Қызылордада Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың ескерткіш бюсті ашылды
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың ескерткіш бюстінің ашылу шарасына қатысты. Аймақ басшысы көрнекті мемлекет қайраткерінің елге сіңірген еңбегі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
«Біз өткенімізді өшірмей, келешекке сеніммен қадам жасау үшін кейінгі буынға тәлім аларлық өнегелі істерімізді, елдің бірлігі мен ынтымағы жолында аянбай еңбек еткен ардагерлеріміздің есімдерін ардақтап, жас ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Ең алғаш тәуелсіздігімізді алған тұста Сейілбек Шаухаманұлы Егеменді елімізді аяғынан тұрғызуға үлкен үлес қосты, ел іргетасының нығайып, әлеуметтік-экономикалық реформаларды нәтижелі жүзеге асыруға атсалысты. Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың елге жасаған еңбегі, қалтқысыз қызметі ұмытылмайды. Бүгінгі Білім күні мерекесі қарсаңында ескерткіш-мүсіннің ашылу салтанаты баршаңызға құтты болсын»,-деді облыс әкімі.
Салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың құттықтау хаты оқылды. Кейін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова және Сейілбек Шаухамановтың жұбайы Жұпаркүл Сматова қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметіне арналған қоғамдық музеймен танысты.
Қызылорда қаласындағы дарынды балаларға арналған №9 «Білім-инновация» облыстық лицей-интернатта ашылған ескерткіш-бюстінің авторы ҚР Суретшілер одағының мүшесі Аманкелді Кененбаев. Оның биіктігі 1 метр, тұғырдың биіктігі 2,30 метр. Жалпы биіктігі 3,30 метр. Мектеп ішінен ашылған қоғамдық музейде мемлекет және қоғам қайраткерлерінің төсбелгілері, еңбек-жинақтары, қызмет бабында пайдаланған заттары және кітаптары қойылған. Музей 4 экспозициялық бөлімнен тұрады.