Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Отырардың ойшылы

Отырардың ойшылы

Отырар – "ғұламалар ұстаханасына" айналып, шығыс әлеміне небір айтулы тұлғаны сыйлаған мекен. Әр салада жетістікке жеткен ғалымдар да өз өлкесінің даңқын асырды, атағын жайды. Содан болар, тарихта Фараби есімі телінетін бізге мәлім, отыздан аса тұлға белгілі. Мұның сыры шаһардағы білім саласындағы бірізділік пен дәстүрлі таным ерекешелігі десек артық емес. Ал, соның ішінде әлемнің теңдесіз ғұламасы, ұлы ойшылы – Әбу Насыр Әл-Фараби екені сөзсіз.
Исламдық есім ерекшелігі тұлғаның әлеуметтік статусы мен мекен-тұрағынан толық мағұлмат ерекше артықшылыққа ие. Бұл – жеке бас куәлігінің балама түрі. Сондықтан, ғұламаның есім-сойына мән берсек, тұлғатануға жол ашылады: Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки. Яғни, Әл-Фарабидің Отырардан тумасы, түрік тайпасынан әрі дәулетті ортадан шыққанын аңғарамыз. Бұған есім-сойындағы "Әл-Фараби", "Тархан" сөзі дәлел. Алайда, ғұлама әлемге асыл тегімен емес, ақыл-кенімен танылған еді.

Аңыз шаһардан әлемге дейін
«Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі». Платонның Атлантидасы, Гомердің Троясы есепті Әл-Фараби де өзінің Отырарын аңызға айналдырды. Анығы, аңыз шаһар Фарабиден, Фараби ғажайып қаладан қуат алды. Бала күнінен ғылымға үйір ғалымға қаладағы атақты кітапхана үлкен мүмкіндік сыйлады. дүниетаным мен фундаментальды ғылым төңірегіндегі көзқарасының қалыптасыуына ықпал етті. Барлық мүмкіндік пен ресурсты пайдаланып, алғаш парсы, грек тіліндегі еңбектермен осында танысты. Ел асып, Бағдат барып ізденіс алды ғылым әлемін ашқан осы шаһар еді. Ал, зиялы қауым ортасы болса, ғұламаға өмірлік бағыт-бағдарын айқындауға жол ашты. Аңыз қаладағы таным Бұқара, Каирде білім алып, Мерв мектебінің дәстүрлері түсінігіне бойлай енген кезде өзіндік болмысты сақтауда ықпалы болғаны анық. Сондықтан, ғылым тұтқасын ұстаған ұстазға Отырар әлемінің маңызы зор.
Әл-Фарабиден кейін Отырардан ғалым да, ақын да, саясаткер де шықты. Барлығына ортақ ерекшелік – алғырлық пен ізденімпаздық. бұған қарап, қаладағы өркенеттің материалдық жетістігі ғана емес, білім беру жүйесі де озық болғанын аңғарамыз. Бұған әлемдегі атақты Отырар кітапханасының да септігі тигені анық
Осы сәтте айтылар сөздің кезегі келген соң, бір түйіткілді тарқата кетейік. Бүкіләлемдік ғылыми айналымға Отырар кітапханасы мифтік объекті санатында енген. Яғни, Александриядан кейінгі әлемдегі екінші кітапханана деген мақтан тек сөз жүзінде ғана мойындалып келеді. Оның себебі деректердің әлі толық зерттелмеуімен байланысты. Жазба деректе дәлелденіп немесе нақты орны көрсетілмесе, ғылым «болған екенді» көтермейді. Бүгінгі ғылым алдындағы басты міндет те осы – кітапхананы аңыз әлемнен тарихи шындыққа көшіру, орналасқан мекенін дөп басу. Сондықтан, бала Фарабидің танымын кеңіткен таңғажайып нысан әлі өз кезегін күтуде. Бір мысал:  
Немісте Генрих Шлиман деген ғалым өтті. Бар ғұмырын қиял мен аңсарға айналған Троя қаласының өмірде болған дәлелдеуге арнады. Ғалам оған: «бұл ізденіс сәтсіз, қиялдағы қала болуы мүмкін емес» деді. Ертегіге сенген аңқау деп кемсіткендер де болды. Алайда, археолог балалық арманынан бас тартпай, қиял құшағындағы қаланы табуға құлшына кірісті. Нәтижесінде, аңыз деп тұжырымдаған Гомердің қаласын Эгей теңізі жағасынан қазып алды. Атақ та, абырой да келді. Бастысы – бала арман орындалды.
Ал, бүгінгі буын аңыз айналған кітаптар мекенін қазаққа табыстауды арман етеді ме екен?!

Әлемнің екінші ұстазы
Әл-Фараби мұрасы – әлемдік ғылымның тарихи бастау көзі, салмақты бағдары. Мұны әлем де мойындады. Көрнекті ойшыл білім мен таным арқасында «Әлемнің екінші Ұстаз» атанып, ұлы ойшылдар санатына енді. Сонымен ғұламаны ерекшелейтін нендей еңбегі?
Бұл сауалға жауап табу үшін Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасына зер салған дұрыс. Ұлы ойшылдың 160-тан астам трактатындағы көзқарас ғылымның негізгі бағыттарын дамытуға ықпал етті. Ол математика, филология, химия, биология, астрономия, медицина, логика, құқықтану, музыка саласына өлшеусіз үлес қосты. Тіпті, ғылымдарды арифметикадан бастап, метафизикамен, яғни пәлсапамен аяқталатын жіктік категориясын дайындады. Мұндай ізденіс Әл-Фарабиге дейін ғылымда жүйеленбеген тәжірибе-тұғын. Бұл – ғылыми жаңалығының бір парасы.
Сонымен қатар, ғұламаның тағы бір ерекшелігі – грек ойшылы Аристотельмен таным сәйкестігі. Әл-Фараби Отырар кітапханасынан танысқан түпнұсқадағы "Категориялар", "Метафизика", "Герменевтика", "Риторика", "Поэтика" еңбектеріне түсініктеме жазуға әуестенді. Ерте жасынан жетілген полиглоттық қабілетінің арқасында бұл қадам ғалымға аса қиындық тудырмады әрі философиялық тәпсір дереккөздің сапасынан кем түспеді. Батыстың Отырардың ойшылына мән беруінің сыры, шығармаларын талдауға құмарлығының мәні осында жатыр.
Алайда, Әл-Фарабиді түсініктемелік еңбек қанағаттандырмады. Ол өзі сол еңбектердің баламасын, мәндес шығарма жазуға кірісті. Кейінннен Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамытып, өз тарапынан да “Кемеңгерлік меруерті”, “Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы”, “Мәселелердің түп мазмұны”, “Ғалымдардың шығуы”, “Бақытқа жету”, “Азаматтық саясат”, “Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері” сияқты көптеген философиялық еңбектер жазған. Маңыздысы – мұндай көлемдегі қоғам, мемлекет, адамдардың қатынасы туралы толыққанды пайым ислам өркениетінде болған емес! Шығыс үшін қадірі осы тұс.
Ұлы ойшылдың еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызға ие. Оның еңбектері еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті. Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарған данышпан.

Қайырлы қоғам – қайырымды қала
Әл-Фарабиден бізге жеткен ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі әрі гумандық түсінікте бәсі биігі – "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат". Әрине, “Музыка туралы үлкен трактат” еңбегі де ғажайып туынды, әлем елдері қызғыштай қорғайтын асыл мұра. Алайда, алғашқы шығармада бүгінгі қоғам мұқтаж моральдық қажеттілік пен ішкі болмыс  сөз болады. Сондықтан, соны талқылау маңыздырақ...
«Қайырымды қалада тек ізгі жандар өмір сүреді. Және бұл жекелей даритын қасиет емес, бүтін қала қауымына ортақ құндылық». Шығарма өзегі осы сарында. Бір көз жүгірткенге, қарапайым гумандық мәтін есебінде қабылдануы мүмкін. Алайда, шын мәнінде арқалаған жүгі, артқан салмағы ауыр шығарма. «Әдеби жанрдың утопиялық тармағы, шығыстық баяндау үлгісі» деген секілді түсініктемеден гөрі, шығарманың ішкі мәніне тоқталу жөн секілді. Отырардың ойшылы қайырымды қаланы не үшін жазды? Өзінің баяндаған мінсіз қоғамын дәуірінен таба алды ма?
Бақыт туралы бәріміз ойлаймыз. Адамның бақытқа кенелуі түсінікті, ал бүтін қоғамның қуанышта өмір сүруі үшін қандай қағида қажет? Әл-Фараби бұған өзіндік алгоритм ұсынады. Оған сәйкес, білім мен ізгілік ажырамас бірлікте болған кезде ғана ізгі қоғам орнайды. Әрбір тұрғыны бақытқа қол жеткізуге ұмтылған ізгі жандар ғана кемел­денген қоғам құрады. Кемеңгер сөзімен айтсақ: «...тек халықтардың бірігуі және өзара көмегі арқылы ғана бақытқа жетуге болады...».
Сонымен қатар, басқарушыға қажетті 12 қасиетті де тізіп өтеді. Оның ішінде, бүгінгі мемлекеттік қызмет этикасына аса қажетті моралдық құндылықтар да көрініс береді. Яғни, «Шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік-жалған, суайттарды жек көріп, аулақ жүру өзімізге жақсы», «Әйтеуір бір заттың кішкене ғана белгісін байқаған заматта сол белгінің ишаратын іліп әкетерліктей алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуға міндетті», «Оның жаны жаратылысынан пасық істердің бәрінен жоғары болып, жаратылысынан игі істерге ынтызар болса, келешек қызмет жолында зор көмегі тиері сөзсіз» деген тұжырым жасайды.
 Әл-Фарабидің «қайырымды қоғам» туралы ілімі өзінен кейінгі қоғамға, ғылыми ортаға үлкен толқыныс әкелді. Еуропаның осы мәндес ен құнды утопиялық шығармасы саналатын Томас Мордың атақты «Утопия»-сы 6 ғасыр кейін жазылды. Сол себепті ол ұсынған өркениеттер арасындағы диалог пен әріптестік қағидалары заманауи саясаттану, әлеуметтану, этика ғылымның өркендеуіне сеп болды деп айтуға негіз бар.
Алайда, мені ойландыратыны – ғұлама дәуірінде қиялындағы ізгі қаланы таба алды ма? Ол, мүмкін, идеалды қоғамды құруды емес, өзі өмір сүрген, балалығының айнасы болған Отырар мекенінің моделін баяндаған болса ше?!. Мүмкін, шындығында, ғұламаның кемел қоғамы, ізгі қаласының прототипі Отырар шығар? Себебі, ғаламдық өркениет шыңына жетіп, өзіндік құндылықты қалыптастырған орта ғасырдағы түркі әлемінің болмысы Отырардың ойшылының қиялына сабақтас болу тегінен-тегін емес секілді.
Ерсін ШАМШАДИН
01 мамыр 2020 ж. 1 065 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 532 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам