Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ұлы даланың қос данышпаны

Ұлы даланың қос данышпаны

Қос ғұлама Абай мен Әл-Фарабидің таным үйлесімі, идея сабақтастығы ғылым үшін тартыс пен тылсымға толы сала екені жасырын емес. Өмір сүрген дәуір алшақтығы болмаса, екеуіне тән ортақ құндылық, болмыс ерекшелігінен ұлы дала перзенттерінің рух үндестігінде болғанын аңғару қиын емес. Сондықтан, осы тақырыпта көптеген зерттеу жарыққа шығуда. Соның бірі мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтахановтың «Үндестік пен үйлесім» атты еңбегі. Ізденімпаз ғалымның ілкі қадамы қос тұлғаның танымын дөп басады деген ниетпен шығарманың ықшамдалған нұсқасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Арабтық-мұсылмандық Шығыс мәде­ниеті – бұл әл-Фараби мен Абай үшін бірдей рухани бастау, олардың ара­сын жалғастыратын арқау, үндестік. Әл-Фарабидің философиялық ой-тұжырым­дарының бастауы адамдардың жан-дүние үндестігінен, әдемілік пен сұлулықтан, қайырымдылықтан, әділдік пен бақыттан басталса, Абайдың философиялық тұжы­рымдамасы өз бастауын адамды бағалау, оның бақыты мен адамдық болмысының мәнін қарастырудан тұрады. Абай мен Фарабидің үндестігін сөз еткенде, ең алдымен, екі ойшылға ортақ «жан қуаты» немесе Абайша айтқанда «өзін таны­мақтық» жайындағы көзқарасына назар аудару қажет. «Жан қуаты» жөніндегі философиялық ілімнің алғашқы қадамы сонау ерте заман философтарынан бастау алса, оны өз заманында ғылыми жүйеге түсіріп, қалыптастырған әл-Фараби бабамыз. Бұл ілімге қазақ топырағында алғаш Фараби бойласа, әрі қарай оның ізін жалғаған Абай болды. Әл-Фарабидің еңбектерінде «жан қуаты» жөнінде қол­данған ұғымдар Абайдың 7,27,43-ші қара сөздерінде жиі қайталанады.
Әл-Фараби мен Абайдың жердің жаратылуы туралы ойлары, түсініктері де үндес. Әл-Фараби өзінің математикалық трактаттарында «8» санына баса назар аударған болса, Абай «Сегізаяқты» жазған. Әл-Фарабидің «Әрбір адамның әлемде өз орны бар» деген тұжырымын Абай «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан» деп әрбір адам баласының өмірде өзінің орны барын айтып өткен. Идеялардың мұндай өзектестігін әрі қарай да жалғастыра беруге болады. Абай атамыздың қара сөздерінде Фараби айтқан ойлар көрініс тауып отырады. Біріншіден, Абай жан, ой, дін, ынсап, ләззат, ақыл, түйсік, ғылым, білім, құмарлық, еңбек, талап, ұят, ар, намыс, махаббат, қайрат, ашу-ыза, қуат, т.б. философиялық категорияларды терең зерттеп, мән-мағынасын айқындап көрсеткен. Сол себепті де, Абайдың қара сөздерін философиялық трактат деп айтуға болады. Екіншіден, Абай Фарабиден кейін, арада мың жыл өткен соң қазақ топырағында Сократ, Платон, Аристотель, Аристодем еңбектерін терең оқып, өзінің ой-тұжырымдарын жасай білген.
Ұлы ойшылдарымыз Фараби мен Абай­дың рухани әлемі – ерекше бір тылсым дү­ние, олардың негізгі зерттеу объектісі – адам. Адамның эстетикалық, этикалық кел­беттері, армандары мен мақсаттары, өмір­лерінің мәні, болмысы мен ұлттық ойлау ерекшеліктері ұлы ойшылдарды терең тебіреністерге түсірген. Өйткені, адам мәселесі, олардың өзара қарым-қатынасы, өмірі мен тұрмысының мәні философияның негізгі өзегін құрайды. Дана Абай адам проблемасының қоғамдық, рухани, этикалық, эстетикалық тұстарына жан-жақты қарайды. Ал, бұл мәселелердің бір-бірімен тығыз байланысты екендігіне ешқандай күмән жоқ. Абай адам табиғатын этикалық түрғыда қарай отырып, оның тұтас алғандағы кісілік қалпын, ұжданды, «сегіз қырлы, бір сырлы» сырбаз адам, яғни кемеліне жеткен «толық адам» ретінде көрсетеді. «...Адам деген даңқым бар» дейді Абай. Сол арқылы ол неден қашық, неге асық болу керек екеніне тоқталып, жақсылық пен жамандықтың, көкірек көзі ашықтық пен надандықтың шынайы мәнін ашып береді.
Әл-Фараби «Ақыл-парасат күші – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы мен жаманды ажыратуына көмектесетін күш» деп ескертеді. Ол өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты философиялық трактатында «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп, «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес» дейді. Әл-Фарабидің «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» жөніндегі философиялық ой-пікірлері Абайдың он жетінші сөзінде өзінің толық жалғасын табады. Абайдың осы сөзінде «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» үшеуі әрқайсысы өзін мықты санап, айтысып, таласып, ақыры «Ғылымға» келіп жүгінеді. Сонда «Ғылым» бұл үшеуіңнің де айтқандарың рас, үшеуің де қажетсің: «Ей, Қайрат, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаталдығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман» дейді. Бұдан кейін «Ғылым» «Ақылға»: «Жаратқан тәңіріні де сен танытасың. Жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ, сонымен тұрмайсың, амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның – екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүресің, соның жаман» депті. Бұдан кейін Абай «осы үшеуің басыңды қос, бәрін де «Жүрекке» билет, – деп ұқтырып айтушының аты «ғылым» екен. – Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен «Жүректі» жақтадым. Құдайшылық сонда: қалпыңды таза сақта, Құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы» – дейді. Абай өзінің он төртінші қара сөзінде де «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?» деп сұрақ қойып, соған өзі жауап берген. Оның жауабын талдасақ жүректі – адам ең мықты, батырдың – батыры, жүрекпен айтылған сөз – ең дұрыс сөз дейді. Сондықтан да әр уақытта жүрегімізді тыңдап, әр іс-әрекет алдында жүрегімізге үңілгеніміз дұрыс деген қорытындыға келеді.
Әл-Фараби мен Абай – қазақ топырағынан шыққан əлемдік деңгейдегі кемеңгерлер. Әл-Фарабиді таныған, Абайды терең түсінген ұрпақ өзінің ұлттық рухын жоғары ұстайды, қиын-қыстау кезеңдерден дұрыс жол тауып, еліміздің алға дамуына барынша үлес қосады.
Дайындаған Ерсін Шамшадин
08 қыркүйек 2020 ж. 289 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 428 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам