Әлемді мейірімділік құтқарады
Бірлігіңнен айналайын, қалың қазақ!.. Бұған дейін де ел басына түскен талай нәубетті жарға жығып, бір-біріне берік қорған болып, осы күнге де аман жеттік емес пе? Енді, міне, ел басына күн туып, етікпенен су кешер сәт келгенде ерлеріміз босбелбеулік танытпай, халқымыздың қанына сіңген мәрттік пен жомарттықтың өнегесін өрістете түскеніне іштей қуанып отырмыз. Осынау қысылтаяң шақта басын бұғып, барды бауырына басып жемей, қыранша шашып жеген жомарт жандардың мұндай игілікті ісі қашанда көпке үлгі.
«Ел торықса, ерге сын» дегендей, бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай осындай сауапты іске үн қосып жүрген Сыр жанашырларының қатарында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ облыс бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаев та бар. Ол өз отбасының атынан Ана мен бала орталығына екі оттегі концентраторын сыйға тартып отыр. Аталмыш орталықта індеттің таралуына байланысты кейбір медициналық құрылғылардың жетіспеушілігін ескере отырып, филиал директоры екі «АРМЕД» оттегі концентраторын табыс етті. Сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу болу – перзенттік парызы екенін алға тартқан Айдын Бөкенбайұлы алдағы уақытта да мұндай шарапатты істің ұйытқысы болатынын айтады.
Бір қуантарлығы, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, елді елеңдеткен дертті ауыздықтауда ешкімнің де бейжай қарап, қалыс қалғысы жоқ. ЖаҺан аты жаман ауруға жұтылып, әлем әуре-сарсаңға түскен шақта азаматтық істен айнымаған жомарт жандар індет салған ылаңнан шығар жолда берекелі тірліктің қамалын тұрғызды. Бәрінің ниеті – біреу, тілегі – жалғыз. Барша науқас қос өкпені қысқан кеселден құлан таза айығып, бәз-баяғы шат-шадыман күнге қайта оралсақ дейді. «Көп тілегі қабыл» деген. Төрт көзіміз түгел, төңірек тегіс болатын күннің ауылы да алыс емес. Бастысы, дүние дүрбеленіп, бас қайғы таразығы түскенде қазақ деген өжет халық тағы да тату тірліктің өнегесін көрсеттік. «Біз біргеміз!» деп бос ұранмен атой салмай, бір жұтым ауаға зар болған дертті жандарға қол ұшын создық. Бірге күлдік, бірге жыладық. Күш бердік. Бұл сынақта сынып кетпеуге сөз бердік. Міне, елдігіміздің сыналып, бірлігіміздің нығаятын нағыз сын сағаты туды. Бірақ, елім деп елпілдеп жүрген осындай атымтай жомарт жандардың сауапты ісін көргенде «Болсайшы адамдардың бәрі осындай» деген ой айдындағы желкендей желбірей кетеді.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА