Қызылорда облысының әкімі Қ.Ысқақов: «Өңір кәсіпкерлері үшін үлкен мүмкіндік!»
Бүгін облыс әкімі Қ.Ысқақовтың төрағалығымен актив отырысы өтті. Аймақ басшысы 24 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмалар туралы айтты.
Өткен жылы кәсіпкерлікті дамытуда әртүрлі қаржы көздерінен 44 млрд. теңге бөлініп, 3 мыңнан аса жұмыссыз азаматтарға қайтарымсыз гранттар, өткен жылы 1,5 мыңға жуық азаматқа шағын несиелер беріліп олардың кәсіптерін ашуға қолдау жасалды.
"Екінші деңгейлі банктер арқылы тұрақты бизнеске 26,8 млрд. теңге, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында 5,6 млрд. теңге қаражат бағытталған. Биылғы жылы да кәсіпкерлік саласын дамытуға әртүрлі көздерден бастапқы кезде 38 млрд. теңгеге жуық қаражат тарту көзделуде. Бұл қаржы жыл соңына дейін ұлғайтылады. Өнімділікті ұлғайту, қазақстандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын тиімді өнеркәсіп саясатын қалыптастыру мақсатында қаражаттың басым бөлігін жаңа өндіріс көздерін ашуға бағыттауды тапсырамын.Сонымен қатар, биылдан бастап микро және шағын бизнес салықтан және арнайы тексерулерден босатылып отыр. Бұл өңір кәсіпкерлері үшін үлкен мүмкіндік",- деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.