Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары

Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары

Қазақ поэзиясының құдіретті ақыны Абай Құнанбаев жайлы Мағжан Жұмабаев: «Шын хакім, сөзің асыл баға жетпес, Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес» деп тебірене жырлайды. Шынында, тереңнен ой толғайтын Абай атамыздың шығар­машылығы даналықтың шырағданы, рухани жаңғырудың негізгі көзі, ой-сананың шамшырағы. Ол иісі қазақтың маңдайына біткен төл перзенті болғанымен, күллі адамзатқа ортақ  ұлы тұлға.  Абай әлемінде ұлт болмысы, жан азабы мен терең ой иірімі жатыр.  Данышпан ойшыл өз халқынан сарқылмас қуат, шалқар шабыт алды.  Ел мүддесін өз мүддесінен биікке қойды. Дүние дидары өзгерсе де, халқымыз ұлы ойшылдың шығармасымен әлі сусындап, өзіне нәр алып жатыр.  Жыл өткен сайын оның ұлылығының тың қыры ашылып, жанымызға ақылшы серік болуда. 
Абайды тану – қазақты тану, оның маржан тілін, мыңдаған жыл бойы жалғасқан зор мәдениетін тану. Абай мұрасы – мәңгілік. Барша қазақ баласы Абайды тануға, білуге, Абаймен мақтануға тиіс. Ұлы ақын өз халқын өркендеген, өскен, еркін халық ретінде көруді арман еткен. Бүгінде біз Абай аңсаған ұлы өзгерістің куәсі болып отырмыз. «Абай әлемге ашылған терезе еді, оның жаны жаңарып жатқан дүниенің алыстағы сарынын сезе білді.... Гете мен Толстой сынды көптеген заңғар гуманист тұлғаның далалық бауырласы екенін танытты» деген екен жазушы Шыңғыс Айтматов.
Ал кемеңгер Мұхтар Әуезов Абайды «Қазақтың жаңа мәдениетінің негізін салушы, қазақтын классикалық поэзиясының шұғылалы шыңы» деп бағалайды. Ия, шынында да Абай сөзі – ақыл мен әділетке сыналған ешқашан ескірмейтін мәңгіліктің сөзі. Ойшылдың бар ғажабы да осында жатыр.
Жырмен сомдап жүректегі жаһұтты,
Аңсап жарқын болашаққа асықты.
Абайы бар халық неткен кемеңгер,
Абайы бар қазақ неткен бақытты!
Абайдың ұлылық қуатының тылсым сыры оның қара сөздерінің тереңінде жатыр. Бағалағанға бақ, қадірлегенге қуат көзі болып, жан дүниеңді нұрлан­дыратын ақынның пәлсапалық дүниесі қазіргі заманда да адастырмас темір­қазық секілді. «Қазақтың бірінің бірі­не қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, еш­кімге  достығы  жоқ жандар  шығады» дейді. Иә, осындағы жағымсыз мінез-құлықтан бойыңды аулақ қыл деп сақтандырған ғұламаның жанының жаралы дауысы ол. Қазақты қайтсем қараңғылықтан азат қылып, жан дүниесін ізгілендіремін деген ұстаныммен өмір кешкен ақынның жан азабы шерлі өлеңі мен мұңлы ғақ­лиясынан көрініс тапты. «Тағдырдың жарлығын білесіздер –  өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол – тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Бірақ осы жалығу деген әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының акырының шолақтығын көрген-білгендер тірші­ліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын. Жалығудың да пендені жағымсыз әрекетке апаратынын, сондықтан ақылдың кемелін таңдап, әрекетіңді берекетті тірлікке бұрып, өзіңді тәр­биеле, ізден, оқы дегенге саяды оның ұлағаты. «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деген өлең жолдарында да қаншама өнеге жатыр.
Әлем мойындаған Абай Құнанбаев­тың қара сөзінің әрқайсысын оқысақ әркімнің өз өмірі көз алдына кино лентасы секілді елестейді. Мен мына жерде қателік жіберген екенмін деп өзіңе іштей есеп береді. Сол қателікті қайталамауға тырысады. Ақылдың көзі, ғибраттың өзіндей кемел сөзді көкірекке тоқисың. Оның өміршеңдігін бар ішкі жан сарайыңмен сезінесің. Әрбір сөзі ту сыртыңнан қамшымен ұрғандай бойыңда ұйықтап жатқан енжарлық пен жалқаулықтың қамы­тынан босатады. Саған сергектік серік болады. Мәселен, мен Абайдың даналыққа толы қара сөздерін көп оқып, көңіл тереземді тазалап, бола­шағымның қандай болмағына ойша шолу жасаймын. Тұнып тұрған тағылым сөздің ішінде сіз іздеген қиын сұрақтың шешімі терең таразыланған.
Адам бойындағы жаман қасиеттерін ащы тілмен түйреген, пәрменді сөз­дермен санасын оятқан. «Дос жы­латып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген нақылға дөп келетін өлең жолында «Жек көрсеңдер өзің біл» дейді. «Турасын айтқан туғанға жақпайды» дегендей, ғұламаның әрбір насихатынан өмір жолыңа бір ғибратты ақыл табасың. Ашуға булықсаң, сабаңа түсесің, адассаң жол табасың. Әйтеуір күнделікті күйбең тірлікте қолыңа қараңғылықта табылған шырақ секілді сәуле жағады.
…Қазіргідей заманда Абай жырла­рына айына емес, аптасына емес, күніне бір үңіліп қоймай болмайды. Сонда жан қинап жүрген қай күмәннің де бәріне жауап таба аласың.» Бұл сөздер әрбір адамның дұрыс жетілуіне кепіл болатын, коғам өмірінде басшы­лыққа алатын бағдарламалық ойлар тәрізді.
Бүгінде кейбір жастар арасында қо­ғамдық, мәдени орында бір-біріне былапыт сөз айтып, айналасындағы демалып жүргендерге то­сын қылық көрсетіп, дө­рекі мінезбен өзін батыр көрсеткісі келетіндер кез­де­сіп қалады.  Қо­ғамдық кө­лікте  құлақ­қаппен даң­ғаза әуен тың­дап, үлкен­­дерге орын бермей, шал­қайып отырғанды да көріп, іштей «әттеген-ай» деп бар­мақ тістейміз.  Қиын жұ­мыстан қашып, ауырдың үсті­мен, жеңілдің астымен күнін өткізіп жүрген жандарды көргенде қарның ашады. Қазіргідей заманда екі қолға бір күрек қайдан да табылады.  Сау адамның жан дүниесі құлазып босқа уақыт өткізгені – бойкүйездік пен жалқаулықтың кесірі. Айналып келгенде, мұның бәрі Абай атамыздың «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген өлеңін­дегі байлам сөздің мазмұнымен үндесіп жатыр.
Қоғамды жемқорлық індеті жегідей жеп барады. Ғаламторды ашып қал­саңыз, сыбайлас жемқорлықтың қақ­панына бойында тәлімі мен білімі мол деген  білдей лауазымды қызмет иелері тұтылып жатқанын көреміз. Түкке тұрғысыз азғана пұл үшін бүкіл өмірін тұл етіп,  абырой-беделден жұрдай болуда. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дегендей, дана Абай көрсеткен даңғыл жолмен жүрсек, абыройымызды айрандай төгіп, ар-ожданымызға қара дақ түсіріп қателеспес пе едік, бәлки. Мұның бәрі ұлы тұлғаның көрегендікпен зер­делеген қара сөздерінде тара­зыланып, жіктеліп, тайға таңба басқандай айтылады.  «Мен түзелдім, тыңдаушым, Сен де түзел...» деген бір ауыз сөзбен  адамзат баласын тәлімді, түзу жолға жетелеген  ондай ғұлама біздің қасиетті қазақ халқының маңдайына біткен дара тұлға деп білуіміз керек. Біліп қана қоймай, оның салиқалы сөз тіркесінің мәніне зер салып, тұщынып қана қоймай, теңіздей ақылынан тамшыдай болса да ғибрат алуымыз керек. Бүкіл өмір жолымызға қараңғыда адастырмайтын шамшырақ болар туымды сөздер қазіргідей қым-қуыт заманда ауадай қажет екенін білсек қой, шіркін!
Біліп қана қоймай, бойтұмардай кәделеп, жүрек түкпіріне жинақтасақ, тұшынып, қажетімізге пайдалансақ, қысқа өмірде өкініп, бармақ тістемес едік-ау... Әттең...
Елбасының «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бір­ге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, ас­қар асуларға шақыра береді» деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады.
Абай жөнінде көп жазылды, көп айтылды. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтен бастап Тәкен Әлімқұловқа дейін талай ойшылдар қалам тербеді, тербей береді. Оның бейнесі «Абай жолы» эпопеясында ғажап суреттелген. Абайды қазақтың тануы бар да, әлемнің тануы бар. Ал әлем оны Мұхтар Әуезовтің романы арқылы таныды. Қазақ даласына Абай Құнанбаевтай алып тұлғаны Тәңірім өзі халқымыздың бағына тудырған. Абайы бар елде арман жоқ.
Абай десең көкейге ой тұнады,
Адастырмас алдыңда жол тұрады.
Сақтап келген ел-жұртын
кеселдерден,
Абай сөзі – қазақтың бойтұмары.
                                                  
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
02 қыркүйек 2020 ж. 936 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам