Онлайн концертке ой жүгіртсек...
Карантин ел экономикасының қай бағытына болмасын көлеңкесін түсірді. Бұл тоқырау қаланың мәдениет саласын да айналып өтпеді. Концерт залдары қаңырап бос қалды. Әртістер тентіреп, күнкөріссіз жүр. Бәрі онлайн форматқа ойысып, экранның не смартфонның ар жағынан тамашалауға мәжбүр. Халықтың өнерден қол үзіп қалмауы үшін бірқатар өнер ошақтары өз көрерменін қашықтықтан-ақ ән-жырмен сусындатып отыр. Десе де, басқа-басқа нағыз рух қанаттанатын, жан-дүние сарайың шөлдегенде зәм-зәм суындай бар мейіріңді қандыратын мәдениет саласының онлайн деген дүниеге жаны қас. Табиғатына жат.
Көрерменсіз концерт
Халық кейде күйбең тірліктен мезі болғанда құлақ құрышын қандырып, әннен ләззат алу үшін концертке арнайы келеді. Әншімен қосылып ән шырқап, көңіл құсы құйқылжып, бір серпіліп қалады. Сонау балалық дәуренге де ән нотасының қанатымен қалқып барып қайтушы еді. Міне, әннің құдіреті! Әсіресе, кішкентайынан жырмен құндақталып өскен Сыр жұртшылығының ән мен жырға деген құштарлығы тіпті де бөлек қой. Елде карантин талабы қайта күшейген соң енгізілген онлайн формат мәдениет мәйегінің осындай көркем мәнін кетіріп, әлгінде ғана айтқан сезім пернесін шорт кескендей. Бұған дейін күнде бір шара ұйымдастырылып, думанды кештің ордасына айналған мәдениет үйлерінде де құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған. Соған қарамастан, шаһардың мәдениет мекемелері концерттік бағдарламаларын көпшілікке жоспарға сай ұсынуда. Бірақ, онлайн... Дегенмен, өнерсүйер қауым мұндай бағыттағы концерттердің тым әсерсіз екенін айтуда. Расында, көрерменсіз концерт – концерт па? Көрерменнің энергиясы, сүйікті әншілеріне деген шексіз ықыласы, эмоциялары, сыйлаған гүл шоқтары, қошеметі мұның бәрі өнер адамын қанаттандырып, алыс қияға жетелей жөнелері сөзсіз. Концерттен кейін тыңдармандарымен естелікке суретке түсу, автограф беру де кеш көркін қыздыра түсетін дүниелер. Әсілінде, «Көрермен – сахнаның жаны» деп бекер айтылмаса керек. Десе де, дәл қазіргідей эпидемиологиялық ахуалдың күрделі кезеңінде мұндай тәуекелдікке бармай, денсаулыққа жіті мән берген жөн. Тәнің ауырып, жаныңа батқанда ән мен күйдің де құнсызданып қалатыны бар. Сондықтан, ду-думанды шетке ысыра тұрып, деннің саулығын, бастың амандығын ойлаған абзал.
Бірақ, ежелден жаратылысынан өнермен өзектес халық осындай қысылтаң шақта да ән-жырдан ажырап қалған жоқ. Қандай жағдай болмасын ұлттың рухани жүдеуіне жол бермеу қажет. Осыны назарға алған облыстық филармония ұжымы әлеуметтік желілерге үздік концерттердің жинақтарын жүктеумен қатар, онлайн концерттер ұсынды. «Жаңа серпін – жыл концерті», «Жаз әуендері», төл аспабымыз – домбыраның мәртебесін биіктетуге және кеңінен насихаттауға арналған «Тек домбыра – күй ғалам» атты филармония күйшілерінің жеке орындаудағы онлайн концерт, дәулескер күйші Досжан Құрақұлы мен Жалдыбай Елеукеұлының күйлерін дәріптеуге арналған «Домбыра-дастан» лекция-концерті, сондай-ақ, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің «Көне дәуір күмбірі» атты мәдени шарасы, облыстық филармонияның маусымдық жабылу концерті бәрі-бәрі де карантин талаптарын сақтай отыра, көрерменге көрерменсіз жол тартты.
Бірақ, ежелден жаратылысынан өнермен өзектес халық осындай қысылтаң шақта да ән-жырдан ажырап қалған жоқ. Қандай жағдай болмасын ұлттың рухани жүдеуіне жол бермеу қажет. Осыны назарға алған облыстық филармония ұжымы әлеуметтік желілерге үздік концерттердің жинақтарын жүктеумен қатар, онлайн концерттер ұсынды. «Жаңа серпін – жыл концерті», «Жаз әуендері», төл аспабымыз – домбыраның мәртебесін биіктетуге және кеңінен насихаттауға арналған «Тек домбыра – күй ғалам» атты филармония күйшілерінің жеке орындаудағы онлайн концерт, дәулескер күйші Досжан Құрақұлы мен Жалдыбай Елеукеұлының күйлерін дәріптеуге арналған «Домбыра-дастан» лекция-концерті, сондай-ақ, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің «Көне дәуір күмбірі» атты мәдени шарасы, облыстық филармонияның маусымдық жабылу концерті бәрі-бәрі де карантин талаптарын сақтай отыра, көрерменге көрерменсіз жол тартты.
– Баяғыда бір атамыз «Тоқсан көрейін деген жасым ба еді, атала ішейін деген асым ба еді» деген екен. Сіз айтып отырған мәселе де осыған жапсарлас. Цифрлық жүйеге байланысты онлайн форматқа көшеріміз әуелден мәлім еді, бірақ біз елдегі пандемияға байланысты шұғыл түрде бұрылыс жасадық. Онлайн режимге көштік. Жедел әрекеттің әсерінен біраз дүниелерді түсінбей қалып жатырмыз. Әлбетте, көппен бірге қиқулап, сол залдағы аураны сезіне отырып көрген әлдеқайда әсерлі. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен, елдің амандығы үшін тек мәдениет ғана емес, барлық сала онлайнға саналы емес, мәжбүрлі түрде келіп отырғандықтан, дәл қазіргі уақытта оны өзгертуге еш мүмкіндік жоқ. Індетті індетпей, ауыздықтаудың да бірінші қадамы – осы болып отыр. Енді біздің тарапымыздан міндет – тек карантинде өткен онлайн концерттерде жіберілген олқылықтарды түзеп, көрерменге әлде де болса сапалы контент, сапалы концерт ұсыну. «Кешіккен аңшының олжасынан дәмет» дегендей, алдағы күндері елдегі ахуал тұрақталып, бұрынғы қалыпқа түссе, біз де міндетті түрде залға ораламыз, – дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов.
Карантиндегі әртістер қалай күн көріп жүр?
Елімізде де ауқымды шаралар шегеріліп, тойлар тоқтатылғалы әртіс біткен бос қалды. Сонымен, карантин кімнің қалтасын қақты? Жаттанды тақырып болса да, бүгінгі күннің өзекті мәселесі осы. Ел басына күн туып, барлық сала тығырыққа тірелген шақта кім не істеп жүр? Мәселен, әншілер мен әртістер. Онсыз да мәдениет өкілдерінің айлығы мардымсыздау екені көпке мәлім. Бұған дейін той-томалаққа шығып, қосымша табыс тауып жүрген әнші-әртістер мен асабалар дәл қазіргідей жағдайда немен айналысуда? Олар әлеуметтік желіде нені жарнамалап жүр? Тыңдарманын тұтынушыға айналдырған әртістерге қандай шара қолдану қажет? Бұл тақырып аясындағы сан сауалдың бір парасы осы. Расында, карантин халық қазынасы – той-думаннан нәпақасын айырып жүрген әртістер қауымының қалтасын айтарлықтай жұқартты. Тойдың нағыз қызатын шағында карантин жарияланып, «Қазақтың тойы бітпесін» деген ұран жәй ғана тіл ұшында қалды. Дегенмен, дана халқымыздан қалған «Күн жаманы кетер, түн кесірі өтер» деген аталы сөз бар. Тұран даласының текті топырағын бойына сіңіріп өскен сырбойылық өнерпаздар бұл қиындықтан шығуда да осы тәмсілді тағылым етіп келеді. Бастың амандығы бәйгеге түскенде тақымға түсер олжаны ойлаған әбестік екенін ұғынған.
– «Бұдан жаман күнде де тойға барғанбыз» демекші, біздің қазақ не көрмеді? Сонау Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама да, кешегі ашаршылықтың қырғынынан да, репрессияның зобалаңынан да, соғыстың талай зұлматтарынан да «мың өліп, мың тіріліп» аман өтті. Сол бабалардан қалған текті өнерді өскелең ұрпаққа насихаттап, өткен мен бүгінгі күннің арасын жалғар мәдени көпір болып келе жатқан мәдениет қызметкерлері қалтаның түбін ойлап, жігері жасып қалатын жандар емес. Жақсылық та, жамандық та мәңгілік емес. Қаншама асылдың сынығынан, тектінің тұяғынан айырылған бұл пандемияның да біршама қиындығын көрдік. Қазір той тойлап, ақша санайтын кез емес. Пандемиядан соң қалай ел болып ес жинаймыз? Қазір осы мәселе күн тәртібінде тұр, – дейді айтыскер ақын Мұхтар Ниязов. Иә, «Жамандық күдік шақырады, жақсылық үміт ұялатады» демекші, не нәрседен де жақсылық күтетін халықтың ұрпағымыз ғой. «Әр істің бір қайыры бар» деп менің марқұм атам жиі айтып отырушы еді...
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.