Күрделі жөндеу күрмеулі мәселені шешеді
Әлемдік пандемия білім саласындағы көптеген жобаны тұралатқаны белгілі. Алайда індеттің салқыны еліміздегі білім ошақтарын салу, күрделі жөндеуден өткізу төңірегіндегі межелі жоспарға кедергісін келтірмеді. Аймағымызда жыл басынан бері бірнеше жаңа мектеп құрылысы жүргізіліп, жаңартуды қажет ететін білім ошақтары жөндеуден өтуде. Осыған орай, БАҚ өкілдері қала көлеміндегі мемлекеттік бағдарламалар аясында жөндеуден өткізіліп жатқан білім нысандарымен танысты.
Баспасөз туры шаһар орталығындағы Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейінен бастау алды. Білім нысаны мемлекеттік бағдарлама аясында күрделі жөндеуден өтуде. Мұнда мектептің шатыры, фасады, терезелері, ішкі-сыртқы қабырғалары мен едендері және есіктері, кәріз жүйелері жаңалануда. Мердігер мекеме «Иман» ЖШС-нің басшылығы межелі мерзімге дейін пайдалануға бермек.
– Мектепке күрделі жөндеу жұмысын жүргізу мамыр-қазан айларына жоспарланған. Алайда қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, құрылыс қарқынын жеделдету жұмысы қолға алынды. Бүгінде 70-ке жуық адам уақытша жұмысқа орналасты. Бөлінген қаржыны толық игеріп, жұмыс сапасын арттыруға мән беріледі, – деді мердігер мекеме өкілі Ерболат Орынбасарұлы.
Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген тағы бір білім ордасы – Ақсуат ауылдық округіндегі №143 орта мектеп. Бүгінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы білім нысанына күрделі жөндеу жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Мұнайқұрылыс» көпсалалы құрылыс фирмасы» ЖШС. Қазіргі таңда үш айға межеленген құрылыс жұмысы бітуге жақын.
Жаңарған балабақша
Мемлекеттік бағдарлама аясында мектептен бөлек, балабақша нысандарын жөндеу де назарға алынып келеді. Мәселен, БАҚ өкілдері табан тіреген кезекті нысан — Белкөл кентіндегі «Балапан» балабақшасына «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы арқылы күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге 51 млн теңге бөлінген. Тиісті қаржы уақытылы игерілсе, бөбекжайдың келбетіне сән кірмек.
– «Балапан» балабақшасы кенттегі негізгі бөбекжай саналады. Бала сыйымдылығы 140 орынға шақталған. Жөндеу жұмысы аяқталған соң қосымша 20 балаға арналған екі топ қосу жоспарлануда. Бүгінде құрылыс жұмысының 65 проценті аяқталды десек болады. Мердігер мекеме жоспарға сай бітіреді деген ойдамыз, – деді Белкөл кентінің әкімі Ардақ Ибрагимов.
Биыл «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы арқылы қала көлемінде №43,112,173 мектеп пен «Жұлдыз» балабақшасы қайта жаңғыртудан өтіп, Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп-лицей мен Белкөл кентіндегі «Балапан» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жоба аясында 523 жұмыс орны ашылған.
Бұдан бөлек, білім беру саласындағы жағымды жаңалық саналған «Бәйтерек» шағын ауданынан 600 орындық мектеп пен «Саяхат», «Сырдария» мөлтек аудандарында жеке инвестор қаржысымен 800 орындық 2 жеке мектеп құрылысы ел көңіліне демеу болуда.
Айта кетейік, жаңа оқу жылында қаладағы 50 мектеп қашықтан оқыту форматында, ауылдық 4 мектеп санитарлық талаптарды сақтай отыра дәстүрлі оқытуға көшпек. Сонымен қатар, ата-ана өтініші негізінде бастауыш сынып оқушыларының кезекші сыныбы ашылса, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жөндеу жүріп жатқан 2 білім нысаны кезекші сыныптарға 2-тоқсаннан бастап қабылдайды деп жоспарланған.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ