Қала әкімдігінде аппараттық мәжіліс өтті
Мәжіліс «Қала күні» мерекесінің жоғары деңгейде аталып өтуіне атсалысқандарды, мереке аясында белсенділік таныта білген жоғары және арнаулы оқу орындарын, өнер ұжымдарын, үкіметтік емес ұйым өкілдерін қала әкімінің алғыс хаттарымен марапаттаудан басталды.
Сонымен қатар, шаһар басшысы қала әкімдігіндегі бірқатар кадрлық өзгерістермен таныстырып өтті.
Атап айтқанда, ҚР Қорғаныс министрілігінің бұйрығымен Намазбаев Руслан Бауыржанұлы Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы лауазымына тағайындалды.
Қызылорда қаласы әкімінің 2019 жылғы 16 қазандағы өкіміне сәйкес Ержанов Жақсылық Фазылбекұлы қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды.
Қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмасбек Есмахановтың баяндамасына сәйкес қазіргі таңда, Қызылорда қаласында 2019 жылдың 1 қазанына 26 211 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен (2018 жылдың тиісті кезеңінде 20 158 бірлік жұмыс істеп тұрған) салыстырғанда 5,5 пайызға өсіп, 82,7 пайызды көрсеткен.
Жыл соңына дейін жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілер санын 92 пайызға жеткізу мақсатында құзырлы мемлекеттік мекемелердің мамандарынан арнайы жұмысшы топ құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл бағытта Қызылорда облысы бойынша статистика департаменті және Қалалық кірістер басқармасымен тиісті жұмыстар жүргізілуде,-деді бөлім басшысы.
Аппараттық мәжілісте көтерілген екінші мәселе бойынша атқарылған жұмыстар туралы қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Семсер Сыздықов баяндама жасады.
Семсер Зұлпыхарұлының баяндауынша 2019 жылдың 9 айында бұқаралық спорттық іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес дене шынықтыру мекемелерімен бірлесіп 91 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 10 455 адам қамтылған. Қала құрама командасы 47 облыстық жарыстарға қатысып, 26 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Жыл соңына дейін бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес әртүрлі деңгейдегі 20-ға жуық спорттық жарыстарды өткізу жоспарлануда.
Қалалық, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімдері арасында дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық бұқаралық жұмыстарды жолға қоюға бағытталған облыстық байқаудың соңғы 5 жылдағы қорытындысымен Қызылорда қаласы І орында.
Мәжіліс соңында қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жиында берілген тапсырмалардың орындалуын тиісті сала басшыларына тапсырды.