Карантиндік шаралар жеңілдетілді
Кешеден бастап елімізде карантин талаптары жеңілдетілді. Десе де, сақтық шараларын әлі де жалғастыру өзекті болып отыр. Себебі, бұған дейін коронавирус індеті бәсеңсіді деп мамыр айында арқамызды кеңге салғанымызбен, маусым айында ауру тіпті өршіп, пневмония құрығына ілінгендердің саны күрт көбейіп кеткендігі белгілі. Соның салдарынан талай танымал тұлғалардан, ет жақындарымыз бен достарымыздан қапыда айырылып қалдық. Сондықтан, маусым айында карантин қайта жалғасып, ол бір жарым айға созылған еді. Карантиндік талаптарды сақтаудағы бұл қателік біз үшін үлкен сабақ болғандай. Енді дәл осы келеңсіздікке тағы да жол берудің әсте жөні жоқ. Осы мақсатта облыс бойынша шектеу шараларды, оның ішінде карантинді кезең-кезеңімен жеңілдету туралы Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №20 Қаулысы жарық көрді.
Аузы күйген үрлеп ішер
Жаңа Қаулы 2020 жылдың 17 тамыз 00 сағат 00 минуттан бастап күшіне енді. Олардың қатарында бірнеше шектеу және карантиндік шараларға жеңілдіктер енгізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Әлия Мүтәліпқызы мәлімдеді.
– Меншік нысанына қарамастан барлық жұмыс жасап тұрған және кезең-кезеңімен іске қосылған салалар мен нысандарда күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді және ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қолданыстағы қаулыларымен бекітілген санитариялық-эпидемиологиялық, санитариялық-дезинфекциялық ережелер алгоритмдерін басшылыққа алып жұмыс жасалынады, – деді Әлия Мүталіпқызы.
Жаңа Қаулы қандай жеңілдік жасады?
Карантиндік шараларға енгізілген жеңілдіктер қатары төмендегіше:
– сауда-ойын-сауық орталықтары мен сауда нысандары (бутиктер), сауда желілері жұмысына (толтырылуын 30% -дан асырмай, 1 адамға 4 ш.м. болу) сағат 09.00 ден 21.00-ге дейін;
– сұлулық салондарының, шаштараз, СПА орталықтар және косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар жұмысына (алдын ала жазылу бойынша, 1 адамға шаққанда 4 ш.м. болу) сағат 09.00 ден 19.00-ге дейін;
– меншік нысанына қарамастан балалар коррекция, балалар және ересектерге арналған білім беру орталықтарының қызмет көрсетуіне (5 адамнан аспайтын топтармен, алдын ала жазылумен);
– меншік нысанына қарамастан балабақшалардың кезекші топтарына (15 баладан асырмай);
– қоғамдық монша, сауна (бассейінсіз, толтырылуын 50% -дан асырмай, 1 адамға 4 ш.м. болу) жұмысына сағат 09.00 ден 22.00-ге дейін;
– облыс, аудан орталықтарындағы қоғамдық көліктің жұмысына сағат 07.00-ден 22.00-ге дейін шектеумен (пик сағаты уақытта автобустар санының көбейту, кондуктордың болуы, соңғы аялдамада дезинфекциялық тазарту, барлық есіктерді ашу, жолаушылар саны көліктегі орындар санына сәйкес болу керек);
– жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарларының қызметіне 1 адамға 4 ш.м. дейін болу, толтырылуын 30% -дан асырмай сағат 09.00 ден 18.00-ге дейін;
– халыққа байланыссыз қызмет көрсету (автомобиль жуу, автомобильдерді, тұрмыстық техниканы жөндеу және т.б.) объектілердің қызметіне сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін;
Дегенмен, бұйда жіпті босатқан соң жаппай еркінсуге, босаңсуға әлде де жол жоқ. Қорғаныш бетпердесін тағу режимі мен әлеуметтік арақашықтықты сақтау міндетті талабымыз болып қала береді. Ортақ азаматтық жауапкершілік осындай кезеңде сыналады. Сондықтан, жақындарымызға жанашыр болып, олардың қауіпсіздігі үшін барлық шараларға түсіністікпен қарап, сабыр сақтау, шыдамдылық таныту бүгінгі күннің басты міндетіне айналып отыр. Айтпақшы, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында демалыс күндері бұрынғыша шектеу шаралары қатаң сақталатынын қаперлеріңізге саламыз.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА