Сабалақтағы сандық технология
Кезінде қала тұрғындарының бау-бақшалық жері болып, саяжай аталып кеткен «Сабалақ» аумағы бүгінде басқаша көрініс тапқан. Соңғы жылдары мұнда үй құрылысы қарқын алып, тұрғылықты жерге айналды. Жыл санап қоныстанушылар қатары да артып келеді.
Жері шұрайлы, ауасы бөлек аумақтың бір кемшін тұсы инфрақұрылымнан қалыс қалған. Бақшалық жер болғандықтан өзіндік талабы бар, басқасы бар әйтеуір, елдімекен статусы алынбаған соң бюджеттен қаржы бөлінбей келген. Енді халық шоғырланып, тұрақтай бастағанда көптеген қажеттіліктің туындайтыны рас.
Саяжай халқын толғандырғаны – ауыз су, газ, жол, жарық сынды қажеттілік. Қанша уақыттан бері өзекті мәселенің шешілмеу себебі жоғарыда айтылды. Ал былтырдан бастап қала аумағына қараған саяжай шаһардың бас жоспарына енгізіліп, инженерлік инфрақұрылым тартуға жол ашылды. Сөйтіп, мұндағы бірқатар күрмеулі мәселенің көбесі сөгілуде. Билік алдында жиі көтерілетін мәселеге байланысты бүгінде серпіліс бар, қозғалыс байқалады. Соның бірі ондағы электр желісі.
– Бүгінге дейін қала және қалаға қарасты елді мекендердегі электр желісінің талапқа сай келмеуі маңызды болған. Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып отыр. Сабалақ саяжайындағы ахуал да осындай. Бұл мақсатта 2016-2017 жылы бюджеттен 400 млн теңге қаржы бөлінген. Оған қала, оған қарасты ауылдар мен саяжайларға қосалқы станция қойылып, желілері жаңартылды. Енді биыл облыстық бюджеттен 93,516 млн теңге қаралып, Сабалақ саяжайы аумағына 6 дана 10/0,4 кВ қосалқы станция орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, бұған дейін цифрлы технологияға сай автоматты есептегіш құрылғылар орнатылған болатын. Қазіргі таңда әуе электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстар аяқталған соң қосалқы станциялар қойылады, – дейді қалалық электр торабы басқармасының директоры Дінмұханбет Әбдіреев.
Кешеге дейін жүргізілген электр желілері «Сабалақ» саяжай боп құрылғаннан бері келе жатқан дүние. Соны күні бүгінге дейін халық өз бетінше қажетіне жаратты. Электр сымдарын жалғап, үйіне өздері жүргізіп алды. Тіпті, кейбірі электр қуаты үшін ақы төлемеген де болар. Ел арасында жабайы электр желісі аталып жүрген дүниенің игілікке жарағанымен, келер қаупі де жоқ емес. Қалай десек те ескінің аты ескі. Ал қазір мұнда заманауи қондырғылар орнатылып жатыр.
Айта кетер жайт, сандық технологияға көшу мақсатында мұндағы электр бағанына орнатылған автоматты есептегіш құралдар өте ақылды. Тікелей орталықпен байланысқа түсетін құрылғы мұндағы электр жүйесіне қатысты жағдайды мәлімдеп отырады. Қолының сұғанағы барға қиын болғалы тұр. Саусағыңның ұшы тисе, сол мезетте дабыл қағып, аяғынан тік тұрғызады. Ал, тұтынушыларға арнайы паспорт берілген. Олар сондағы кодты теру немесе QR кодка телефонды тосу арқылы қанша электр қуатын жұмсағанын, қажетті төлемді біле алады.
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ