Дәстүрлі тамыз кеңесі
Санаулы күнде ұстаз бен оқушы, ата-ана үшін ең маңызды сәт басталады. 1 қыркүйек – Білім күніне аса ыждаһаттылықпен дайындалу қалыптасқан үрдіс. Бұл дәстүр биыл да өз деңгейінде жүріп жатыр. Тек бұрынғыдан өзгерек.
Бейсенбі күні білім саласындағы басты шара – педагогикалық қызметкерлердің қалалық тамыз кеңесі өтті. «Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері» тақырыбымен ұйымдастырылған жиында сала ардагерлері, мектеп басшылары, балабақша меңгерушілері мен ұстаздар қауымы ZOOM платформасы арқылы бейне байланыс жасады. Кеңесті жүргізген қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев барлық қызметкерлерді алдағы білім күнімен құттықтай келе, жаңа оқу жылындағы өзгешеліктер мен атқарылатын міндеттерді пысықтады.
Жаңа оқу жылы жаңа форматта
– Әрбір жаңа оқу жылының басталуы – ұлағатты ұстаз, мектеп табалдырығын аттаған оқушы мен ата-аналары үшін қуанышты, әрі жауапты сәт. Себебі ұрпақ тәрбиесі – ұлан-ғайыр еңбекті талап ететін салмақты да жауапкершілік жүгі ауыр сала. Биыл елімізде жаңа оқу жылы алғаш рет ерекше форматта басталғалы отыр. Бүгінгі күні барлық білім беру ұйымдары санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сәйкес толықтай қажетті құрылғылармен жабдықталды. Осы ретте күн тәртібінде балалардың қауіпсіздік мәселесі тұратыны сөзсіз. Мектеп пен балабақша жұмысының ұйымдастырылуы айрықша бақылауда болатындығын жеткізгім келеді. Оқу барысында баршамыз балалардың денсаулығы үшін дербес жауапкершілікте боламыз, – деді шаһар басшысы конференция барысында.
Сонымен жаңа оқу жылының өзгешеліктері көпке мәлім. Елдегі пандемиялық ахуалға байланысты оқушылар биыл онлайн үлгіде білім алуға мәжбүр. Десе де қалыптасқан жағдайға қарамастан өрендердің сапалы білім, тағылымды тәрбие алуына барынша мүмкіндік жасалмақ. Жаңа оқу жылында қалалық білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін 54 білім ошағында 67961 оқушы тәлім алатын болады. Биыл оқушылар саны 4500-ға артқан. Шаһар басшысы өз сөзінде цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, мектептерді кең жолақты интернетке қосу және бейнеқұрылғылармен жабдықтау жұмыстары негізгі басымдыққа ие екенін жеткізді. Бұл тұрғыда білім ордаларының оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдары, компьютермен жабдықталуы, ғаламторға қолжетімділігі, электронды күнделік жүйесіне қосылуы толықтай жүзеге асқан. Ал, жалпы білім беретін мектептердің жаңартылған білім беру мазмұнына көшуіне орай биылғы 11 сынып оқушылары жаңа бағдарламамен оқытылатын болады.
Талап пен тәртіп
Ғылым мен техника дамып, бәсекелестік арта түскен заманда кім-кімнің де білім арқылы биіктей алатыны анық. Сондықтан болашақтың кілтін ұстар бүгінгі ұрпақ тәлім алып, ілім үйренуде қажетті дүниеден құр қалып жатқан жоқ. Өңірде қай кезде де негізгі басымдық осы бағытта жүргізіледі. Мәселен, былтыр бұл салаға 25 млрд-тан астам қаржы бөлінсе, биыл ол 35 млрд теңгені құрап отыр. Білім сапасының да құйылған инвестиция көлеміне сай болуын қала басшысы бұл жиында қадап айтты. Сонымен бірге қалалық білім бөлімі мен оған қарасты білім беру мекемелерінің басшысына бірқатар тапсырма жүктеді.
Оның ішінде дәстүрлі және кезекші сыныбы бар барлық мектеп пен балабақшаның санитарлық талапты қатаң сақтау, интернет байланысына мүмкіндігі жоқ мұғалім мен оқушының күнделікті байланыста болуын ұйымдастыру, бала тәртібі мен қауіпсіздігіне бақылауды күшейту мақсатында бейнекамера санын арттыру, жан басына қаржыландыруға өткен мектеп басшылығына қаржыны тиімді игеріп, мектеп базасын жақсартуға жұмыс жасауды тапсырды. Әсіресе, тұрғылықты мекен жайы бойынша интернет желісіне қосылу мүмкіндігі жоқ ұстаз бен оқушының бағдарламадан қалмай білім алуына жағдай жасауды, қашықтан оқу кезіндегі бала тәртібін қадағалауды, әр мектепке дарынды жас мұғалімдердің келуін, олардың арасындағы бәсекелестікті арттырып, өзін-өзі дамытуына мүмкіндік жасауды орынбасары Асқарбек Есжанов пен қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймұрзаеваға міндеттеді.
Мерейі үстем мұғалім
Жыл бойы еселі еңбек етіп, білім сапасының артып, саланың дамуына үлес қосып жүрген, жас ұрпақ тәрбиесінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра білген шығармашыл, жоғары жетістігімен көзге түскен сала қызметкерлерін мадақтау дәстүрлі тамыз кеңесінің бұлжымас үрдісі. Бұл жолы олар ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ осындай үлгі көрсеткен бірқатар ұстазға қала әкімі Н.Машбекұлы 150 мың теңге қаржылай сыйақы мен ноутбук табыстады.
P/S: Дәстүрлі тамыз кеңесінде саланың жай-жапсары жан-жақты талқыланды. Ұстаздар қауымының білім, білігі, жетістігі мен мүмкіндігі сараланды. Сондай-ақ, жиында біліктілік арттыру мен жетістікке жету жолындағы сыбайлас жемқорлық мәселесі де тыс қалмады.
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ