Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Мерейі үстем мейірбике

Мерейі үстем мейірбике

Қоғамның басты байлығы – адам және оның амандығы. Қазіргі таңда елімізге тосыннан келген қауіпті індет денсаулықтың қадірін арттыра түсті. Тіпті, адам жанына араша болып, науқастың дендеген ауруынан айығып кетуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген ақ халатты жандардың еңбегі елене түсті.
Саналы ғұмырын адам емдеу ісіне арнап, сол мамандықтың қыр-сырын меңгерген маманның бірі – Кенжегүл Құлымбетова. Мерейі үстем болған мейірбике бүгінде зейнет жасында болса да осындай қиын­дық кезінде халыққа қызмет етуде. Өз ісінің майталманы болған маманмен аз-кем әңгімелесудің сәті түсті. 
1976 жылы медициналық колледжді бітірген ол алғашқы еңбек жолын облыс орталығындағы №1 емханада қызмет етуден бастады. Науқастармен жақсы қарым-қатынас орната білді. Өз ісіне шын берілді. Қызметіне адалдық танытты. Одан кейін көз дәрігері каби­нетінде жұмыс жасады. 1978 жылдан бастап ЦКЗ-нің емханасына қызмет етеді. Көз, тіс емдеу, лор кабинетінде халыққа еңбек етті. Ал 1991 жылдан бастап №5 қалалық емханада 2015 жылға дейін терапия бөлімінің аға аяжаны болды. Осы ұжымда абыройлы қызмет атқарып, зейнетке шығады. Кенжегүл Құлымбетова бүгінде отбасында аяулы ана, бақытты әже атанған жан.
– Мейірбике біз оқушы кезде өте қажет мамандықтың бірі болды. Жастардың көбісі мұғалім мен осы саладағы мамандықты таңдайтын. Бұл мамандықты өзім таңдадым. Кішкентай кезімнен бастап біреуге көмек беру ұнайтын. Мен үшін кісіні емдеп, оған көмек беру – игі іс. Мейірбике болып қызмет істеу оңай емес. Оның үстіне  кейбір науқастар өте талғампаз әрі кір­пияз болады. Әрине, бәрінің де өзіне міндеттелген жұмысы бар. Десе де, біздің саладағы басты күш осы маман иелеріне түседі. Олар науқастарға ауырт­пай ине шаншуға, бабын табуға тырысып бағады, – дейді ол.
Мейірбике Кенжегүл Абдуайтқызы­ның өз мамандығына деген махаббаты шексіз. Жалпы, бұл қызмет – өте күр­делі, жауапкершілігі мол мамандық. Сондықтан, мұнда  рухы жоғары, шы­дамды, қайырымды, кез келген уақытта көмек беруге әзір тұратын жандар ғана істей алады. Мейірбике ісіне кездейсоқ адамдар келмейді деп жатады. Бұл сөз бекер айтылмаған. Оның адамға жаны ашитын, жүрегі жұмсақ жан екені әрбір сөзінен байқалып тұр. Сол үшін де болар бүгінгідей қиын кезде халыққа қызмет етуді жалғастырып келеді. Осыдан-ақ антына адал қызметкер болғаны аңғарылады.
– Бүкіл елге қауіп төндірген індет адамзатты сынаққа алып жатқан секіл­ді. Күтпеген жерден келген дертке елі­міздің денсаулық сақтау саласы дайын болмағандай. Дегенмен, бұл күресте дәрі­герлер мен мейірбикенің еңбегі ерекше. Олар күні-түні жұмыс жасауда. Мейірбике дәрігердің оң қолы десе де болады. Мен де үйден онлайн жұмыс жасап, қажетті ем-шара­сын жасауда тұрғындарға көмек берудемін. Бұл қызметпен қатар адам­дықтың да белгісі. Дәл осындай шақ­та бір-біріне қамқор жандардың бар екендігі байқалуда. Қаламызда жана­шыр азамат көп екен. Осын­дай бірліктің нәтижесінде қауіпті ін­детті жеңіп шығатынымыз анық, – дейді Кенжегүл Құлымбетова.
Халыққа қол көмегін жасап отырған зейнеттегі мейірбике жастарға әркез білгенін үйретіп отырады. Білікті жан әрдайым жас мамандарға үлгі.
– Қазірде індеттің қаупі сейілген секілді. Десек те, одан сақтану шарасын есте ұстағанымыз дұрыс. Бүгінгідей қиын кезде жұмыс жасап жүр­ген денсаулық сақтау саласының қызмет­керлеріне алғысым шексіз. Дегенмен, халық індетке қарсы тұру қажет. Ол үшін сақтық шарасына  көп көңіл бөлу керек. Ең бастысы, халықтың алғысына ие болсақ, соның өзі біз үшін үлкен марапат. Халық үшін еңбек етуден шаршамаймын, – дейді ол.
Иә, қандай атақ болса да халықтың берген батасына, алғысына жетпейтіні рас. Ол кісі қызмет еткен жылдарында халықтың ризалығына бөленіп үлгерді. Өз ісінің нағыз білгірі болған тәжірибелі  маман қандай құрметке де лайық. Демек, бұл мейірбикенің мерейі үстем болғанының  айқын дәлелі.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
25 шілде 2020 ж. 508 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам