Сынақтан сабақ алдық па?
Жер-жаһанға жайылып, адамзатты көктей солдырған коронавирус індеті ел болып, етек-жеңімізді жинағанымызға отыз жыл да толып үлгермеген біз тұрмақ, экономикасы бізден әлдеқайда қуатты, медицинасы әлдеқайда мығым елдердің де талайын тізе бүктіріп, әбігерге салды. Десе де, жаратылысынан мамыражай халықты тұтқиылдан соққан жаудай есеңгіретіп кеткен бұл індетті ауыздықтауда жедел шаралар қолға алынды.
Дабылдың дер кезінде қағылуы, биліктің темірдей тәртібі, Үкіметтің үйлесімді ісі, салалық министрліктің ыждаһатты тірлігі тажалға төтеп беруге жол ашып келеді. Бірақ, тәжірибе көрсетіп отырғандай, індетпен күресте лезде алдын алу жұмыстары жүзеге асырылғанымен, оның нәтижелігі халықтың талапты сақтау үдесінен шығуымен тығыз байланысты болып отыр. Демек, шартарапты шарасыз еткен ылаңнан аман шығу билік пен халықтың, яғни, екі жақты жауапкершіліктің беки түсуімен жеделдене түспек.
Бүгінгінің мәтелі: «Шақырған жерге барма!»
Үйден шықпа! Қонаққа барма! Той жасама! Науқастың көңілін сұрама! Жаназаға барма! Қол алып, құшақтасып амандаспа! Ықылым заманнан қойы қоралас, ауылы аралас күн кешіп, шаңырағынан мейман үзілмеген қонақжай халқымыз үшін мұндай талапты бұлжытпай орындап, темірдей тәртіпке бас ию оңайға соқпады. «Қырық жыл соғыс болса да, ажалды өледі» деген сөзге имандай иланды ма, әйтеуір, талай жылдан бері бір-бірінің қуанышы мен қайғысына ортақтасып, үйреніп қалған қазекемнің карантин кезінде де бас қосқаны өтірік емес. Жасырып қыз ұзатып, беташар жасадық. Тығылып анда бардық, тығылып мында бардық. Ақыр соңында індеттің індеп құтырып, жасты да, кәріні де баудай түсіруіне себепші болдық. Расында да, солай. Әлем халқы жанталасып, сақтанудың қамын жасап жатқанда, «Жазым болса, быламыққа тіс сынар» деп біз тағы да самарқау кейіппен немқұрайдылық таныттық. Айдалада ақ отауда жалғыз отырған жоқпыз, елмен бірге көрерміз дедік. Қорғаныш бетпердесін де тағып қарық қылмадық. Біресе, бір құлаққа іліп, біресе иек астына ысыра салып оның да берекетін қашырдық. Ал, жау жағадан алып, індет қос өкпені қыса түскенде өзіміздің осындай бойкүйездігімізге қарамай, билікке аттан қостық. Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында қаншама қаулы-ереже қабылданғанымен оның орындалу барысы жарты жолда қалып жатқанына қанық болған Үкімет басындағылар енді карантиндік талапты күштеп орындатуға шешім қабылдаған еді. Талапқа бағынбай, шеттен шыққандарға арнайы айыппұл межесі белгіленіп, қадағалау шаралары қатаң жүргізілді. Нәтижесінде түрғындардың бейсауыт жүрістері тыйылып, өз-өздеріне жауапкершілігі жоғарылағаны байқалған. Осындайда біздің халық аурудан емес, айыппұлдан қорқады екен-ау деген ойға келесің. Өткенде «Биттің қабығындай бетпердеге бола, айыппұл төлеп кетіп жүрмейік. Тағып алуды ұмытпаңдар!» деген орта жастағы апаның сөзін естіп, жағамды ұстадым. Ойпырмай-ә, сонда біздің өз денсаулығымызға осыншалықты жанымыз ашымайтын болғаны ма? Әлгі кісінің инфекция жұқтырып алармын-ау деп емес, қалтасынан шығар артық шығынды ойлап тұрғанына қынжылдым. Билік «Бетперде тағыңдар!» деп дабыл қақса, өзіміз үшін. Түптеп келгенде әркімге денінің саулығы, басының амандығы өзіне құт емес пе? Осыны саналы түрде ұғынар күн әлдеқашан туды ғой.
Тәртіпке бағынбағандар айыппұл арқалады
Тентекті тезге түсіретін тәртіп бар. Карантиндік режим мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзған азаматтар енді айыппұл арқалайды. Әкімшілік жауапкершілікке жеке тұлғалар 30 айлық есептік көрсеткішпен, ал кәсіпкерлік нысандары 230 АЕК-тен жоғары сомаға тартылады. Заң – солай.
Осыған сәйкес, облыста да талап-ережелерді қатаң сақтау жіті қадағалануда. Ал, мамандар күн сайын көшеде бетпердесіз жүрген адамдарға үгіт-насихат жүргізуге кіріскен. Мойынұсынбағандар 83 мың теңге айыппұл төлеп, жазаланбақ. «Түсініктеме жүргізгенді елемей, ерегісіп кететіндер де аз емес. Тегін бетпердені алудың өзінен бас тартады. Талапқа бағынғысы келмейді» дейді олар.
Мәселен, қалада рейдтік тексеру шарасы кезінде бір күнде 13 кәсіп иесіне анықтама толтырылу дерегі орын алған. Күн сайын қала әкімдігі, эпидемиологтар және ішкі істер органдарының қызметкерлерінен құралған арнайы мониторингтік топ төрт бағытта жұмыс жүргізуде. Дегенмен, Заңды белден басқандар қатары азаймай тұр. Оның басым бөлігі маска тағу және қорғаныш қолғабын кию міндетті талаптарын бұзған. Сондай-ақ, дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарының шекті уақыттан тыс жұмыс жасап тұрғандығы анықталды.
Нақты деректерді алға тартсақ, Қорқыт ата 3а мекен жайында орналасқан «Саламат» дүкенінің иесі жарықты өшіріп қойып, 22:30 ға дейін жұмысын тоқтатпаған. Ал, Байтұрсынов көшесінің бойындағы «Коммуналка бар» кафесінде келушілердің жиыны 23:00 ге дейін жалғасқан. Олар мониторингтік топтың араласуымен ғимаратты босатып, үйлеріне қайтарылды. Кәсіп иесі болса бас санитарлық дәрігердің қаулысымен таныс емеспін деп жауапкершіліктен жалтармақшы болыпты. Тіпті, рейд кезінде жұмысшы топты көре сала есікті ішінен іліп, тығылған азаматтар да кездесіпті. Бұған дейін де арнайы мониторингтік топ қала аумағындағы санитариялық режим талаптарын бақылау мақсатында күнделікті аралап, тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келді. Нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 116 анықтама толтырылып, сотқа жолданып, 8 кәсіп иесіне шара көрілген.
Ал, қалалық ішкі істер басқармасының мәліметінше, облыста төтенше жағдай енгізілген көктем мезгілінен бастап бүгінге дейін талапқа бағынбағаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабымен 1267 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде үй жағдайында болмаған – 342, блокбекеттерден заңсыз өту – 73, көлік қозғалысының шектеу режимін бұзу – 385, медициналық бетпердесіз болу – 126, автокөлікке артық жолаушы тасымалдау – 51, стационарлы карантинде болуды бұзу – 3, үй карантинінде болуды бұзу – 1, жеке үйлерде той жасау – 25, карантин режимін бұзған кафе-мейрамханалар – 49, компьютер клубтары – 9, дүкен – 91, көлік жөндеу – 19, көлік жуу – 7, қонақ үй – 6 заңсыздық дерегі тіркелген. Сотпен 509 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынса, 325 азамат әкімшілік қамауға алынған. Сондай-ақ, 307 азаматқа ескерту жарияланып, 126 әкімшілік іс төтенше жағдайдың алынуына байланысты өндірістен тоқтатылған. Сонымен бірге, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарияланған материалдарға бақылау жүргізіліп, көрінеу жалған ақпарат таратқандар ісі де жауапсыз қалмаған. Аталған жағдай аясында 11 дерек анықталып, олар бойынша бүгінде ҚР ҚК-нің 274-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Көрсоқырлық вирустан да қауіпті
Шындығында, дүние жүзін дүдамал күй кештірген бұл індет біздің ұлттық сана мен түсінік-түйсігіміздің таяздығын бетін ашып бергендей. Той жасап, келмегендерді «Ағайынның тойына келмеді, бәріміз ауырып, сол ғана аман қаламын дей ме екен. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деген бар» деп күстаналайды ғой тағы. Жағдайдың ушығып тұрғанына қарамастан халық жиып той өткізіп, құдайы-садақа беру барып тұрған надандық немесе ұлтқа жасалған қастандық десе артық емес. Әсілі, вирустың таралуына кеңінен жол ашып жүрген өзіміз-ау. Осындайда көрсоқырлық пен надандық вирустан да қауіпті екен ғой деген ойға қаласың. «Өзіңе де, өзгеге де зияныңды тигізбе!Тыйылу керек!» дегенді біреу тыңдаса, біреу қолын сілтеп, құлағына да ілмеді. Тіпті, қасиетті Құранның өзінде індет болған жерге бармау, ал егер сондай жерде болсаң өзгеге таратпау үшін сол ортадан кетпеу қажеттігі жазылған екен. Ендеше, тәртіпке бағынбасақ та, ең болмаса шариғат шеңберінен шықпауды ескерген абзал. Айналып келгенде, мұның барлығы мемлекеттің басты байлығы – адамның, мына біздің қамымыз үшін жасалған батыл қадамдар. Немқұрайдылықпен шоқ бастық, жақындарымыздан айырылдық, «әттеген-ай» деп сан соқтық. Сол сынақтан сабақ алып, ес жияр сәт әлдеқашан туған сияқты. Арқаны кеңге салар уақыт емес. Етек-жеңімізді жинайық, жұртым!
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА