Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «Квартирантпыз!»

«Квартирантпыз!»

– Осылай тар жерде үймелеп тұра береміз бе? Ініңе айтсаңшы. Бас қамын жасасын. Әркімнің өз тіршілігі бар. Қашанғы біреудің көңіліне қарап өмір сүреміз? Бас-аяғы 5-6 ай ғана паналаймыз деп, келгендеріне жыл ауып бара жатыр ғой, – деді Сарагүл күйеуіне наразылық кейіппен. Көмейіне тығылған ашудан даусы да дірілдей түскен.
– Қырқына шыдап, қырық біріне де шыдам етсең болар еді. Сондай ақылсыз емес едің ғой. Әке-шешем де жоқ. Тұрмыс тауқыметін тартқан жалғыз бауырым Болатқа осындайда қарайласпасақ, кім көмектеседі?
– Қойш, Асан! Кішкентай бала құсатып өбектей бересің. Әйел, бала-шағасы бар еркек тегін үйді паналап жата бермей, тірлік етіп, кепедей болса да бір баспана алсын. Шымбайына ти­гізіп сөйлесең қозғалады ғой, –  деді Сарагүл тағы да алған бетінен қайтпай.
Әйелінің ашулы жүзін көр­ген Асан ары қарай ештеңе демеді. Түсіндіруге емеурін де танытпады. Сөз таластырғаннан пайда жоқ дегендей теріс қарап жата берген.
Аға-жеңгесінің бұл айқайын жұмыстан үйге оралған Болат естіп тұрған еді. Есік алдында мелшиіп тұрып қалған. Соңғы кезде жеңгесінің құты қашып сазарған кейпін байқап жүрсе де, жүгін жинап кетіп қалуға барар жер, басар тау болмаған соң амалсыздан тұрақтап жүр­ген. Тамақ-шай үстінде де кірпіше жиырылып отырғаны. Біреуге масыл болмайын деп қанша тырысса да тиын құр­ғырдың басы құралар емес. Өзі жалданып вагоннан жүк түсіреді, пұлына біреудің қора­сын тазалайды. Одан түскен ақшаны үйге шайына пұл ете­ді. Келіншегі бір-біріне тете балаларымен үйде отыр. Әуел баста Болат жеңгесінің бұл ісіне аздап ренжігенмен артынша оныкі де жөн ғой деген байламға келген. Қуықтай екі бөлмеде ағасы мен өзінің бала-шағасын қосқанда 9 жан тұрады. Жуынса да, әжетхана кірсе де кезекке тұрады. Енді қайтпек керек? Әйел, бала-шағасын алып, жал­дамалы пәтер жағалау ма? Аға-жеңгесімен арадағы сый­ластықты сақтап қалудың жал­ғыз жолы осы сияқты. Сөйтті де, қалта-дорбасын жинап, бала-шағасын ертіп, базар маңындағы жалдамалы ескі барақ үйге қарай тартып отырған. Болат үшін бұдан кейінгі өмірі қалың тұмандай тым беймәлім еді... Қалай күн көрмек? Пәтерақы мен несиені қалай төлемек? Үйелмелі-сүйелмелі балаларды қалай асырамақ? Тұрмыс те­пері­шінен әбден титықтаған Болаттың осыны ойлап, шақ­шадай басы шарадай болды.
Әсілінде, Болаттың күйін кешіп жүргендер көп-ау бүгінде. Иә, баспанасыз қаңғып жүр талай қазақ баласы... Бұрында үлкендер жағы «10-15 жыл екі отбасы бірігіп, қаланың ескі жатақханасын жалдап тұрдық. Сонда заманның ба, әлде, адам­ның кеңдігі ме, әйтеуір, сапырылысып бірі кіріп, бір шығып жүретін. Арасында ауылдан келетін ағайын-туыс, құрбы-құрдас қо­нақ­тарымыз да бар» деп айтып отыратын әңгі­мелерін жиі ес­титінбіз. «Ағаның үйі ақ жайлау» деп талай қазақ баласы ет жақын бауырларының үйін сағалап, оқуын оқыды. Қазір мұн­дай кеңдік қа­сиет сол кезден кейін келмеске кет­кендей. Бүгінде туыс­тың үйі­не үш күн­нен артық түнесең, ты­пыр­шып мазаң кетеді. Әсіресе, жаңа өмірге қадам басқан жас отбасылар үшін баспана бас қайғыға айналды. Бәрінің санасын бір ғана ой билеп алғандай. Пәтерақы тө­лейтін күнді елестетіп, бөтен­нің табалдырығында өгей­сіп жүргендегі сезімнің шыңы­рауына түсіп кеткен. Осы­лайша айлықтан шайлыққа әрең жетіп, алтын уақыттың жүгін артқан тоқтаусыз күн­дердің құнсызданып бара жат­қанын мойындауға тура келе­тіндей-ақ. «Сананы тұрмыс билеген заман» деп осыны айтса керек, сірә. Басыбайлы баспананың жоқтығынан бар тапқан-таянғанымен пәтерді жал­ға беруші қожайындардың қалтасын қомпайтып, өздері тентіреп жүрген жас отбасы­ны көргенде еріксіз жаныңыз ашиды. Отбасылық өмірдің ең тәтті шәрбатын сезінетін кезеңінде тұрмыстың тауқыме­тінен тоз-тозы шығып кетіп жатқандары да жоқ емес. Осын­дайда ұшқан құстың қанаты талатын, кең байтақ даладан қазақ баласына тулақтай жер телімінің тимегеніне қапа бо­ласың. Үй жоқ, күй жоқ, ақша жоқ. Отбасындағы кикілжіңнің басты себептері – осы. Осыдан соң арада ұрыс-керіс пайда болады. Шешімі жоқ тұрмыс тауқыметі мәселелерінен баяғы жалындап тұрған махаббаттың да табы басылады. Оты өшеді, арада суықтық пайда болады. Осылайша жағдай ушығып, ақыр соңында екі жастың ажы­расып тынуымен аяқталады. Мықтылар бұл қиындықтан бірге өтсе, әлсіздер жарты жолда морт сынып, отбасылық өмір осымен тәмам болады. Кезінде тәтті сезіммен бір-біріне өле-өлгенше адал серттескен жандардың осылайша қу тір­ліктің құрбанына айналып жатқаны өкінішті. Қу ақша мен жыртық лашық болса да басыбайлы үйдің болмауынан елде талай отбасы күйреп, бала­лар жетім атануда. Жас от­басылардың бүгінгі сыйқы – осы. Бәрінің емес-ау, десе де ба­сымының басындағы күйіп тұр­ған жәйт бұл.      
Рас, елімізде жастарды, жас отбасыларды қолдау шаралары үздіксіз жүзеге асырылып жа­тыр. Бірақ, баспанаға қолжетім­ділік деңгейінің әлі де болса кемшің тұстары жетерлік. Ал­ғашқы жарнапұл төлеу, табыс көзін растау, тұрақты мекенжай сынды талаптардың барлығы тесік болса да бір шатырға қол жеткізуге кедергі болып отыр. Өздері әркімнің босағасын сағалап, ай сайынғы пәтерақыны әрең тауып, қалтаның түбін қағып жүргенде шарықтап тұр­ған үй бағасының жарты сома­сын қалай жинақтайды деген ой келеді.
Айтып-айтпай не керек, кіш­кентайымызда әжелеріміз ай­тып беретін ертегідегідей, кенеттен ат басындай алтын тауып алмасаңыз, не болмаса, ғайыптан ғажайып орнап, бір игі жақсы келіп, пәтер кілтін тапсырмаса, бәрінің де езе-езе малтасы шыққан мәселесі бұл. Тек «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, бас­пана деп тауға да, тасқа да бас ұрып жүргенде қарттық есік қағып тұрмасын деңіз.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА
04 тамыз 2020 ж. 481 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам