Білімді ұрпақ – болашағымыз
Жыл сайын Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауын елеңдей күтетініміз рас. Әсіресе, мұғалімдер қауымы. Себебі, Президент қайсыбір Жолдауында болмасын ұрпақ тәрбиесі, білім беру жайын назардан тыс қалдырған емес. Бұл жолғы Жолдау да білім қызметкерлерін жақсы жаңалығымен қуантты әрі үлкен жауапкершілік жүктеді.
Әлемді жайлаған індеттің салдары білім беру саласына әсерін тигізбей қалған жоқ. Оқушылардың қашықтан білім алуы үзіліссіз білім берудің тиімді тәсілі болғанымен, балалардың мектепке барып, партада отырып сабақ оқығанына жетпейтінін оқушы да, мұғалім де, ата-ана да жақсы түсінді. Бүгінгі Жолдауда Президент бұл мәселені де атап айтты.
«Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет. Дегенмен, сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне әзірленген жөн. Бұл әсіресе мектеп үшін маңызды. Күнделікті мәселелерді шешумен қатар балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да, сапалы білім алу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Жолдауда мұғалімдердің жалақысы келер жылдан бастап 25 процентке өсетініні Білім күнінде ұстаздар қауымы үшін жақсы жаңалық болды. Ел Президенті әр Жолдауында мұғалімнің жағдайына көңіл бөліп, жыл сайын білім саласы қызметкерлерінің жалақысының өсуіне ұдайы көңіл бөліп келеді. Бұл еңбегі өлшеусіз мұғалімдердің мерейін үстем етті. Әрине, қастерлі мамандық иелері ең басты міндетін ұмытқан емес. Қандай кезщеңде де саналы да, білімді ұрпақ тәрбиелеуді басты міндетім деп түсінетін мұғалімдер өздерінің артылған үлкен жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап келеді.
Бүгінгі Жолдауда атап айтылғандай, «ХХІ ғасыр ұрпағы терең білімді болғаны жөн» деген Мемлекет басшысының сөзі бүгінгі қоғамға, аға буынға, оның ішінде мұғалімдер қауымына үлкен жауапкершілік жүктеді. Біз қандай жағдайда да жас жеткіншектерге саналы тәрбие мен сапалы білім беру міндетін бірінші орынға қоямыз.
Гүлнар Есқалиева,
облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы