Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ақынның аяулылары

Ақынның аяулылары

Аты әлемге мәшһүр халқымыздың біртуар ұлы ақыны, данышпан Абай Құнанбаевтың шығармашылығы көпшілікке жақсы таныс.  Бас ақынның руханият әлеміне қалдырған мұралары күні бүгінге дейін өміршеңдігін жойған емес.  Ол ұрпақтан-ұрпаққа өсиет болары сөзсіз. Ал, осынша даналықты бойына жиған Абайдың өмір жолында Абай болып қалыптасуына әсер еткен аяулы жандар бар.

Әже мен ана тәлімі
Иә, дәстүрлі қазақ тұрмысында әженің тәрбиесін алмаған, оның тәлімінен сусындамаған бала кемде-кем. Қай ақын, жазушы, не басқа болсын алғашқы өнегені үлкендерден алған. Сол сияқты бала Абайдың шығармашылыққа бет бұрып, салт-дәстүрді танып, адами қасиетті бойға сіңіруіне әжесі Зеренің ықпалы зор болды. Белгілісі сол, сүйікті немересіне ертегі, қиссаларды, аңыз әңгімелерді оқытып, ерте жастан білімге құштарлығын оятқан, баланың қабілетін тани алған әз ананың оның тұлғалық қалыптасуына да зор үлесі сіңді. Ал, анасы Ұлжан ұлының ақын болуына тікелей әсер еткен жан ретінде ерекше аталады. Текті жерден түлеген ананың өткір тілді болмысы, сөзге шешендігі, әжесі Зеренің кең пейілділігі, ел құрметтеген даралығы тумысынан зерек балаға оң ықпал еткені анық.

Алғашқы махаббат
Ел ісімен жүрген кезекті бір сәтте Абай Сүйіндік ауылына түседі. «Махаббатсыз – дүние бос» деп ақын өзі жырлағандай пәк сезімнің алғаш ұшқынын осы кезде сезінеді. Бозбала ақынның жүрегін шым еткізіп, сезім пернесін шерткен сол Сүйіндіктің қызы Тоғжан болатын. Алғашқы махаббат. Пәк сезім. Іштей ұғынысқан қос жүрек. Ақын жанын теңіздей тулатып, шалқар шабыт сыйлаған да, ғашықтыққа толы сыршыл әуендердің дүниеге келуіне де себепкер болған – осы сұлу. Дегенмен бұл жүрекпен сүйсе де  Тәңірі бір болуды жазбаған махаббат еді.

Әкенің әмірі
Ибраһимның 13 жасында ел ісіне араласып, 15-інде отау тіккені айтылады. Алғашқы жары Ділдә текті отбасынан шыққан, Қазыбек бидің ұрпағы, арғын руының биі Алшынбайдың немересі деп таныстырылады. Екі жақтың уағдаласуы негізінде әкелердің әмірімен солай Абай Ділдәмен бас қосады. Оның абыз ақыннан 2 жасқа үлкендігі бар. Десе де, ел есінде бәйбіше атына лайық ақыл-парасатымен сақталған Ділдә мен Абайдың қарым-қатынасы туралы абайтанушылардың роман желісіне кереғар деректері бар. Одан Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Мағауия, Күлбадан, Райхан атты ұл-қыз тараған.

Сүйікті жар
Жазушы М.Әуезовтың «Абай жолы» романында Шүкіман Абайдың екінші рет ғашық болған, алғашқы махаббаты Тоғжанға ұқсатқан жары ретінде сипатталады. Шығармада қос ғашықтың кіршіксіз махаббат сезімі ерекше суреттеледі. Айдай сұлу ажары мен бітім-болмысына орай ақын оны Әйкерім деп айтқан екен. Әйкерім абыз ақынның 30 жасында жар еткен сұлуы, 11 жас кішілігі бар. Сүйікті жардан 4 бала дүниеге келген. 
Кейбір деректерде ақынды зерттеушілер Әйкерім мен Абайдың арасындағы ерекше махаббатты жоққа шығарады. Ақынның ғашығына уақыт өте келе көңілі суығаны, онысын жарының дүниеқорлығы салдарынан деп топшылайды. Ал, кей деректе оны шарасыздықтан бас қосқан әйелі деп те келтірген. Дүниеқоңыздықтың кесірінен Ділдә бәйбішенің «тоқал» деуімен, жұрт арасында да кемсітіп солай аталған деген де бар.

Әмеңгерлік
Ақынның сүйікті інісі Оспан өлгеннен кейін әмеңгерлік жолмен алған үшінші жары – Еркежан. Оспан қайтқаннан соң, ағайын-туыс Еркежанға көз салып, мал-мүлікке таласқан көрінеді. Осыдан соң жесір өз қалауымен ақынға жар болады. Абаймен арада бала болмаған, Оспаннан тараған ұрпағын тәрбиелеп өсірген. Десе де, Еркежан мен Абай арасында өзара сүйіспеншілік, сыйластық көрініс тапқан. Ұлы ақын өмірінің соңғы жылдарын Жидебайда Еркежанның отауында онымен бірге өткізген екен. Әулеттің адал келіні, аяулы жар атасы Құнанбайды, күйеуі Оспан мен Абайды, ақынның бәйбішесі Ділдә мен тоқалы Әйгерімді салт жоралғысымен  ақтық сапарға шығарып салу міндетін атқарған. Зере мен Ұлжанды өнеге тұтқан жақсы әйел бейнесінде қалған.
Қазақтың ұлы ақыны отбасылық өмірде 3 әйел алып, екеуінен 10 бала сүйген. Олардан 19 немере мен 13 шөбере тараған екен.
Дайындаған Айдана СЕЙІЛ
11 тамыз 2020 ж. 320 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам