Карантиннің қағидасы кезінде
Қазіргі таңда індеттің екпіні көпшілікті қатты алаңдатып отыр. Сондықтан елімізде тәртіп күшейе түсті. Бүгінде вирустың таралуы бойынша жағдай тұрақтанғанымен, карантин талабы тағы екі аптаға ұзартылды. Денсаулық сақтау министрлігінің бұл ұсынысы эпидемиологиялық жағдайды жақсарту үшін қабылданғаны белгілі. Әйтсе де, карантин уақытында қатаң қағидалар енгізілгенмен, талапқа бағынбай, тәртіпті бұзғандар жетерлік.
Тойды теже, туғандар
Қыз ұзату, беташар, сүндет той. Ауылдағылар тығылып той өткізуде. Мұны күнде көзіміз көріп жүр. Қойылған талап пен айтылған сөзге құлақ түріп жатқандар некен-саяқ. Тойханалар жабылғанымен, есік алдында немесе жалға үй алып дүркіретіп той өткізіп жатқандар жетерлік. Жақында жасырын той өткізбекші болғандар анықталды. Қалаға қарасты Қызылжарма ауылдық округі және Ақсуат ауылдық округіне қарасты Ж.Махамбетов ауылының тұрғындары талапқа бағынбай, дүркіретіп той жасаған. Оған 100-ден астам адам жиналған. Той қалалық мобильді топтың араласуымен тоқтатылды. Үйлену тойына шақырусыз барған мобильді топ айыппұл салып, ескерту жасаған. Ал, Ж.Махамбетов ауылында тойын қызықпен өткізбекші болғандар қиындыққа тап болды. Тәртіпсіздік орын алуына байланысты екі бүлдіршін жарақаттанған. Осы орайда, ауыл әкімдеріне карантин талаптарын сақтауда жауапкершілік қажет екені айтылып, ескерту берілді.
Адамдардың бір жерге шоғырлануынан қауіпті індет тез тарауда. Оған көзіміз жетіп отыр. Ал той тойлағанымыз қалай? Осы орайда, әрбір іске жеке адам жауапкершілік танытуы қажет деген ой келеді. Өз денсаулығымыз өз қолымызда.
Иә, елдегі ахуалға байланысты қандай маңызды себеп болса да, көп қонақ шақырылатын шараларды тоқтату – жауапкершілік деп ұғу қажет. Бір күнгі қуаныш үшін көптің өміріне қауіп төндірмеген жөн. Осы қауіпті індет кезінде талап пен тәртіпті қолға алсақ, әлі талай тойларды тойлайтынымыз анық. Тек, қазіргі уақыт той қуалайтын кезең емес. Тойды теже, туғандар!
Өліге құрмет – тіріге міндет
«Сақтансаң – сақтаймын» демекші, төрткүл әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайлық таныту – өзіміз үшін ғана емес, жанымыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізері хақ. Сондықтан мейлінше көп адам шоғырланбауды халыққа ескертіп отыр. Оның ішінде жаназаға жиналу да бар.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаназа намазы мен құдайы астарды өткізуде сақталуы тиісті талаптарды айтып өтті. Мәселен, қонақасын өткізбеу, жаназаға 30 кісіден артық жиналмау қажеттігі айтылған. Дегенмен, қазақтың «Ұятты» дейтін әдеті бар. Халқымыз кісі қайтыс болғанда төбе көрсетуді өзінің міндеті санайды. Тіпті жаназаға келіп топырақ салмаған адаммен қарым-қатынасты үзуге дайын. Соның салдарынан қайтқан кісіге көңіл айту тежелмей тұр.
Ақтау қаласында марқұмның ағайындары айыппұл арқалаған. Себебі, жаназаға 100-ден аса адам жиналған. Тексеру барысында ҚР Әкімшілік кодексінің 425-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Осы секілді жаназа кезінде жиналғандер шектен асуда. Бұл тұрғыда да талапқа бағынған жөн. «Өліге құрмет – тіріге міндет» дегенді ұстанған халықпыз. Біз үшін азалы күннің маңызы бар. Алайда індетпен күресу маңызды екенін ұмытпаған дұрыс. Имамдардың айтуы бойынша, жалпы, марқұмның артында қалғандардың міндеті – мәйітті арулап жуу, кебіндеу, жаназасын шығару және жерлеу. Міне, осылар жерлеу рәсімінің басты талап-шарттары. Ал садақа дастарқанын жаю – дініміз құп көрген қосымша сауап амал ғана. Сондықтан әуелі қауіпті індеттің беті қайтса, құлшылық пен діни рәсімді толық орындайтын күнге де жетерміз. Тек, әлемді әбірге салған коронавирус індетінің таралуына жол бермей, карантин кезінде қағиданы қатаң сақтағанымыз әсте жөн болар.
А.АЙТЖАНОВА