Тарихқа айналған аяқ киім фабрикасы
Кешегі кеңес дәуірінде Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі жарты әлемді аузына қаратқаны ақиқат. Сол уақытта жұмыс жасаған ірі де іргелі кәсіпорындардың бірі, мыңдаған қызылордалықтардың өмір мектебі – еңбек ұжымына айналған Қызылорда аяқ киім фабрикасын ерекше атауға болады. Фабрика өз тарихында 2,6 млн. ерлер, әйелдер, балалар мен жасөспірімдерге арналған жұп аяқ киімдерін шығарған.
Қызылорда облыстық архив құжаттарындағы мәліметтерге сүйенсек, кезінде жеңіл өнеркәсіп саласындағы Қызылорда аяқ киім фабрикасы 1943 жылы Мәскеу қаласынан көшірілген аяқ киім саласының флагманы «Париж коммунасы» фабрикасының жабдықтары негізінде құрылған. Сол жылдары электр станцияның болмауына байланысты жұмыс қолмен жүргізіліп, тек екі цех: сандалетка өндіру цехы және «ПарКо» цехы жұмыс жасаған. 1943-1947 жылдары фабриканы Сафронов басқарған. Бірнеше жыл бойы аяқ киімнің негізгі ассортименті резеңке табаны бар сандалетка болса, 1951 жылы аяқ киімнің жаңа түрлері, 1952 жылдың соңында доппельді аяқ киімнің жаңа тігу цехы іске қосылып, 5 жыл ішінде доппельді аяқ киім шығару бойынша фабрика алдыңғы қатарда болып, аяқ киім модельдері он жыл бойы халықаралық көрмелерге қойылып, жүлделі орындарға ие болған.
1964 жылы 1 мамырда Оңтүстік Қазақстан халық шаруашылығы Кеңесінің өкімімен аяқ киім фабрикасы мен былғары зауыты қосылып Қызылорда былғары аяқ киім комбинаты деп аталып, В. Павлов басшылық еткен. Былғары комбинаты хром және жеңіл балалар аяқ киімін және қатты тері өнімдерін шығарды. 1965 жылдың ішінде комбинат, негізінен тері тауарларын алуға арналған шикізатты Жамбыл хром зауытынан, Жамбыл, Орал былғары аяқ киім комбинаттарынан, Жамбыл, Орал былғары шикізат зауытынан алып отырған. Осы жылы комбинатта екі бөлім болған. Негізгі өндіріс бөлімі бойынша: пішу цехы, қалыптама цехы, тігін цехтары, қатты тері тауарларын өндіру цехы жұмыс жасаса, қосалқы және қосалқы өндірістер бөлімі бойынша: жөндеу-механикалық, паросил шаруашылығы, электр энергиясы, зертхана жұмыс жасаған.
1967 жылдың наурызында «Казглавкожобувпром» былғары аяқ киім және тері өнеркәсібі бас басқармасының Қызылорда аяқ киім фабрикасы болып қайта аталды. Осы жылы көлемі 125 м2 ұсталық және электрмен дәнекерлеу цехы қайта жабдықталып, қоршаулар мен жергілікті жарықтандыру ауыстырылып жөнделіп, жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсарту, сондай-ақ еңбек өнімділігін арттыру мақсатында тігін учаскесінде аяқ киімнің жиек шеңберін айналдыруға арналған машиналар алынып, сандалеткаға, мектепке дейінгі және «гусарик» аяқ киімдеріне арналған қалыптардың жаңа фасондары енгізілген. Осы қалыптарды енгізу жұмсақ және қатты тері тауарларын үнемдеуге мүмкіндік берген.
1970 жылы тері үрлеу комбинатын дамытудың перспективалық жоспарының бақылау цифрларына сәйкес өндіріс көлемі 10852 рубльге дейін өскен. Жоғары өнімді жабдықтарды енгізумен аяқ киім және былғары өндірісін қайта құру жобалары әзірленіп, осы жоба арқылы қол еңбегі және ауыр қол еңбегін механикаландыру көзделген. Нәтижесінде қол еңбегімен айналысатын 72 адам қысқартылып, 1971 жылы жұмысшылар саны 1256 адамды құрады.
Қызылорда аяқ киім фабрикасы сауда ұйымдарымен жасалған шарттар бойынша 33 сауда ұйымдарына былғары балалар аяқ киімін жеткізіп отырды. 1980 жылдың ІІІ тоқсанында аяқ киім жеткізу жоспары 101,1 процент орындалған. Осы жылы механикаландыру жоспары бойынша: ұлтарақты айдау үшін 3 дана, аяқ киімнің үстін тазалауға арналған 2 дана, резеңке желім мен найритті дайындау үшін 1 дана және хром аяқ киімін фрезерлеу үшін 2 дана ФТК (фрезерлік табан кескіш) машинасы орнатылған. Аталған машиналарды енгізу арқасында еңбек өнімділігі арта түскен. Фабриканың барлық аяқ киімі бірінші және жоғары сапа санаты бойынша аттестацияланып отырған. 14 аяқ киім үлгісі және 31 бірінші санаттағы сапа моделі мемлекеттік сапа белгісіне аттестатталған. «Балалар әлемі» дүкенінде аяқ киім сату көрмесі өткізіліп, сатып алушылардың сұранысын зерттеу үшін «гусарик» туфлиі, «Динамо» жартылай бәтеңкелер, сандалеткалар, «гусарик» сандалеткасы, балалар сандалеткалары ұсынылып, «гусарик» және кішкентай балалар аяқ киімі ерекше сұранысқа ие болған.
Сонымен қатар, 1980 жылы фабрика ұжымы мемлекеттік сапа белгісі бар бұйымның 26 түрін шығарғаны, шикізат пен материалдарды, электр энергиясын үнемдеу бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін, В.И.Лениннің туғанына 110 жыл толуына арналған социалистік жарыстарға белсенді түрде қатысып, табысты міндеттемелерді орындап естелік белгісімен марапатталған және Қазақстан Лениншіл Жастар Одағы қалалық комитетінің ауыспалы қызыл туын жеңіп алған.
1987 жылы ескірген жабдықтар жаңаға ауыстырылғаннан кейін, аяқ киім тасымалдау, дайын өнімдерді сақтау үшін 30 дана стеллаж-арба сатып алынған.
1989 жылы фабрика директоры болып О.Момынқұлов тағайындалып, 1991 жылы желтоқсан айында Қызылорда аяқ киім фабрикасының ұжымдық кәсіпорны болып қайта құрылған. Кәсіпорынның көркем-техникалық кеңесімен 44 жаңа модель бекітілген.
1993 жылы фабрикада жұмыс істейтіндердің жалпы саны 931 адамды құрады. Жоғары білімді 39 адам, арнаулы орта білімді 18 адам, инженерлік-техникалық жұмысшы шебері және қызметшілер 84 адам болды. 33 аяқ киім үлгілерінің өндірісі іске қосылып, оның ішінде 10-на жаңа аяқ киім үлгісі болды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін фабрика шығарған аяқ киім үлгілері сұранысқа ие болмады. 1996 жылы фабрика «Қызылорда аяқ киім» АҚ болып қайта құрылып, 2004 жылы таратылған. Облыс орталығында орналасып, жарты ғасырдан астам жұмыс жасаған фабриканың тарихынан архив құжаттары осылай сыр шертеді.
Әсел Байменова,
Қызылорда облысының
мемлекеттік архивінің
ІІ санатты палеографы