Бақша неден сарғайды?
– Есік алдындағы алақандай жер берекелі-ақ. Жаз бойы өзімізге де, көрші-қолаңға да осы жерден қияр-қызанақты үзіп жеуге молынан жетеді. Биыл не болғанын білмеймін, шілденің ыстық күнінің бірінде екі күннің ішінде сап-сары болды да, қурап қалды.
– Бізде де осы жағдай. Күтімі болмады деп ойланып жүргем.
Бүгінгі жаз мәселесінің бірі осы. Есік алдында бақшасы бар екі тұрғынның басы қосылса сарғайған жапырақты талқылап, сұрағына жауап таба алмай жүр. Жылда есік алдынан бақша өнімін үзіп жейтіндер енді базарға жүгірді. Базардың жайы да жылдағыдай емес. Көп көкейіндегі мәселені шамамыз жеткенше біз де зерттеп көрдік...
Шіліңгір шілде аяғы базардың нағыз қызған шағы. Жеміс-жидектің де, көкөністің де ағыл-тегіл болып жататын маусымы. Жылдағыдай базар көрінісі қызылды-жасылды көкөністермен сәні кіріп қалыпты. Дегенмен, қияр мен қызанақтың жылдағыдай емес, аздығы байқалады. Қызанақтың бағасы келісі 150 теңгеден басталады. Қиярдың келісі –200-300 теңге аралығы. «Алып қалыңыз. Шиеліден келіп жатыр» дейді сатушы.
Әрі қарай саяжайлықтардың қатарына бұрылдық. Негізі көкөністің дәмдісін жегісі келетіндер арнайылап саяжай өнімін іздеп келетіні шындық. «Дәрі қосылмаған, таза өнім» деп баға беретіндер аз емес. Саяжай тұрғындары да базар нарқын қыздыруда. Мұндағы баға базар нарқынан жоғары. Қиярдың келісі –350-400 теңге, қызанақ-300-500 теңге аралығы. Ең қымбат қызанақ түсі қызғылт әрі дәмді болып келетін сорттан. Саяжай өнімінің бір-екі келісін таразыға тартып, биылғы өнім жайын сұрадық.
– Биыл молынан өнім ала алмадық. Жаз басталғалы осында 3-4 рет ғана қияр әкелдім. Жылда көктемде еккенімді күзге дейін сататынмын. Бәрі сап-сары болды да, қурап қалды. Күтім жасауымыздың кемі жоқ. Тұқымның сапалысын аламыз. Жерді көңмен өңдейміз. Биыл не болғанын өзіміз де түсінбей қалдық. Саяжайдың бәрінде де сондай, – дейді «ПМК 70» саяжай тұрғыны Сәнімкүл Нұрмағанбетова.
Жағдай сұраған соң саяжай тұрғыны көптің мәселесін де жеткізді. «Тілші болсаң, мына мәселені де қосып қойшы. Жаз бойы саяжайдан жиған-тергенімізді осында әкеліп сатамыз. Біздегі мәселе – жол қиындығы. Ойдым-ойдым жол біз сияқты үлкендерді тіптен діңкелетіп тастайды. Әнеукүні ой-шұқырды жамап бастап еді, аяғына жеткізбеді. Әкімге түгел жөндедік деп барған шығар» дейді өнім сатушы саяжай мәселесін айтып.
Шілде ортасында күз келгендей сарғайған бақша жайын әркім әрқалай жорамалдап жүр. «Мақта суарған кезде су бермеу керек» дейтін еді. Дәл сол кезді білмей қаламыз» десе, енді бірі «ерте еккен дұрыс емес, шілденің ыстығына шыдамайды» деп түйіндеді. «Жылдағы уақытта ектік» дейді бақша өнімін сатуды кәсіп еткен саяжайдың және бір тұрғыны.
Көптің сауалына жауап іздедік. Неде болса осы мекеме біледі-ау дегеннің барлығына қоңырау шалдық. «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі» аумақтық инспекциясына хабарласқанымызда ондағылар мұндай мәселемен айналыспайтынын айтып, «Агрокешенді дамыту жөніндегі» инспекцияға жөн сілтеді. Аталған мекеменің телефоны қанша рет қоңыраулатсақ та тілдесе алмадық.
Ал, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дәулетбек Әбдірасулов мұндай мәселеден хабарсыз екенін айтты:
– Күтімнің кемшіндігінен болар. Жалпы, біз бағаны тұрақтандыру бойынша халық көп тұтынатын азық-түліктің тізімін жасап, соларды үнемі бақылаудамыз. Бұл тізімде қияр мен қызанақ жоқ»,– дейді ол.
Әзірге сарғайған бақшаның жайы белгісіз. Бұл жаз бойы есік алдындағы өнімін сатып, күн көретіндердің басын қатырған мәселе. Ал бұдан шығатын мәселе – бізде бұл сұраққа жауап беретін саланың жоқ екендігі.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА