Қызылордада бірнеше жолақты үлкен жолдарға ерекше жол белгілері қойыла бастады
Енді жаяу жүргінші жолағы арқылы көшеден өту үшін тұрғындар жарыққа шағылысатын таяқшаларды пайдалана алады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл әсіресе, күн қарайған сәтте жолдан өтуге қиналатын оқушылар мен балалардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Бұл Қызылорда қаласындағы ең үлкен даңғылдардың бірі. 6 жолақты жол бойында арлы-берлі ағылған көлік көп. Халыққа түрлі қызмет көрсететін нысандарды айтпағанда, бірнеше мектеп пен балабақша да осы жолдың бойында орналасқан. Сондықтан күнделікті күйбеңдегілердің де нөпірі аз емес. Бастауышта оқитын баласын жетектеген Бағила да күн сайын осы жерден жолды кесіп өтеді. Көше қанша жарықтандырылғанмен, кейбір темір тұлпар тізгіншілері жаяу жүргінші жолағының үстінде келе жатқан адамдарды байқамай қалатынын айтады. Жарыққа шағылысатын таяқшалар осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін қойылып отыр.
Бағила Ахметова, қала тұрғыны:
– Жолдан өткен кезде, әсіресе түнгі уақытта өте тиімді нәрсе екен. Қараңғыда кейде көліктер көрмей қалатын жағдайда осы құрылғы арқылы өтіп жатырмыз.
Мұнан бөлек, полицейлер жарыққа шағылысатын элементтерді балалардың сөмкелері мен киімдеріне тағу тәжірибесін де кеңінен қолданған жөндеп кеңес береді. Өйткені көлікпен адам қағу деректері көбіне түн мезгілінде орын алады екен.
Ахан Пазылов, облыстық полиция департаменті әпб бастығы:
– Ағымдағы жылы облыс көлемінде балалардың қатысуымен 41 жол-көлік оқиғасы орын алып, онда 5 жасөспірім қайтыс болып, 43-і түрлі дене жарақаттарын алған. Аталған жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі түнгі мезгілде орын алған. Мамандар 130 метр қашықтан анық көрінетін бұл таяқшаларды әзірге тәжіребиеден өткізуде. Егер нәтижесін берер болса, Қызылорда өңірімен қатар, еліміздің барлық аймақтарына енгізу ұсынылмақ.