Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Мектептегі мұражай

Мектептегі мұражай



Қазақ – мыңдаған жылдардан жасап келе жатқан еңселі ел. Сонау Сақ, Ғұн тайпаларынан кешегі Күлтегін дәуіріне дейін дәстүр сабақтастығын дәріптеп һәм жаңғыртып келеді. Ата-бабадан мирас болған жәдігерлер кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Сыр өңірінің тарихи-мәдени жылнамасынан бастап қазақ даласындағы батыр, би, шешендердің тұрмыстық қолданыста тұтынған дүниелері Көмекбай Қаракөзов атындағы №235 орта мектептің Рахат Қалыұлы Құлтанов атындағы «Атамекен» мұражайында сақтаулы тұр.

Тарихи маңызы терең мұра
Өткенге тағзым – ұрпаққа аманат. Бұрынғы бабалар көшінен бүгінгі балалар байлығына айналып отырған құнды жәдігерлерді жинақтап жүрген сала ардагері Күләш Алматшаева. Қазіргі таңда мұражай қорында арғысы екі жүз жыл болған келі мен келісап, шоқ көмбіш, үкіш дәнектері тәрізді қазыналар бар. Әңгіме тінін әріден тарқатсақ, 1972 жылы 16 қарашада білім шаңырағы пайдалануға беріліп, осы жылы оқуын жаңа бітірген жас педагог К.Алматшаева еңбек жолын осы қарашаңырақта бастайды. Содан бері жарты ғасырға жуық бедерінде бір салада табанды жұмыс жасап келеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1998 жылы Сыр еліне сапарлап келеді. Сонда осы білім ұясында болып Асқар Жұматаев пен Маралбек Исаевтың қолынан шыққан мұражай есігін өзі ашып, қордағы ұлттық нақыштағы құнды жәдігерлерге ризашылығын білдіріп, батасын берген еді.
Иә, туған өлке – тұнған шежіре. Мектеп мұражайы Мұқағали Мақатаев атындағы республикалық қолөнершілер байқауында жеңімпаз атанды. Әр дүниенің шежіресі болады. Мектеп мұражайында алғашқы соғылған қоңырау, парта, мектеп паспорты мен тұңғыш кілті көздің қарашығындай сақтаулы тұр. Түркістан облысы, Түлкібас ауданының «Нұр баба» мешітінен келген 150 жылдық тарихы бар киізден жасалған жайнамаз, Дамаск қаласындағы Бейбарыс Сұлтан баба мәңгілік мекен еткен жердің және Ұлы Отан соғысы жылдары Белоруссия елін азат етуде қаза болған қазақтардың мазары басынан әкелінген топырақ адамның өн бойын толқытып, тебірентіп жібереді. Осылардың қатарында Арыстан бабтың пайдаланған мөрі де орын алған. Оны бабаның 26-ыншы ұрпағы Мамасадық ата табыстаған.

Жетістік – еңбектің жемісі
Мұражай қорында қазақ жазу­шылары мен алаш арыстарының өмір­деректері мен шығармалары бөлек-бөлек сақтаулы. Жыл басында мұражай меңгерушісі Күләш Алматшаева мен абайтанушы ұстаз Абат Жолдасова Абайдың 175 жылдығына орай Семей қала­сында өткен республикалық конфе­ренцияға қатысып қайтты. Сол сапарында Сыр өңірі оқушыларын апарып, мол мағ­лұматтармен таныстырып қайтқан еді. Шәкәрім мазарына тағзым етіп, Абай мұражайына аялдаған болатын. 2018 жылы Алматы қаласында Ұлттық кітапханада өткізілген қолөнершілер байқауында жоғары жетістікке жетіп, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы  аясында миллион теңгенің сертификатын иеленді. Мектеп мұражайындағы көне жәдігерлердің бірі – ат әбзел­дері мен киіз үй бөлшектері, басқұр мен шашбау, тулақ, сабау, тұтқыш, бөстек тәрізді түрлі дүниелер көрген жанның көзжауын алады. Қолөнер – ұлы өнер деп осындайда айтылса керек-ті. Сыр сүлейлері Тұрмағамбет, Жиенбай, Базар жыраулардың дауысы да сыр сандықта сақтаулы. Қысқасы тарихыңды танытатын тағылым талбесігі осында.
Сөз арасында айта кету керек, қазір жастардың басым бөлігі ғаламторға, жеңіл әуен тыңдауға құмар. Күнделікті өмірдің бір мезгілін мұражай аралауға арнаса дұрыс еді. Себебі, тарихты тану – адамның сана сезімін оятып, өмірге көзқарасын өзгертеді. Бұл – уақыт дәлелдеген формула.

Халқымның қазынасы
– Мақсатым – ұрпақты ұлттық дәстүрлер сабақтастығымен байланыстыру. Бұл бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда ұлттық кодымызды негіздеп рухани жаңғырумен тығыз үндеседі. Мұражай жұмысын жетілдірумен ондағы қазыналарды қаз-қалпында кейінгі буынға аманаттау менің перзенттік парызым деп есептеймін. Мұндай шежіреге деген әуестігім әкемнен дарыған даналық. Мұражай үш бөлімнен тұрады. Мен үшін әрбір дүниенің орны бөлек. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлердің киімі, каскасы мен қару-жарағы, елге жазған хаттарының түпнұсқасы бар. Сонымен қатар бүгінгі заман батырларының еңбегі мен ерлік жолы тарих бедерінде қаттаулы. Қарттармен сөйлескенді жаным қалайды. Олардың әрбір ұлағатты сөзі қайталанбас құбылыс. Қайбір жылы Абылай ханнан бастап, қазақтың 184 батыр, биі мәңгілік тыныстаған Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде болып, тұңғиық күй кештім. Ендігі жоспарым – ғылыми жобаларға қатысып, көне дүние күмбіріндей құнды жәдігерлерді жаңаша сипатта жаңғырту. Өткенде осында қасқырдың ішігін тапсырайын деп бір әжей келді. Айтуынша, осы мектепте оқитын немересі ертіп әкелген. «Шалымнан қалған ішікті келінім көнерді мұны қайтесіз, далаға тастайын деп жатқан жерінен мұражайға өткізгенді дұрыс көрдім» дейді. Осылай өздері әкеліп өткізіп жататындар бар. Әрбір жәдігердің тарихында терең философиялық мағына бар, – дейді мұражай жетекшісі Күләш Алматшаева.

Тарих толқыны жылнама жиегінде
«Атамекен» мұражайында мемлекеттің арғы-бергі тарихы мен тұлғалар жылнамасы жарқырап тұр. Солардың бірі – облыстық радионың тұңғыш дикторы, «Қызылорда вальсын» елге алғаш жеткізген Сәбит Жанабаевтың еңбектері. Жергілікті сазгерлер Бексұлтан Байкенжеев, Бейбіт Ахметов, Арыстан Айтбаевтың өз дауыстарын алтын қорда сақтаулы көрінеді.
– Шәкірттерге ұлттық мұраларды кеңінен насихаттап таныстыруға арнайы сағат бөлініп отыр және тәрбие сағатқа келген ата-аналарға мұражай қорына саяхат ұйымдастырылады. Оқушылар мұражайда жиі болады. Ол оқу кестесіне заңмен бекітіліп енгізілді. Алдағы уақытта өзге де білім ордаларында ашық сабақтар өткізу жоспарлануда. Шәкірттер әрбір құндылықтың қадірін терең түсінуі керек. Мәдени мұра аясында жоспарлы пән өткізіліп тұрады. Мұны лайықты жалғастыра береміз, – дейді мектеп директоры Гүлзира Мәжитқызы.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
08 тамыз 2020 ж. 529 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам