде жүрегің селт етпей қоймайды. Қаракөз қыздардың тәлім-тәрбиесі жоғары, ізетті де инабатты, мейірімді болғанын көру – ұлт мақтанышы. Сондықтан жас жеткіншектердің рухани әлемі кедейленуіне жол бермеу – бүгінгі күннің басты міндеті. Сол үшін де арулардың жүріс-тұрысына көңіл аударып, қазақы тыйымдарды қолданып отырған жөн болар. Бойжеткендеріміз өздеріне батыстың ерсі әрекеттері емес, дәстүрге сай әсем қылықтары ғана жарасатынын ескеру  қажет секілді. Қазақ қызына қарап «үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек» деген теңеуді кері қайтаратын уақыт келді. 
 Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
14 шілде 2020 ж. 1 125 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам