Нақты ақпарат, жедел желі – ел игілігі
«Қысылтаяң кезде Сыр жұртшылығы ауызбірліктің үлгісін іспен көрсетті. Ел басына күн туған шақта жұмылып жұдырық болған қайырымды жандар енді «Syr Volonterlary» орталығында бір мақсат, бір мүддемен бас қосады. Еліме еңбегім сіңсін деген мейірімді жүрек иелерін бір ортада тоғыстыру мақсатында ашылған орталық игі бастамаларға ұйытқы болмақ».
Алаңдаған жұртшылықтың қай бағытта да жалған дақпырттың жетегінде кетпей, нақты әрі толыққанды мәлімет алуына ресми ақпарат көздерінің үлесі зор. Әсіресе, мынадай елең-алаң шақта тұрғындар кімге сенерін білмей дал болғаны белгілі. Бүкіл адамзатқа кесапат болған вирустың елге таралуы, оны қанша адамның жұқтырғаны, сауыққаны, зардап шеккені сынды мәліметтер тек ресми дерек көздерінде жарияланып отырды.
– Өңірдегі ахуал мен сақтық шараларын 14 республикалық, 22 жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары ақпараттандырды. Бұдан бөлек, «400-100.kz», «Кyzylorda-news.kz» сайтының арнайы COVID-19 медиа блогы, «Naqty aqparat» интернет каналы да тұрақты жұмыс істеді. Мамандардың кеңесі, арнайы сұқбаты көпшілікке ұсынылды. Бүгінгі күні індеттің өршуі сәл бесеңдегендей. Дегенмен, босаңсуға да болмайды. Әлі де болса ауырып, ем алып жатқан науқастар бар. Оның кейбірі үй жағдайында емделуге мәжбүр. Осы орайда оларға жергілікті емханалар жанынан құрылған 161 мобильді топ қызмет көрсетуде. Қысылтаяң кезде Сыр жұртшылығы ауызбірліктің үлгісін іспен көрсетті. Ел басына күн туған шақта жұмылып жұдырық болған қайырымды жандар енді «Syr Volonterlary» орталығында бір мақсат, бір мүддемен бас қосады. Еліме еңбегім сіңсін деген мейірімді жүрек иелерін бір ортада тоғыстыру мақсатында ашылған орталық игі бастамаларға ұйытқы болмақ, – деді аймақ басшысының орынбасары.
Бұл кеселдің өңірге жетуі аймақ халқының үрейін тудырғаны рас. Күнделікті ақпарат көздеріне сүйене отырып, сақтық шарасына бағыну, вирустың кең таралмауы үшін оқшаулану әдісі жіті түсіндірілген. Соның барлығы мақала, бейнематериал, инфографика, постер, нұсқаулықтар арқылы жүзеге асты. Қауіптің беті әлі де болса қайтқан жоқ. Сондықтан көпшілікке нақты ақпарат, тұшымды жауап беру, түсіндірме жұмыстарын жүргізу әрі қарай да жалғасады.
Кешегідей қиын сәтте адами фактордың әсерінен кемшіліктер орын алғаны белгілі. Дәрі тапшылығы, бағаның ретсіз өсуі сынды жағдай елді титықтатқан. Облыс әкімінің орынбасары Серік Әбжәлелұлы енді мұндай жағдайға кезіккен тұрғындар «109» бірыңғай диспетчерлік қызметі мен республика бойынша 1406 жедел желісіне хабарласуға болатынын, ал, тұрғындарға қажетті кеңес беру үшін облыстың медицина мамандары «Qyzylorda» телеарнасындағы «Дәрігер сағаты» бағдарламасында тікелей байланысқа шығатынын атап өтті.
А.СЕЙІЛ