Медет
Карантин басталмай тұрып бір туысымыздың туған күн кешіне бардық. Қазір астанада тұратын апалы-сіңлілі кісілер келді. Үлкені жетпістен асқан, кішісі алпыстан асқан жандар екен. Екеуі де ашық-жарқын мінезді. Танысып-біліскеннен кейін маған ерекше әсер еткен бір оқиғаны айтты. Сонымен...
Әкелері жас кезінде Ресейдің қиыр шығысында әскери борышын өтеп жүріп, орыстың бір қызын ұнатып қалады. Сол қызбен үйленіп, төрт-бес ай тұрады. Енді елге қайтатын уақыты болғанда соғыс басталады. Бұларды ең қиын кезде жау шебіне қояды. Содан қан майданға кірген әкелері соғыс аяқталғанда бір-ақ шыққан ғой. Жас жарынан да хабарсыз боп кетеді. Елге оралып, техникумда оқып жүргенінде қазақтың жас қызымен бас қосады. Содан біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүре бастайды.
Тұңғыштары дүниеге келеді. Бұл ұл бала өте сүйкімді болыпты. Екі жылдан кейін осы әңгімені айтып отырған апа туылған екен. «Ағам бес жастан аса бірден ауырып, екі-үш күн ішінде қайтып кетті. Көз тиген дейді анам. (Әңгіме айтып отырған апа телефонынан бір сурет көрсетті. Кекілі бар сүп-сүйкімді сәби бұл өмірге күлімдеп, тап-таза, пәк жүзбен қарап тұр екен. «Періште боп кетті ғой» деп күрсініп қойды.
Мен бестерге келгенімде анам тағы қыз туды. Солай бес қыз болдық. Ұл болмады басқа. Бес қыздың арасы алшақ. Төрт-бес жастан болдық. Анам ең кіші сіңлім туылғанда жылап жатып алыпты. Әкем барса, тұрмаған ғой. «Қызды да, мені де ұмыт, басқа әйел ал. Мен қартайдым. Саған еш өкпем жоқ. Боссың енді» депті. Әкем «құдайдың бергені қыз болса, не амал бар, ұлды тартып алмаймын ғой. Басыңды көтер. Қыздан бас тартпа. Әкетем үйге екеуіңді де» деп алып қайтқан екен.
Біз бой жеттік. Оқуға түстік. Тұрмыс құрып жан-жаққа кеттік. Ең кіші сіңліміз көрген жан қызығатындай өте көркем еді. Жігіттер көп жүгірді соңынан. Бірақ ол біз секілді болмады. Ауданнан тігінші оқуын оқып алды да, әкем мен шешеміздің қасында болды. Небір мен деген жігіттерге мойын бұрмады. Ауылдағы екі-үш көше ары тұратын қарапайым жігітке шықты тұрмысқа. Бес-алты ай күйеу баламен бірге енесімен бір үйде тұрды да, әке-шешемізге қарайлау керек деп үйге кеп тұрады. Күйеу бала заты момын, артық сөзі жоқ жігіт екен. Әке-шешемізді өз туғанындай сыйлады. Сіңлімізбен жарасып өмір сүрді. Ұлды, қызды болды. Ата-анамызды да соңғы сапарға аттандырды арулап. Жиен дегені болмаса, немерелерінің ата-әжеге мейірімі ерекше болды.
Осыдан үш жыл бұрын анамыз қатты ауырды. Төрт қыз төрт жақтан жетіп бардық үйге. Әкеміздің қайтқанына бес жыл боп қап еді ол кезде. Дәрі-дәрмегін, қаражатын ұсынып, бабын табуға тырысып жатырмыз. Анамыз әлсіреген үстіне әлсірей берді. Өзіміз немере сүйіп қалсақ та, ананың орны бөлек қой бәрібір. Бір аптадай болдық. Енді жұмыс бар, бала-шаға бар, кетуіміз керек қой. Анамызға қарап, күтімін жасап жүрген сіңліміз де, күйеу баламыз да жібергісі жоқ. Тағы бір күн қоныңдар дейді. Кешке қарай үйге біз күтпеген қонақтар келді. Жетпістен асқан орыс шал, отыздан асқан ұлы бар, жиырмадан асқан қызы бар кісілер. Әкеміздің атын айтып, фамилиясын айтып кеп тұр. Осы үй деп кіргізіп алдық. Содан...
Бұл кісі әкеміздің баласы екен. Ресейде тұрады. Ұлы мен қызын ала кепті. Анасының аманатын орындау үшін. Өліп қалса, мойнында қарыз болмау үшін. Он шақты жыл бұрын берген уәдесін орындау үшін мыңдаған шақырым жолды басып өтіп кеп тұр. Әлсіреп жатқан анамыз тұрып алды. Жылап жүр. Орыс кісілердің бетінен қайта-қайта сүйеді. Шаштарынан иіскейді. «Қой сойса, жейтін бе едіңдер?» деп сұрап қояды. Қонақтардың бабын жасаңдар деп байыз таппай кетті. Өліп қала ма деп уайымдап отырған бес қыздан мына тосын қонақтар артық боп кеткендей шешемізге. Түк түсінбей біз отырмыз. Сөйтсек, әңгіме былай болған екен:
Соғыс аяқталып, әкем анамызға үйленгеніне жарты жылдай уақыт болғанда үйге бір кемпір мен жастау әйел келеді. Есікті қағып кірген жастауымен әкеміз құшақтасып, сүйісіп көрісіпті. Бұл әйел әкемнің соғыстың алдында бас қосқан жары екен. Әскердегі қызметім аяқталса, еліме, Қазақстанға, оның ішінде Қорғалжын деген ауылға әкетем. Сен қазақша сөйлейтін боласың, балаларымыз болады, оларды тек қазақша сөйлеп, орысша түсінбейтін етем деп әзілдейді екен. Олардың бұл ниеттеріне тұтқиылдан басталған соғыс кедергі болады. Жас әйелін қалдырып, майданға кеткен әкем басында хат жазып жүргенмен, жауап ала алмайды. Себебін де білмейді. Сөйтсе, шекараға жақын тұрған елді мекендердің адамын бір түнде пойызға тиеп, ішкері жаққа жер аударған екен. Бұл әйел соғыс біткенше әр жерде түрлі жұмыс істепті. Киім де тігіпті, зауытта да жұмыс істепті. Соғыс біткенше бірнеше рет сұрау салғанмен, әкемнің қай майданда соғысқа кіргенін біле алмапты. (Кейін белгілі болғандай, ол әкемнің төлқұжат бойынша емес, жұрт атап кеткен атымен іздеген екен). Сосын соғыстан кейін бір хабары бар ма екен деп анасын қасына алып, сонау Мәскеу түбінен Қазақстанға жолға шығады. Қорғалжынды табады. Сұрай-сұрай біздің үйді тауып кеп тұрған беті екен. Тамақ, шайын ішіп болғанда, түн де боп кетеді. Анам үнсіз ғана бір бөлмеге орыс әйел мен әкеме бірге төсек салып, кемпір мен өзіне кіре беріс ауыз үйге төсек салыпты. Оны көрген жас әйел «жоқ, бұлай салмаңыз. Сіздің кінәңіз жоқ. Күйеуіңізбен өзіңіз жата беріңіз. Біз анам екеуміз жатамыз» депті. Ертесіне «аман екеніңді көрдім. Тағдырымыз осылай шығар. Саған ренішім жоқ» деп әкемізбен қоштасып, кетуге қам жасапты. Әкем пойызға дейін шығарып сап келмек болады. Анам оларға азын-аулақ жолға тамақ салып, «бақытыңды табуыңа тілектеспін» деп қош айтысады. Сол кеткеннен әкем үш-төрт айдан соң бір-ақ келеді ғой. Анама «Мәскеу жаққа тіке баратын пойыз болмай, бірнеше пойызға отыру керек болғандықтан, мен ере бардым. Солай-солай үйлеріне дейін бардым енді. Сондай болды енді... Біраз тұрған соң, еліме, өз отбасыма ештеңе жетпейтінін түсіндім. Сосын кететінімді айттым. Ол босатты мені» депті. Анам не істесін? Кешіреді де. Өзі аяғы ауыр, әні-міні деп отырған кезі. Ұзамай ұл туады. Тұңғыштары. Ол бес жасында қайтты. Қалғанымыз кілең қыз. Бесеуміз де. Әкем мен шешемізді кенже қыз бақты. Ал анам бір кездерде ол қызды тастап кетпек те болған екен сол перзентханаға. Әкем тоқтатқан екен. Сол қыздан көрді рахатты. Ал мына кеп отырған үлкен кісі әкем елге кеткенде орыс әйелінің ішінде үш айлық боп қалған бала екен. Орыс әйел кейін күйеуге тиген, балалы-шағалы болған. Ауырып, мазасы болмай жүргенде осы ұлына бар шындықты айтқан ғой. «Әкеңді іздеп тап, бар екеніңді білсін. Мүмкін кейін араласып кетерсіңдер. Әйелі жақсы адам секілді еді. Әкең өз елін ұмыта алмағандықтан кетті менен» деп айтады. Елуден асып қалған баласы уәде береді әкесіне барып қайтуға. Бірақ келмейді. Анасы қайтыс болғаннан кейін бірде түсіне кіреді. «Әкең сені күтіп жүр ғой келеді деп. Бар тезірек» депті. Содан әні барамыз, міні барамыз деп жүргенде бес жыл өтеді тағы. Іздеп келуін келгенмен, әкеміздің осыдан бес жылдай бұрын өмірден қайтқанын естігенде әлгі үлкен орыс кісі еңкілдеп жыласын. Анасы түсіне кірген кезде-ақ «неге жиналмадым, неге бар екенімді білдірмедім» деп. «Енді тағы келе алам ба, жоқ па, білмеймін» деді. «Бірақ мына екі балам жас, осыларға кеп тұрыңдар деп айтам» деді.
Ертесіне екі машина боп әкеміздің басына бардық. Құран бағыштадық. Орыс ағамыз мұсылманша бет сипады. Қабір басынан кете алмай, қипақтап, әкемізбен сөйлескендей көп отырды. Тағы да жылап алды. Мен осы кісінің түсі аққұба-сары дегенмен, әкеме әжептеуір ұқсайтынын аңғардым. «Түрін қойшы, қанының тартып тұрысын қарашы» деп ойладым.
Үйге келсек, ауырып жатқан анамыз самаурынға шай қойып, қаз сойып, қуырып, дастархан жасап, кіріп-шығып жүр. Жазылып кетті сөйтіп. Қонақтар кетерде молынан тамақ сап, шапан кигізіп, құрт-май беріп, тілі жеткенше «кеп тұрыңдар. Жиі келіңдер. Бұл да өз үйлерің. Сендер де менің баламсыңдар. Мына қыздар бауырларың» деп орысшалап қояды. Жылап, қимай қоштасты. Үйде өзіміз ғана қалғанда таңданысымызды айттық. Өмірі көрмеген адамдарға неге иіліп жастық, жайылып төсек болғанын сұрадық. Анам:
– Құдай берген ұлын өзі алды. Қайтейін, қайтып ұл туа алмадым. Сендер қанша жақсы болсаңдар да, мына қара шаңырақтың түтінін түтететін еркек кіндікті аңсамады дейсіңдер ме әкелеріңді. Бірақ бір кездегі осалдығын жуып-шайғысы келді ме, ұл керек деп айтпады маған. Орыс әйелінде ұлы бар екенін білмей кетті. Мен де көп жүре қоймаспын. Әкелеріңе жеткенде айтып барам ғой «ұлыңды көрдім. Өзіңнен аумайды. Тұқымсыз қалмапсың. Ұрпақтарың бар екен» деп. Мен туып бере алмағанды орыс әйелі туып беріпті. Мейлі. Артында тұяғы бар. Сол көңіліме медет қой менің» деді.
Анамыз келесі жылы қайтты. Ауырып жатыр деп орыс ағамызға хабар бердік. Ұлымен бірге ұшып келді. Жетісін бергенше үйімізде болды. Бірталай қазақ сөзін жаттады. Ал келер жылы ұлы келіншегімен, балаларымен келіп, біраз жатып кетті. Ағамыз қайтыс бопты. Ұлына «қазақ еліне барып тұр» деп аманаттап кетіпті. Қызық болғанда, ұлына қарағанда оның екі кішкентайы қазақшаны әжептеуір үйреніп жүр. Қаны тартып жатыр ғой деп көңілімізді демеп қоямыз. Жылына бір рет кеп тұрамыз деп уәде берді бізге. Сол сөз бізге медет енді, – деп аяқтады әңгімесін үлкен қызы. Алпыстан асқан сіңлісінің көз жасы тиылмай, үнсіз ойға батып отырды...
Баян ӘБДУОВА