Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жауапкершілік жүгі жеңілдемейді

Жауапкершілік жүгі жеңілдемейді

Дүйсенбі күні қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Онда алдағы жылу беру маусымы, жаңа оқу жылына дайындық шаралары, жол қауіпсіздігі  сынды күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қаралды.
Қала әкімі күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді талқыламас бұрын кадрлық өзгерістерге тоқталды. Жаңа қызметке тағайындалған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Алмасбек Есмахановты, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бағлан Аманкелдиевті, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы лауазымына келген Ғабит Тобажановты, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязовты, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Индира Ақжігітованы, қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймұрзаеваны, қала әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас­шысы Бахыт Жанәліні таныстырды.
Одан соң «Қызылорда жылу электр орта­лығы» мекемесі директорының міндетін ат­қарушы Наурыз Сатханов жылу маусымына дайындық барысын баяндады. Баяндаманы тың­даған қала әкімі сала басшысына қатты және сұйық отынның тұрғындарға делдалсыз, тікелей отын тасымалдаушы кәсіпкерлерден жеткізілуін, елді мекендерде қатты және сұйық отындарға тапшылық орын алмауын қатаң бақылауға алу керек екенін ескертті. Айта кетейік, соңғы 7 жылда жылу жүйесін жаңғыртуға 10 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, қаладағы 72 процент магистралды жылу желілері ауыстырылған еді.
Мәжілістегі екінші мәселе «Жаңа оқу жылына дайындық барысы» туралы қалалық білім бө­лімінің басшысы Динара Баймұрзаева баяндады. Ағымдағы оқу жылының бірінші тоқсанында мектеп оқушылары еліміздегі пандемия жағдайына байланысты қашықтықтан оқытылатын болады. Жаңа оқу жылында облыстағы 50 мектеп қашықтан оқыту форматында, ауылдық 4 мектепте барлық санитарлық талапты сақтай отырып дәстүрлі оқыту жоспарлануда. Мектептердегі қашықтан оқыту BilimLand, Дарын онлайн интернет платформалары арқылы жүргізіледі.
– Қаладағы оқушылардың 92,4 проценті электронды құрылғылармен қамтамасыз етілген. Білім алушылардың қалған бөлігін құрылғылармен қамту үшін тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар интернет пен ұялы байланыс қолжетімсіз саналатын 2418 отбасын «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер есебінен мобильді интернетке қосу жұмыстары қарасты­рылуда. Сондай-ақ, компьютермен қамтылмаған 54 мұға­лімге облыстық және қалалық мұғалімдер кәсіп­одағының демеушілігімен электронды құрыл­ғылар беріледі, – деді бөлім басшысы.
Сонымен қатар, неше жыл жөндеу көрмеген бірнеше білім беру мекемелері биыл қайта жаңғыртудан өтуде. Мәселен, 2020 жылғы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында №143 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа оқу жылында Жаппасбай батыр көшесінің бойынан 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, Жезқазған трассасы бойындағы Бай­терек мөлтек ауданында 600 орындық мектеп, Саяхат және Демесінов көшесінің бойынан жеке инвестор қаржысымен 800 орындық 2 жеке мектеп құрылысы салынуда.
Ал, күн тәртібіндегі соңғы мәселе – жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында атқарылған шаралар туралы таныстырған қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ермек Құдайбергеновке шаһар басшысы бірқатар сын-ескертпелерді қадап айтты.
– Өткен жылмен салыстырғанда жол қозғалысы ережелерін бұзғандардың саны 11,8 процентке көбейген. Қайтыс болғандар саны да 2 есеге артқан. Облыстық, қалалық бюджеттің тапшылығына қара­мастан қаншама қаржылай қолдау жасалып жатқанмен, өкінішке орай, нәтиже көңіл қуантарлықтай емес. Жақында Тасбөгет кентінде орын алған бір отбасының жол-көлік оқиғасының құрбаны болғаны бәріміздің жанымызға қатты батты. Тіпті, қазір халық сыртқа шығып серуендеуге қорқып қалды. Тәртіп жоқ. Аталмыш оқиға орын алған соң да сіздердің тараптарыңыздан ешқандай жедел әрекет байқалмады. Бүгінге дейін сыныққа сылтау болып келген жаяу жүргіншілер жолының аздығы, бейне бақылау камералары мен бағдаршамдардың жетіспеушілігі сынды кемшіліктердің орнын толтырудамыз. Бірақ, сонда да сіздердің тараптарыңыздан нәтижелі жұмыс көрінбейді, – деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.
Мәжіліс соңында шаһар басшысы Н.Нәлібев жалпы жауапкершілік жүгі жеңілдемейтінін жеткізіп, бірқатар сала басшыларына жүйелі жұмыс істеуді тапсырды.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА
04 тамыз 2020 ж. 529 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам