«ТІК ТОК» деген не?
Әлемдік желінің алпауыт күшке ие екендігін айтпасақта түсінікті. Әлеуметтік желіге алғашқы жылдары тосырқап, үйрене алмағанымыз рас. Дегенмен қазір екінің-бірі сматфон құрылымын меңгеріп алды. Бастапқы жылдары телефонның пайдасы мен зияны туралы түрлі бағдарлама мен мақалалар жарияланды. Одан кейін блогерлерді кейіпкер ете бастадық. Сәлден кейін «жұлдыздар» пайда бола бастады. Оларды телекөрерменге паш еттік. Оны көрген балалар мен жасөсіпірімдер оларға еліктей бастады. Ақырында баланың көзін қаражатпен қымтап, жастардың ойын орап алдық. Нәтижесінде «блогерлер» мен «вайнерлер» қаптап, үйдегі жас аналар да өзінің блогын жүргізе бастады. Пайдасы жоқ демеймін, бірақ зияны көбірек. Ізін суытпай «тиктокерлер» шыға бастағанын байқадық. Әсіресе, әлем бойынша шілде айында бағдарлама пайдаланушылары күрт көбейіп кеткен.
Сонымен әлемдегі өмір сүру дағдысын бір мезетте өзгерткен індеттің, жер шарына тигізген зардабы қаншама?! Соның бірі білім ордасын қаңыратып, бос қалдырған еді. Оқушылар отбасында онлайн оқуға көшті. Ал ол үшін арнайы құрылғылар қажет еді. Сондықтан көп ата-ана қолданысқа ыңғайлы телефон алып, балаларының білім бәсекесінде өз уақытын босқа жібермегенін қалады. Кейбір отбасылар әр балаға смартфон әперіп қойды. Осы сәттен бастап елімізде жасөспірімдер арасында «үлкен өзгеріс» байқалды. Қандай дейсіз ба? «Тik Tok» қосымшасын пайдаланып, өздерінің трендке айналғанын қалайтын ұрпақ саны көбейді. Кез келген жастан немесе жасөспірімнен қандай мамандық иесі болатынын сұрай қалсаңыз, «блогер» боламын дейді. Мәні мен мағынасын түсінбеуі мүмкін, бірақ «ақшаның астында» қаламыз ғой деп жымияды.
«ТІк токтың» тарихы
Тik Tok – 15 секундтық қысқа бейнекөріністер жасауға арналған қосымша. AppStore және Google play-дегі ең көп жүктелген бағдарламалар тізімінде көш бастап тұр. Оны «ByteDance» қытайлық компанияның басшысы, 36 жастағы табысты кәсіпкер Чжан Иминг ойлап тапты. Ол оны «Доуинь» деп атаған, кейін «Тik Tok» деп өзгертілді. 2016 жылдан бастап қолданысқа енген болатын. Бүгінгі таңда оның байлығы 13 миллиард долларды құрайды. «TikTok» өкілдері Лос-Анджелес, Нью-Йорк, Лондон, Париж, Берлин, Дубай, Мумбай, Джакарта, Сеул және Токиода орналасқан. 2017 жылы TikTok Musical.ly қосымшасымен бірігіп, өз мүмкіндіктерін кеңейтті. Осы арқылы аудитория 1,2 миллиардқа дейін өсті.
«Stan.kz» ақпарат агенттігінің мәліметтеріне жүгінсек, 2020 жылдың қаңтар айында «Тik Tok» бағдарламасын 104,7 миллион рет жүктелген. 2019 жылмен салыстырғанда 46 процентке артқан. Ең көп жүктеген мемлекеттер қатарында Үндістан және Бразилия елдері бар. Сонымен қатар интернет ресурстарында танымал желі туралы жанжалдардың жоқ еместігі жазады. Мәселен, 2018 жылдың ақпан айында АҚШ-тағы қысқа бейнекөріністерді алмасу қызметінде ата-анасының рұқсатынсыз, 13 жасқа толмаған балалардың заңсыз түрде деректерін жинады деп кінәлады. Қызметкерлерге 5,7 млн доллар көлемінде айыппұл салынды. Ашық қол жетімділікте кәмелетке толмағандардың жеке ақпараттары – есімі, телефоны, нөмірі мен суреті болғаны хабарланған. Келтірілген заң бойынша, қызметкерлер жас қолданушылардың жеке ақпаратын қорғап қалу мақсатында, оларға өз бейнематериалдарын бағдарламаға жүктеуге тыйым салған. Сонымен қатар 2019 жылдың желтоқсанында АҚШ билігі мобильдік қосымшаны қолданушыларға, әсіресе әскери офицерлерге жеке ақпараттарын салуға тыйым салды.
Осылай тізбектеліп кете беретін түрлі қағидаты бар бұл қосымшаның жасөспірімдердің өміріне елеулі өзгеріс тигізіп жатқандығына көз жеткіздік. Әдеби кітаптар мен том-том шығармаларды оқыта алмай жүргенімізде, оқушыларға күнделікті тапсырманы орындаттыра алмай қалатын секілдіміз. Неге? Үлкені мен кішісі оңай ақша табу жолына қызығады. Қаншама миллионер, сол вайнер мен блогер және тиктокерлерден шығып жатқандығында мойындауымыз керек. Бірақ әр нәрсенің өзіндік шарықтау шегі мен тоқтайтын уақыты болады. Сол себепті белгілі мақсатқа жетелейтін ойы жоқ қысқа видеоларды түсіріп, трендке айналамыз деп жүрген замандастарымыздың, ертеңгі күні ешкімге қажетсіз маман болып қалмауына кім кепілдік береді?
М. НҰРХАНҚЫЗЫ