Ескерткіштер – тарихи тұғыр
Ескерткіштер әрбір елдің тарихынан сыр шертер халықтың ұлттық байлығы. 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы «18 сәуір – тарихи ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғаудың халықаралық күні» деп белгілеген болатын. Қазіргі таңда, аталмыш ұйым қатарында әлемнің 175 мемлекеті енген. Дүниежүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізіліп отыр.
Сыр өңірі еңселі ескерткіштерге толы
Облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің мәліметінше, аймағымызда 286 ескерткіш, оның ішінде 30 республикалық, 256 жергілікті маңызы бар ескерткіштер мемлекет қорғауына алынған. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 69 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың 4-і республикалық маңызы бар ескерткіштер болса, 30-ы жергілікті маңызы бар ескерткіш және 35-і алдын-ала есепке алынған ескерткіштер тізімінде.
Еңселі ескерткіштердің бірі Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына арналған ескерткіш кешені. Ол Сырдария өзенінің жағасында орналасқан. Қорқыт бабаға арналып тұрғызылған ескерткіш көлемдік кеңістіктік жағынан ерекшеленеді. Авторы – Жаркен Исмағұлов. Биіктігі – 12 метр. Еңселі тұғырға орнатылған үш қырлы бөлік ішкі ойығы арқылы қобыз бейнесін көрсетеді. Ортасында желмаяға мінген Қорқыт ата қобызы бейнеленген. Тағы бірі – «Сыр-Ана» монументі. Оның биіктігі 39 метр. «Сыр-Ана» стелласы сәукеле тәріздес.
Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ой, парасаты. Жер бетіндегі өркениетті елдер ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, тұлғаларымен танылады. Халқымыз сан ғасырлар бойы қаншама қиыншылық пен қысым көрсе де салт-дәстүрімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырғаны елдігіміздің ерекше қасиеттілігін көрсетеді. Қасиетті құндылықтарымыз бен мәдени мұраларымызды өскелен ұрпаққа аманаттап, ұмытпаған абзал.
2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылды. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттар жүйелі түрде жинақталып, кең көлемде зерттелді.
Зерттеу жүргізіле береді
– Биыл облыс аумағында сақ дәуірінің бәбіш мола, оғыз заманының Жанкент, Сортөбе, және Алтын Орданың 750 жылдығы аясында Сығанақ, Қышқала, Асанас қалашықтарына археологиялық зерттеу жұмыстары жалғастырылады. Соңғы жылдары облыс әкімдігі тарапынан зерттеу жұмыстарымен қатар, ескерткіштердің инфрақұрылымын жетілдіруге үлкен мән беріліп келеді. Мәселен, республикалық маңызы бар Сығанақ, Жанкент қалашықтары қоршалып, стелалар бой көтерді. Қазіргі таңда, 5 қалашықта далалық экспедиция жұмыстары бастау алды. Табылған 6486 экспонаттар мұражай қорында сақтаулы. Бүгінде Сыр өңірінде 6 археологиялық ескерткішке қазба жұмыстары жүргізілуде, – дейді облыстық мәдениет басқармасы басшысы Мира Абуова.
Өткеніміз – өнеге, бүгініміз – бағдар
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалар аясында өшкеніміз жанып, өткеніміз оралды. Аталған бағдарламалық мақалалар ұлт дамуының басты бағыттарын айқындап, бірегей ұлт екенімізді төрткүл дүниеге паш етті.
Сыр өңірі Ұлы Жібек жолы бойындағы отандық өркениетке сүбелі үлесін қосып келеді. Халықтың мәдениетін арттырып, ұлттық өнерімізді өркендетуде зор нәтижеге жетіп отыр. Ұлы құндылықтарымыз саналатын ескерткіштер туралы арнайы сайтта жұмыс жасайды. Бұл ел игілігі үшін жасалған ізгі бастама.
Ұлт өміріндегі әрбір шежірені зерделеп көрсең маңызы зор деректер дария бойынан молынан табылады. Сыр даласында көптеген шаһарлар орын тепсе, қарт Қаратаудың соңғы сілемдері жеткен облыс аумағында сан алуан ескерткіштер орналасқан. Ғалымдар Тұран өңірінде 1000-ға жуық тарихи-мәдени ескерткіштер бар екенін мәлімдейді. Күллі түркі жұрты Қорқыт атаны ортақ тұлға санайды. Аты аңызға айналған абыз баба кесенесіне тағзым етіп келушілерді көптеп кезестіруге болады. Осы рете айта кететін жайт Қорқыт ата мұраларының ЮНЕСКО тізіміне енгені Сыр елінің үлкен жетістігі. Жер-жаһанның әр қиырында өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың түп тамыры осы киелі мекенмен тығыз байланысты.
Тарихи ескерткіштер – елдіктің бейнесі
Ұлттық код – ұлттың тарихы, ғасырлар бойы қалыптасып, дамыған салт-дәстүр, тіл мен дінге қатысты бабалардың ұстанымы терең. Міне, осыларды сақтап, одан әрі дамыту жаһандану үрдісіне қарсы тұратын ұлттық діңгегіміздің беріктігі. Ендеше, ұлттық тарихты қайта жаңғыртып, тарихи жадыны тереңінен қалыптастырудың маңызы ерекше. Тіптен уақыттың қажеттілігі деуге толыққанды негіз бар. Қасиетті қазақ даласы байырғы көшпенділер дәуірінен сарқыт болған құтты мекен. Төл тарихымыз бен әдебиетімізге қатысты жауһарларды көзіміздің қарашығындай қорғау ұлт пен ұрпақ алдындағы бұлжымас парызымыз саналады. Әрбір жәдігер қайталанбас сәулет туындысы.
Тілші түйіні
Ескерткіштер – ел байлығы. Қай халықтың болса да рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштерімен, тарихи орындарынан баста¬лады. Бұл тарихи-мәдени мұралар куәсі. Тарихи ескерткіштер – құнды деректер саналады. Ескерткіштерімізді дәріптеу арқылы тарихымыз жаңғырып, рухани қазынамыз толыға түседі.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ