«Үй жағдайындағы стационар»: қызметі қандай?
Қауіпті індет басталғаннан бері елімізде онымен күрес шаралары жедел қолға алынды. Науқастарға амбулаторлы көмектің қолжетімдігін қамтамасыз ету және динамикалық бақылаудағы ауруды үй жағдайында бақылау үшін аймақта 125 мобильді топтар ұйымдастырылған болатын. Соның 33-і қалада емделушілерге қызмет көрсетуде. Оның құрамына 1 дәрігер, 1 орта буын қызметкері және 1 жүргізуші кіреді.
Одан бөлек, 13 шілдесінен бастап пневмония диагнозы қойылып, амбулаторлы емді қажет ететін науқастарға арналып «Үй жағдайындағы стационар» қызметі іске қосылды. Осы талаптың бәрін мүлтіксіз жүзеге асыруда жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқан №6 емханадағы ақ халатты абзал жандардың еңбегі ерекше.
Қазіргі таңда мұнда I және жоғарғы санаттағы білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Емхананың бас дәрігері Жанат Кожарипованың айтуынша, еліміздегі эпидемиялық ахуалға байланысты емханада үстіміздегі жылдың 21 наурызынан бастап 4 мобильді бригада жұмыс жасауда. Олар осы кезге дейін күніне 250-280 дейін шақыртуға барып үлгерген. Көмекке жүгінетіндердің 90 процентінің шағымы дене қызуының көтерілуі мен жөтелуге қатысты. Осы індет басталмай тұрғанда күніне 30-40 шақырту болған. Осы аптада шақырту бойынша көрсеткіш күніне 80-90-ға дейін төмендеген. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағдарламасы бойынша пневмония диагнозы қойылған науқастарға тегін дәрі беруге ұсыныс жасалған. Демек жақын арада қауіпті дерттің құрығына түскендер дәрімен қамтылатын күн алыс емес. Сонымен қатар мұндағы ем-шара алу кабинетінің жұмыс ауқымы да ұлғайтылыпты. «Қазір онда 3-4 орта буын қызметкерлері жұмыс жасауда. Күні кеше 80-дей адам келіп ем алды. Күнделікті таңғы 8-ден кешкі 20:00-ге дейін қызмет көрсетудеміз. Сенбі күні жұмыс кестесі 17:00-ге дейін, жексенбі күні 14:00-ге дейін ұзартылды» дейді бас дәрігер.
Мұнымен шектелмей, үй жағдайында стационарлық көмек көрсету ұйымдастырылған. Нәтижесінде 100-ден астам адам дертіне шипа көріп, 130-дай науқас үйде ем алуда. Ол кісілерге жіті бақылау жасалып, дәрігер тағайындалған. Тиісті дәрі-дәрмек беріліп, аймақтық және күндізгі бөлімнің орта буын дәрігерлерінің нұсқауымен науқастарға үйден стационарлық көмек көрсетілуде.
Г.Асқарқызы