Күріштің күйі қалай?
«Сыр күріші – ел ырысы» екені әмбеге аян. Қасиетті Жер – Ананы қадірлеп, күтіп баптаған бағбан қашанда мол табысқа кенелері хақ. Өйткені «Еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген халық даналығы бар. Ауыл шаруашылығы саласы біздің негізгі тірегіміз саналады. Ақмешіттің айдарына айналған Ақмаржаннан мол өнім алып, ысырапсыз жинап алу жылдағы дәстүрге айналып келеді. Алайда биылғы жылы су тапшылығы сезілетінін мамандар дер кезінде бағамдап, су жетіспеушілігі болатынын айтып дабыл қақты. Мақсат шамадан тыс өнім егіп, қуратып алмаудың алдын алу болатын. Алайда тәуекелшіл қазақ көзсіз батылдыққа барып, енді соның зардабын тартып отыр.
Жорабектің жорамалы
«Қазсушар» өндірістік учаскесінің директоры Жорабек Нұрымбетов көктемгі егіс науқаны кезінде барлық шаруашылыққа неғұрлым суды аз қажет ететін өнім егу жөнінде кеңес берілгендігін айтқан болатын. Біздің аймақ құрғақты климат болғандықтан ескертпені елеген абзал. Өйткені, өнім өсіп шыққасын оның ысырапсыз қамбаға құйылғаны ләзім.
Дала диқандары жаз бойы талмай еңбек етіп, бір тамшы тер бір дән болып көгеріп, егіні бітік шығуына барынша күш жұмсамақ. Ауыл тұрғындарының атакәсібін жалғастыру қанға сіңген асыл қасиет.
Күтім жақсы
Қалалық ауыл шаруашылық бөлімі мамандарының айтуынша, ағымдағы жылы күріш дақылының өнімділігін жоғарылату мақсатында 3875 гектар күріш алқабына 3576 тонна минералды тыңайтқыш берілді. Оның ішінде 2982 тонна азотты, 594 тонна фосфорлы минералды тыңайтқышпен қоректендіру атқарылуда. 2850 гектарды гербицидпен өңдеу жұмыстары жоспарланып, қазіргі таңда 1305 гектар жерге арамшөптерге қарсы жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, күріш егісінің 350 гектары «Номини», 665 гектары «Солито», 140 гектары «Рейнбоу» 75 гектары «Гербитокс» және 75 гектары «Топшот» гербицидтерімен күріш арам шөптеріне қарсы жұмыстар жүргізілді.
Сонымен қатар, сала мамандары зерделеу барысында Сыр дақылының 2639 гектары жақсы, 942 гектары орташа, 189 гектары қанағаттанарлық деп бағалануда. Шаруашылық құрылымдары 1016 гектар ескі жоңышқаның 50 гектары тұқымға қалдырылып, қалған 966 гектарынан 1546 тонна көлемінде жоңышқа шөбі жиналғанын айтып отыр. II-ші орымды шілде айының ортасында ору жоспарлануда.
Қалаға секундына 363,7 текше метр су көлемі келуде
Күн тәртібіндегі мезгіл мәселесінде тұрған су бойынша қалада барлығы 3875 гектар жерге күріш дақылы егіліп, суға бастырылған. Су тапшылығын алдын алу мақсатында қала әкімдігі мен «ҚызылордаСушар» өндірістік учаскесі бірлесіп, іс-шара жоспары дайындалған. Соның негізінде қалаға қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдарымен су тапшылығын алдын алу мақсатында ескертпе хаттар таратылды. Қазіргі таңда Қызылорда қаласына секундына 363,7 текше метр су көлемі келуде.
Су шаруашылығы нысандарын дайындау бойынша жоспарланған су жүйелерін тазарту жұмыстары шаруашылықаралық каналдардың 81,6 мың текше метрі, ішкі шаруашылық каналдары 12 мың текше метрі толығымен тазаланды. Сондай-ақ ішкі шаруашылық каналдарының 20 дана гидробекеті жөнделген.
Тілші түйіні
Иә, «Ел ырысы – Сыр күріші» деген жай сөз ретінде ғана айтыла салған емес. Расымен де халықтың ырзық-несібесі. Су – тіршілік көзі екені бесенеден белгілі. Сыр жағасын жайлаған жайдарлы жұрт Жер-Анаға алғаш тұқым тастағанда көптің несібесі деп себеді. Ендеше көптің несібесі көкке қарата қоймас.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ