Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Адамның бір қызығы бала деген

Адамның бір қызығы бала деген

Бала – өмірдің жалғасы, һәм ата-ананың көз қуанышы. Тектілігі тегінен тараған қазақ ұлты бала тәрбиесіне ықылым заманнан көңіл бөлген. Ежелден бері қазақ даласында баланы анасының бойына біткеннен бастап-ақ тәрбиелеген. Анасына ерекше ілтипат көрсетіп, қастерлеген. Көңіліне қаяу түсірмеуге тырысқан. Дана Абай да өз еңбектерінде бала тәрбиесіне қатысты ойларын мұра етіп, бүгінгі ұрпаққа қалдырып кетті. Солардың бір парасын сіздерге ұсынамыз.
Абайтанушы-ғалым Омар Жәлелұлының «Харекет» атты кітабында былай дейді:
«Баланың ғылым мен білімге деген махаббатының бар болуы білсем деген жан құмарлығының нәтижесінде көрініс табады. Баланың негізгі өлшемдерінің себептері үшке бөледі. «Хауассәлим» һәмбаланың туысынан болады. Бұл сөз араб тілінен аударғанда «толық сезімді» болып туылуы дегенді білдіреді. Ол анасына байланысты. Екіншісі тән саулығы, үшіншісі жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы құрбы деп келтіреді».  Қарап отырсаңыз қазіргі таңда бала тәрбиесінде үшінші мәселені ғана көтеріп жүрміз. Алғашқы тектілік пен анасының жайына мән беруді азайтып келе жатқан сияқтымыз. Тектілік деген не? Ол болашақ ұрпағыңның анасына яки алатын жарыңа ерекше көңіл аударуың қажет. Оның жаны рухани бай және текті әулеттің қызы болатын болса, одан дені сау және саналы ұрпақ дүниеге келеді. Сонымен қатар О.Жәлелдің Шалқар радиосына берген сұқбатында қазіргі аналарымыздың «Зәру білім» алмай жүргендігін алға тартады. Ол анасының отбасы және бала туралы түрлі ғибратты шығармалар мен танымын ашатын еңбектерді оқымай жүргендігін айтады. Енді Абай атамыздың қара сөздерінде де бала санасы мен ата-анасына қатысты пайымдарын тізбектеп өтсек:
Жетінші қара сөзінде:
– Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі  ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.
Бала күніңде білмегенің тоқсан тоғыздың күйін кешіп жүресің. Бірақ өсе келе білмесекте білеміз деп бәлсініп, таласамыз. Таласқанша  білім мен ғылымның көзін ашып, жалған атаққа құмар болмасақ екен дегенге саяды.
Оныншы қара сөзінде:
– Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма? Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Қартайғанда асырасын десең, о да – бір бос сөз. Әуелі – өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші – балаң мейірімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші – малың болса, кім асырамайды?
Баланы емес, бірінші өзіңді тәрбиелеуге тиіссің. Ашкөздікке салынбай, жаныңды рухани құндылықтарыңмен байытқаның абзал. Сонда сенен туған бала да бір қызығыңа жарап қалар. Елің мен халқыңа көмек қолын созып, келешекке кемел қадам бассаң,сені құрметтемейтін жан қалмайды.
Он тоғызыншы қара сөзінде:
– Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды.
Бала өмірге келгеннен кейін іштен біліп тумайды. Осы тұрғыда жоғары да айтылған үш себептің соңғысына көңіл аударамыз. Оның ата-анасы және ұстазы, ортасына байланысты. Сонымен қатар өзіндік таным таразының, санасына байланысты болмақ. «көп сүргеннен емес, көп көргеннен сұра», дегендей өмір сүре келе есті болады, ақылды болады дегенді көксегендей.
Жиырма бесінші қара сөзінде:
– Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Дінге де жақсы білгендік керек. Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жауырынынан бір қаққанға сатады.
Баланы кішкентай күнінен көп білім берудің қажеті жоқ. Өзіне қатысты және жасына лайықты білім нәрімен сусындату керек. Барлығын толық білгендік жақсы, сонда ғана нәтижелі болмақ.
Абай шығармаларындағы бала тәрбиесіне қатысты ойлар мұнымен тоқталып қалмайды. Бұл тек қара сөздеріндегі тұшымды ойлары мен ғибратқа толы ғақлияларының жиынтығы. Дана Абайдың бірінші мақсаты балаға білім мен ғылымның маңыздылығын ұғындыру және өмір сүрудегі басты принцптерді үйрету екендігіне тағы да көзіміз жетті.
Адамның бір қызығы бала деген....
Маржан ӘШІРАПБАЕВА
29 тамыз 2020 ж. 1 981 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам